Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков “Алаш”, “Бекжан” базарлары маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдерінің құрылысымен танысты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Темірлан тас жолы және А-2 автожолы арқылы өтетін жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің техникалық-экономикалық көрсеткішіне тоқталсақ, тоннель ұзындығы 46,5 метр, ені 6,1 метр, биіктігі – 2,65 метр. Бүгінде құрылыс жұмыстарының орындалуы 80 пайызды құрап отыр. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
“Бекжан” базары маңында А-2 автомобиль жолы арқылы өтетін жаяу жүргіншілер өткелі бойынша тоннель ұзындығы — 24 метр, ені 4 метр, биіктігі 2,5 метр құрайды. Жұмыстар 45 пайыз орындалған, осы жылы халық игілігіне беріледі.
Қала әкімі жауаптыларға өткелдер құрылысын сапалы әрі өз мерзімінде атқару бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.
Жер асты өткелдері жолаушыға да, жүргізушіге де тиімді. Бұл күн санап көлік ағыны күшейіп келе жатқан мегаполис жолдарындағы біраз мәселені шешеді. Көлік кептелісінің, жол-көлік оқиғаларының алдын алады.
Қалада былтыр, биыл көлік кептелісін азайту мақсатында ірі жобалар жүзеге асуда. Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысында жолайырық пайдалануға берілді. Биыл Арғынбеков пен Бәйдібек би көшелерінің қилысында тағы бір жолайырық тапсырылды. Алдағы жылдары осындай тағы бір жолайырық Сайрам мен Жібек жолы көшелерінің қиылысында салынуы тиіс.