Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков 1 қазан – халықаралық Қарттар күніне орай тыл ардагерлерінің шаңырақтарына барып, мерекелерімен құттықтады. Қазыналы қарияларға құрмет көрсеткен қала басшысы ақсақалдардың өсиетін тыңдап, ізгі тілегін жеткізді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
– Мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін еселі еңбек етуді сіздерден үлгі-өнеге еттік. Халқының тілеуін тілеп, ақ батасын берген өздеріңіздей қадірлі қарияларымыздың жол көрсетуімен өсіп-өніп келеміз. Ұрпақтар сабақтастығымен алған тәлім-тәрбиемізді өзімізден кейінгі буынға жеткізсек, үміттеріңізді ақтағанымыз болар. Әрдайым ортамызда аман жүріңіздер! – деді қала әкімі.
Қала басшысы құрмет көрсеткен Ағабек Сүгірәлиев қарияның Шымкент қаласының дамуына қосқан үлесі орасан. Ал Жолдыбай Еңдібаев ақсақал – елімізге еңбегі сіңген құрылысшы.
Арнайы құттықтау барысында қарияларға естелік сыйлықтар тарту етілді. Осынау құрмет-қошеметке ризашылықтарын білдірген ақсақалдар ақ батасын берді.
Айта кетері, Халықаралық қарттар күні 1991 жылдан бері 1 қазанда тойланып келеді. Елімізде жасына байланысты 2,3 млн зейнеткер тұрады. Қарттарды қолдау, оларға әлеуметтік қызмет көрсету деңгейін арттыру, қоғамдық өмірге тарту жөніндегі шаралар жүзеге асырылуда. Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақы мөлшері артуда.
Биыл барлық өңірлерде аға буынға қамқорлық, құрмет көрсетуге бағытталған қарттарды әлеуметтік қолдау айлығы өткізіледі. Облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері қарттарға біржолғы материалдық көмек көрсетеді. Елімізде 79 Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы ашылды. Олардың қызметі егде жастағы адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға, белсенді ұзақ өмір сүруді ынталандыруға, егде жастағы адамдарды тәуелсіздікпен қамтамасыз етуге, қоғам өміріне қатысуға бағытталған.