«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты
Қырандай күшті қанатты
Мен жастарға сенемін!»
М.Жұмабаев
Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығының ғимаратында «Мен сенемін жастарға» тақырыбында ұлттық құндылыққа негізделген тәлім семинары өтті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Зиянды әдеттердің салдарын түсіндіретін семинарға «Alem» мектебінің директоры, педагог-психолог Боранбек Алтынбек Срайылұлы, «Ізгілікте жарысайық» қайырымдылық қоғамдық қорының директоры Әмірхан Айдос пен қала жастары қатысты.
- Кешегі тарихта өткен батырлар мен қоғам қайраткерлерінің мақсаты жалғыз ғана болды. Өз шекарамызды тектеп, көгінде қыран самғаған елді сақтап қалу ғана болды. Бүгінде марқайа мақтан тұтатын ата-бабамыздың артында бейбіт елде бейқам өмір сүрудеміз. Ендігі мақсат – кешегі Мағжан Жұмабаев сенген жастарда. Ол үшін қоғамдағы зиянды дүниелермен күресіп, ел болашағын жарқын етуіміз қажет, - деді Алтынбек Срайлұлы.
Семинар барысында қоғамдағы түрлі заттар мен оның адам өміріне әкелер кері әсерлері жөнінде сөз етілді. Жиында Америкадан арнайы алып келген құрылғының көмегімен спирттік сусындар мен шылымның адам ағзасына қаншалықты зиян екені көрсетілді.
Жиын соңында жастарға тақырып аясында арнайы әзірленген видеоролик көрсетілді. Жастарды қоғамдағы келеңсіздіктерден, жат қылықтар мен зиянды әдеттерден сақтандыратын осындай тағылымы мол шаралар алдағы уақытта да жалғасады.