Шымкентке бір ай бойы республика өңірін аралап келе жатқан «Шахмат керуені» келді. 10 қыркүйекте жолға шыққан керуен бұған дейін Көкшетау, Қостанай, Петропавл, Қарағанды, Семейден бастап, 10 қаланы жүріп өтті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Керуеннің келуіне орай салтанатты шара өтіп, Қазақстан шахмат федерациясының Шымкент қаласындағы филиалы ашылды. Ал, арнайы тігілген мобильді киіз үйде гроссмейстермен бір мезеттік ойын сеансы, сондай-ақ «Шахмат керуенінің» жартылай финалы ұйымдастырылды.
Керуен идеясы саудамен қатар, елдердің мәдени және спорттық мұрасын әлемге танытқан Ұлы Жібек жолына негізделген. Freedom Broker бас серіктесінің қолдауымен жүзеге асып жатқан республикалық жоба – өңірлерде шахмат спортын кеңінен насихаттауды мақсат етіп отыр.
– Облыстық кезеңде оза шапқан I, II және III орын жеңімпаздарына 100 000, 50 000, 30 000 теңге көлемінде сыйақы беріледі. Сондай-ақ олар қараша айында Түркістанда өтетін гранд-финалға жолдама алады. Бас финалдың жүлде қоры – 5 000 000 теңге. Одан бөлек, әр жартылай финалдың 3 қатысушысы «Әйелдер арасындағы үздік нәтиже», «50 жастан жоғары үздік қатысушы» және «16 жасқа дейінгі үздік ойыншы» аталымдары бойынша марапатталып, ақшалай сертификаттарға ие болады, – деді Қазақстан шахмат федерациясының маркетинг директоры Ернұр Советқали.
Екі ай ішінде еліміздің 18 аймағын аралап жүріп, турнир өткізіп шығатын автокеруен қарашада Түркістан қаласында ойынды қорытындыламақ . Айта кетейік, елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясы бар. Онда 253 мыңнан астам адам интеллектуалды спорт түрін меңгеріп жатыр.