Сегізінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында «AMANAT» партиясының бірқатар депутаттары дендросаябаққа қатысты мәселелерді көтерді. Бұл туралы «Аманат» партиясы Шымкент қалалық филиалының Атқарушы хатшысы Жанар Бектаева әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
-Шымкенттіктер мен қала қонақтары таза ауамен тыныстап, жасыл желекте демалу үшін аты аталған баққа асығады. Өзім де осы мекенге жиі келетіндіктен, көзге оттай басылатын кемшіліктерге тоқталғым келіп тұр. Ең әуелі саябақ қақпасындағы төлем жүйесінің қолайсыздығы келушілерге ыңғайсыздық тудыратыны анық. Дендросаябаққа кіру құны 35 теңге. Бүгінде көпшілігіміз электрондық аударымдарға үйреніп, ұсақ ақша қалтамыздан әркез табыла бермейтіні де жасырын емес. Ал аударымды 100 теңгеден кем жасауға болмайды. Міне, осындай кезде QR code арқылы төлем жасау жүйесін неге қарастырмайды деген ой келеді. Әрмен қарай бақты араласаңыз шіріген ағаштар, біраздан бері тазаланбаған аумақтарды көріп қынжыласың. Бұл мекемеде 180- ге жуық адам жұмыс істейді екен. Осыншама адам жүріп, болмашы кемшіліктердің өзін қалай байқамауға болады?! Жалпы еліміз бойынша екі дендросаябақ болса, соның ең алғашқысы Шымкенттегі саябақ. Бұл мекен 1979 жылы орталық қоқыс үйіндісінің орнына тұрғызылған болатын. Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Асанбай Асқаровтың бастамасымен бой көтерген жасыл желек 90 жылдары қараусыз қалып, 2009 жылы қайта қолға алынды. Алдағы уақытта қала әкімі өңірімізге көрік беріп тұрған, тұрғындардың сүйікті мекеніне айналған дендросаябақтың гүлденіп, дамуын басты назарға алады деп сенемін. Сондай-ақ, қала тұрғындары да саябақта тазалық ережелерін сақтап, мақтанышымызға айналған жасыл желекке жанашырлықпен қараса екен деймін,-деп жазды Атқарушы хатшы.