"Ақ жол" ҚДП Шымкент қалалық филиалының төрағасы Ержан Усентаев пен қалалық мәслихаттың депутаттары Ноян Төлегенов, Мұхтар Шимиров, Исламбек Тулебаев пен Дулат Куашбаев қаладағы "Болашақ" колледжінің студенттері мен оқытушыларымен кездесті. Бұл туралы партия филиалының ресми сайты хабарлады.
Басқосуда алғашқы сөз алған партияның қалалық филиалының төрағасы Ержан Усентаев «Ақ жол» демпартиясының депутаттары 2007 жылдан бастап Тәуелсіз Қазақстанның парламенттік мінбесінен Алаш ұстанымдарын мемлекеттік деңгейде көтеріп келе жатқаның сөзге тиек етіп, партияның «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» атты Жалпыұлттық дәстүрлі байқауы жарияланғаны туралы хабардар етті. Ал "Ақ жол" депутаттық фракциясының жетекшісі Ноян Төлегенов жастарды байқаудың басты мақсаты мен шарттарымен таныстырды.
Сонымен қатар халық қалаулылары Исламбек Тулебаев пен Мұхтар Шимиров Алаш көсемдерінің тарихи еңбектерін әнгіме етіп, байқау жұмыстары 2023 жылдың 30 қазанына дейін қабылданатынына назарларын аударып, студенттерді шетте қалмауға шақырды. Сондай-ақ, "Ақ жол" ҚДП сайланған, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, "Болашақ" колледжінің директоры Дулат Саттарұлы Куашбаев, сайыста жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар берілетіндігі туралы айтып, студенттерді байқауға белсенді қатысуға шақырды. Сонымен қатар, жастарды ынтасын арттыру мақсатында, жүлдегерлерге колледж атынан қосымша қомақты қаржылай сыйлықтар берілетіндігі туралы хабардар етті. Бұдан басқа, Д.Куашбаев осындай байқауды биылдан бастап өз колледжімізде ұйымдастырып тұрайық деген ұсыныс жасады. Студенттер колледж директорының бастамасын қолдап, байқауға белсенді түрде қатысатындығын жеткізді.