Шымкенттегі Жастар ресурстық орталығының ғимаратында дініміз бен дәстүрімізді дәріптеу арқылы желідегі жұртшылықтың жүрегіне жол тауып жүрген Нұрлан Байжігітұлы шымкенттік жастармен еркін форматта сұхбаттасты. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникация орталығы хабарлады.
Теолог, дінтанушы, ұстаз Нұрлан қажы Байжігітұлы ұлттық руханият, салт-дәстүр, жастардың үлкен мен ата-ананы құрметтеу, лудомания сынды бағыттардағы тақырыптар аясында әңгіме өрбітті.
- Қазақ - қашан да үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен халық. Осы ұстаным негізінде бала мен ұлт тәрбиелеген. Үйден ата-ананың ақ батасынсыз қарыс жол аттамаған. Жолым ашылып, ойлаған ісім өрге дөңгелесін десеңіздер ең алдымен осы екі кісінің қадір-қасиетіне жете біліңіздер, - деп сөзін түйіндеді Нұрлан имам.
Кездесу соңында Нұрлан қажы жастарды толғандырған, маңызды әлеуметтік тақырыптар айналасындағы сұрақтарына жауап берді.
Айта кетейік, жуырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында халық арасындағы құмар ойынға тәуелділік мәселелері қарастырылды.
-Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды, – деді Президент.
Президент осы жаман әдетке, әсіресе, жастар әуес екеніне назар аударып, мемлекеттік органдарға азаматтардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.
-Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс, – деді Президент. Осыған байланысты Мемлекет басшысы салалық министрліктерге нақты міндеттер жүктеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелді азаматтардың қатысы бар қылмыстар көбейгеніне құқық қорғау органдарының назарын аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізіп, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдау жөнінде тапсырма берген болатын.