Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала. Себебі мегаполисте инвесторларға қажетті барлық жағдайлар жасалған. Индустриалдық аймақтарда өз жобаларын жүзеге асырғысы келген инвесторлар үшін мүмкіндіктер мол. Аймаққа барлық инфрақұрылымдар тартылған. Мұндағы кәсіпорындарға салықтық жеңілдіктер де қарастырылған.
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жуырда АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дэниел Розенблюммен кездесті. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тараптар екіжақты ынтымақтастықты арттырудың тетіктерін қарастырып, болашақ инвестициялық жобаларды талқылады. Шетелдіктер туризм, мәдениет, ауылшаруашылығы салаларын дамытуда инвестициялық жобалар ұсынуда.
«Инвестиция тарту - қаланы дамытуда маңызды бағыттардың бірі. Мемлекеттік қолдау шаралары аясында біз американдық капиталдың қатысуымен бірқатар жобаларды жүзеге асыруға дайынбыз. Қаламызда 4 өнеркәсіптік аймақ жұмыс істейді. Инвестициялық алаңдарда барлық жағдайлар жасалған. Сіздермен бірлескен жұмыстың нәтижесінде екі елдің бизнесінің игілігі үшін жаңа жобалар іске асырылады деген сенімдемін», - деді қала әкімі.
Екі ел арасында түрлі бағыттағы қарым-қатынастарға негізделген стратегиялық серіктестік орнатылған. АҚШ ел экономикасының ірі инвесторы болып табылады.
Бүгінде Шымкентте американдық капиталдың қатысуымен 10 заңды тұлға, филиал тіркелген. Шетелдік компаниялар өңдеу өнеркәсібі, көтерме және бөлшек сауда, ақпараттық байланыс салаларында жұмыс істейді.