Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков "Жайлы мектеп" ұлттық жоба аясында Нұршуақ елдімекенінде салынып жатқан 2 мың орындық мектептің жобасымен танысып, жұмыс барысын тексерді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазір білім ғимаратын салуға елдімекен аумағынан 4,2 гектар жер телімі бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жобаға сәйкес заманауи талапқа сай бой көтеретін білім нысаны 2024 жылы пайдалануға беріледі.
Қала әкімі жауаптыларға ұлттық жоба аясында салынатын мектептердің, ең алдымен, оқушылар қауіпсіздігін қамтып, өскелең ұрпақтың жайлы жағдайда білім алуына қажетті шараның барлығын ескеру бойынша бірқатар тапсырма жүктеді.
Сонымен қатар, "Жайлы мектеп" пилоттық ұлттық жобасы аясында қалада 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектеп салу жоспарлануда.
Жобаға сәйкес жыл соңына дейін 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы бекітілген. Келесі жылы 10 700 орындық 6 мектеп салу жоспарланып отыр.
Шымкент қалалық білім басқармасының мәліметі бойынша Шымкентте былтыр 46 мектеп пайдалауға берілді. Оның 5-і мемлекеттік, 41-і жекеменшік мектептер. Ал, 2023 жылы 21 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымда оқытатын 3 мектеп мәселесі толығымен шешімін тапты. Сонымен қатар 13 мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы (ЖСҚ) дайындалды. 2023 жылы 500 орындық Оқушылар сарайы және 150 орындық Саз мектебі пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда Тұран шағын ауданында 500 орындық 1 оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Одан бөлек, 1 колледжге 300 орындық қосымша құрылыс жүргізіліп, 2023 жылы пайдалануға берілетін болады. Ал 9 мекеме ғимараты күрделі жөндеуден өтуде, 4 мектепке спорт алаңшасы орнатылды.