Шымкент қаласы әкімі Ғабит Сыздықбековтің әкімдік ғимаратында кезекті бірыңғай қабылдау күні өтті. Қала басшысының тікелей қабылдауына алдын ала 50 азамат жазылды. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қала әкімі жеке қабылдауға жазылған әр тұрғынның мәселесін мұқият тыңдап, тиісті басшыларға нақты тапсырмалар берді. Оған қоса, қала басшысы бұқараның өтініш-тілектерінің ешбірі ескерусіз қалмайтынын айтып, бәрі заң аясында шешілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, әкім орынбасарлары, аудан әкімдері, департамент пен басқарма басшылары тұрғындардың арыз-шағымына назар аударып, тиімді шешу жолдарын айтты. Ал күрделі әрі шешімін табу үшін ұзақ мерзімді қажет ететін мәселелер әкім орынбасарларының бақылауында болатынын түсіндірді.
Кезекті бірыңғай қабылдау күнінде баспанамен қамту, жер телімін бөлу және әлеуметтік мәселелер көп көтерілді. Жалпы, 300-ге жуық азаматтың өтініш-тілегі тыңдалды.
Айта кетері, аталған шара Президент Қасым-Жомарт Тоқөаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асуда. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.
- Қандай да бір қоғам өркендеп дамуы үшін араларында диалогтың болу маңызды. Бір-бірінің пікірімен, көзқарасымен санаспаған, тыңдамаған, естімеген елдің ертеңі бұлыңғыр. Оны тарих талай дәлелдеді. Халық билікке, билік халыққа арқа сүйегенде ғана болашақтың таңы арайлап атады,-деп жазған болатын Президент өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында.