Шымкенттегі Тұран ауданына қарасты Қазығұрт ықшам ауданындағы № 66 жалпы білім беретін мектеп ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
3 қабатты нысанның құрылыс жұмыстары 86 пайызға орындалған. Бұған қала әкімі Ғабит Сыздықбеков білім ошағын аралау барысында көз жеткізді.
Құрылыс жұмыстары биыл мамыр айында басталды. Іргетасы осыдан отыз жыл бұрын қаланған ғимарат 1 260 орынға лайықтап салынған болатын. Оқушы саны бүгінде екі мыңнан асты. Олар күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталғанша, үш мектепке бөлініп, дәріске барып жүр.
Аталған білім ұясының жай-күйімен танысқан қала әкімі тиісті басқарма басшыларына мердігерлердің жауапкершілігін арттыра отырып, ең алдымен, сапаға көңіл бөлу қажеттігін тапсырды.
Айтып өтейік, мектептің құрылыс жұмыстары желтоқсан айының ортасына қарай толық аяқталып, пайдалануға беріледі.
Айта кетері, Шымкентте былтыр 46 мектеп пайдалауға берілді. Оның 5-і мемлекеттік, 41-і жекеменшік мектептер. Ал, 2023 жылы 21 мектеп пайдалануға берілді. Нәтижесінде, үш ауысымда оқытатын 3 мектеп мәселесі толығымен шешімін тапты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 28 000 орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда 2023 жылы 17 300 орындық 12 мектептің құрылысы басталды