Шымкент қаласы әкімдігінің Ақпараттық-коммуникациялық орталығында қаламыздың білім деңгейін халықаралық додаларда көрсетіп жүрген оқушылардың және олардың жетекшілерінің қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Баспасөз мәжілісінде қалалық «Дарын» орталығының директоры Раушан Омарханқызы Жеренова қаламыздағы білім беру мекемелерінен дарынды оқушыларымызға көптеген мүмкіндіктер бар екендігін айтты. Жыл сайын қаламызда түрлі пәндік, ғылыми және зияткерлік конкурстар, халықаралық олимпиадаларға 70000-нан астам оқушы қатысуда. Пәндік олимпиадалар 4 кезеңнен тұрады. Мектепшілік, аудандық, қалалық және республикалық кезең. Пәндік олимпиадалар жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша өтеді.
Раушан Омарханқызының айтуынша, дарынды балаларды қолдау, дамыту және әлеуметтендіру өте маңызды. Соңғы көрсеткіштерге сәйкес Шымкент қаласының олимпиадалық командасы халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының ең үздік олимпиадалық командасы болып танылған. Бұл қаланың басты жетістігі мен мақтанышы. Биыл республиканың құрама командасының қоржынына Шымкент қаласының 9 оқушысы 2 алтын, 5 күміс, 2 қола медаль салды.
«Басқа елдердің оқушыларымен бәсекелесу өте қызықты, маған математикадан есептерді шешу өте ұнайды, өйткені оларды әртүрлі елдердің үздік жетекшілері құрастырады. Әдетте, барлық тапсырмалар күрделігіне қарай тәртіппен жүреді. Үшінші категорияны шешу ең қызықты, олар креативті болады. Олимпиадаларда мен жауапкершілікті сезінемін, өйткені мен өз елімді, Қазақстанды таныстырамын», - деді 2023 жылы Белград қаласында өткен Еуропалық ЕgeO олимпиадасының күміс медаль иегері Серікбай Қанат Асхатұлы.