Мемлекет басшысы жақында өткен Республикалық педагогтар съезінде сөйлеген сөзінде білім ошақтарында қылмыстық психологияның таралуы секілді келеңсіздікті түбірімен жою керектігін атап өтті.
Осы мақсатта Шымкент қалалық жастар-ресурстық орталығында полиция департаментінің бастығы Думан Таевтың бастамасымен кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша кеңес өтті. Бұл туралы Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жиналысқа қаладағы 195 оқу орнының басшылары, әкімнің бірінші орынбасары Қуаныш Асылов, қалалық мәслихат депутаттары Ерғали Білісбеков пен Мұрат Жолдыхожаев, сондай-ақ білім басқармасының, цифрландыру басқармасының, прокуратураның басшылығы, полиция қызметкерлері мен күзет агенттіктерінің өкілдері қатысты.
Кездесуде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ оларға қатысты жасалған құқық бұзушылықтардың жолын кесу мәселелері талқыланды.
Мегаполистің бас полицейінің айтуынша, қаладағы білім беру мекемелеріне 325 қызметкер бекітілген, оның ішінде ювеналды полицейлер, учаскелік инспекторлар мен жедел уәкілдер бар. Оқушылардың қауіпсіздігі үшін осы ғимараттарда 2618 бейнебақылау камерасы орнатылған. Барлық мектептер полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.
Думан Ашкенұлы жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық статистикасына да тоқталды. Айта кетейік, бүгінгі таңда ҚР ӘҚБтК-нің 442-бабы бойынша көшеде түнгі уақытта болған кәмелетке толмағандардың 5 мыңнан астам заңды өкілі жауапкершілікке тартылған.
Полиция генерал-майоры оқушылармен, колледж студенттерімен және ата-аналармен құқықтық сауаттылығын арттыру үшін түсіндіру іс-шараларын өткізудің маңыздылығын ескертті. Тәртіп сақшылары ағымдағы жылы оқушылар үшін үш жүзден астам профилактикалық сабақ өткізгенін де атап өтті.
Кездесу соңында қатысушылар бірлескен жұмыстың тиімділігі мен нәтижесіне зор сенім білдірді.