«Ажырық» қойылымы нашақорлық тақырыбын қозғайды

3.jpg 

 Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында жазушы-драматург О.Қожамбердиевтің «Ажырық» драмасы сахналанды. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады. 

Қойылымда қазіргі қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі – нашақорлық тақырыбы көтерілген. Өскелең ұрпаққа ішімдік, темекі, есірткінің адам баласына тигізетін залалын түсіндіріп, одан аулақ болуды көрсету мақсатында сахналанған қойылымның премьерасын М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның оқушылары ерекше ықыласпен тамашалады. Қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Самат Алтайдың айтуынша, шаһардың жасөспірімдерін толық қамту үшін қаладағы барлық білім ұйымы шақырылған. Алдағы бір айда спектакль өз көрермендерін күтеді.

–Ажырық шөбі табиғатта жемістің өсуін тоқтатады. Тамырына оралып, өсім бермейді. Сол секілді есірткі де адам өмірін өксітеді, ажал құштырады. Жасыратыны жоқ, нашақорлыққа көбінесе жастар шалдығады. Жастар арасындағы есірткіге әуестік білместіктен басталады. Өз іс-әрекетінің салдарын дұрыс болжамау, жан-дүние, мінез-құлық пен дүниетанымның толық қалыптаспағандығы, иланғыштық, еліктеушілік — алғаш рет ішімдік пен есірткінің дәмін көруді тудыратын себептер. Ғасыр дертіне айналған есірткі және оны тұтынудан аулақ болу, кеселдің алдын алу қоғамды толғандырып отыр. Ол бір адамның ғана емес, бүтін мемлекеттің қайғысы. Қойылым арқылы балалар нашақорлықтың шын мәнінде қоғам үшін, отбасы үшін зардабы зор екенін түсінсе, біздің еңбегіміздің ақталғаны, – деді С. Алтай.

Оқушыларды айықпас дертке душар етудің алдын алуға, күресуге, салауатты өмір салтын насихаттауға шақырған қойылымда басты кейіпкер ауылдан қалаға арман қуып келіп, есірткі тасымалдаушылардың тұзағына түсіп қалады. Қойылым барысында есірткі тасымалдаушылардың жасөспірімдерді алдап-арбау арқылы уысына түсіретіндігін кейіпкерлер жоғары деңгейде жеткізе білген. Театр ұжымы кейіпкердің тағдыры немен аяқталатынын көріп, ой түюге барша көрермендерін шақырады.

Айта кетейік, «Ажырық» драмасы Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрында бір ай бойы сахналанбақ. Қойылымның режиссері – Қажыбай Айтибаев. Режиссердің қойылымдары жоғары бағаланып, республикалық, халықаралық театр фестивальдерінің жеңімпазы атанған.


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • «Жеті жарғы» Мәртөебедегі мәслихатта қабылданды
  • «Мамыр өте Мәртөбеге кел!»
  • Шымкент инвесторлар үшін тартымды қала
  • Үшінші мегаполисте тауар қоры жеткілікті
  • Шымкентте заманауи өрт сөндіру депосы пайдалануға берілді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер