Шымкенттегі іргелі оқу ордасы М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 80 жылдық мерейтойына орай аталған университетте салтанатты жиын өтті. Бұл туралы «Шымкент келбеті» басылымы хабарлады.
Аталған іс-шараға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары және т.б., қонақтар қатысты. Жиын алдымен Мұхтар Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды.
Ғылым және жоғары білім министрі университет ұжымының бүгінгі жетістіктерін атап өтіп, Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді.
—Мемлекеттің дамуы үшін ғылым мен жоғары білімнің орны айрықша. Сіздер осы жолда тынымсыз еңбек етіп, жас ұрпаққа үлгі болып келесіздер. 1943 жылы сұрапыл соғыстың кезеңінде негізі қаланған университет бүгінде әлемдік нарықта сұранысқа ие бірегей білім ордасына, отандық университтердің көшбасшысына айналуда. Бұл әрине, ұжымның, ондағы профессор-оқытушылар құрамы мен ғалымдардың қажырлы еңбегінің арқасында.
Университет алдына қойған стратегиялық мақсатты еш кедергісіз жүзеге асырып келеді. Сіздер дайындаған шәкірттер мен дарынды тұлғалар еліміздің әр түрлі салаларында қызмет атқарып, Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосуда. Университет ұжымының осы орайдағы бастамаларына толымды табыс тілеймін, - деді Саясат Нұрбек.
С.Нұрбек ҚР Үкіметінің қаулысымен оқу орнына зерттеу университеті мәртебесі берілгенін де атап өтті.
Қала әкімі тарихы тереңде жатқан оқу ордасының үжымын бүгінгі мерейтойымен құттықтап, ҚР Премьер-министрінің құттықтауын жеткізді.
Сондай-ақ, салтанатты жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты А.Қапбарова, Мәжіліс депутаты Мұқаш Ескендіров те оқу орнының қалыптасу кезеңдеріне тоқталып, іргелі білім ордасының ұжымына толағай табыстар тіледі.
Айта кетсек, М.Әуезов атындағы ОҚУ қазіргі таңда еліміздің ең ірі жоғары оқу орындарының біріне айналды. Мұнда 30 мыңға жуық шәкірт білім алып жатыр.
Салтанатты жиын одан әрі ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің, шетелдік оқу орындары ғалымдарының қатысуымен өтетін конференцияға және халықаралық форумға ұласты.