Еңбек адамының ерен еңбегі мен әрбір жетістігі елеусіз қалмайтыны анық. Әр үздік нәтиже мен қиын жұмыстың астарында бір адамның үздіксіз қызметі мен маңдай тері жатыр. Мамандықтар көп. Ал соның ішінде өнер адамының қашанда жөні бөлек саналған.
Ия, өнер адамының жұмысы өзгелерге оңай әрі керемет болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл салада еңбек бәрінен де маңызды. Себебі бір пайыз талант, 99 пайыз еңбек деп бекер айтылмаған.
Сахнаның сәніне айналған Роза Әмреқызының есімі шымкенттіктерге жақсы таныс. Ол – хор жетекшісі, дирижер. 1991 жылы «Еңбек ардагері», 1993 жылы Франциядағы Дүниежүзілік фольклорлық фестивальдің лауреаты, 2015 жылы «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісінің иегері атанған.
Шымкент қаласы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында музыка пәнінің мұғалімі Роза Әмреқызы көптеген жас өнерпаздың талантын ашып, үлкен сахналардан көрінуіне үлесін қосқан. Белгілі актер, әнші Ерден Жақсыбеков, заманауи әндердің орындаушылары Гүлмира Ізбасханова мен Арай Ғалымжанқызы, жас әнші, бірқатар мегажобалардың қатысушысы Cағын Өмірбайұлы да Роза Әмреқызынан тәлім алған.
«2003 жылдан бері №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясында жұмыс істеп келемін. Балаларға сабақ беремін. Талай балаларды тәрбиеледім. Әсіресе өзім хормен жұмыс істегенді ұнаматын. Талантты шәкірттерімнің бірі Cағын Өмірбайұлы. Ол оқушыны 4 жыл дайындадым. Маған кішкентай кезінен бастап келді. Даусы академиялық дауыс. Көптеген конкурстарға қатысты. 2022 жылы Мәскеуде өткен «Голос дети» мегажобасына қатысты. Өзін дәлелдеп шықты. Үшінші орын алды. Бірақ ол біз үшін үлкен дәреже»,- дейді Роза апайымыз.
Жас әншілердің жұлдызын жаққан кейіпкерімізге балалармен жұмыс жүргізу қашан да шабыт сыйлайды. Қарапайымдылығы мен өнерге деген іңкәрлігі шәкірттерге өнеге. Бүгінгі таңда «Жұлдызға апарар жол» жобасы аясында болашақ жұлдыздарды оқытып, әлі де өнер саласына өзіндік септігін тигізуде.
«Өзімнің бойымдағы бар қасиетті адамгершілікті, қарапайымдылықты, өзімнің оқушыларыма үйретуге тырысамын. Өз мамандығымды сүйетін болғандықтан балаларға да соны үйретемін»,- дейді Роза Әмреқызы.
Бүгінде көпшіліктің көзайымына айналған, қазақ өнерінің дамуына ат салысып, жарқырап жүрген шәкірттер Роза апайымыздың ерен еңбегінің жемісі деп білеміз.