2025 жыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланып, еңбек адамының мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл – тек бастама емес, қоғамдағы көзқарасты өзгертуге бағытталған маңызды қадам.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс екені, шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік екенін атап өтті.
Нағыз экономиканың іргетасы – зауыттарда, өндірісте, ауыл шаруашылығында, құрылыста еңбек етіп жүрген азаматтар. Олар – күнделікті өміріміздің көрінбейтін, бірақ ең маңызды тірегі. Еңбек адамы – тек қарапайым жұмысшы ғана емес, ол – өз ісінің шебері, мемлекет үшін баға жетпес құндылық. Еліміздің дамуына үлесін қосып жүрген адал азаматтың бірі шымкенттік тұрғын - Нарманов Мейірбек Арынұлы. Ол – темір-бетон цехының басшысы, өндіріс саласында 47 жылдық еңбек өтілі бар, өз ісінің шебері. Жоғары кәсіби біліктілігі мен мамандығына деген адалдығының нәтижесінде әріптестері арасында зор құрмет пен беделге ие.
Еңбек жолын 1979 жылы «Чимкент резина-асбест комбинатында» (қазіргі «Чимкентшина») каландр цехының мастері қызметінен бастаған. Өзінің табандылығы мен жоғары іскерлік қабілетінің арқасында өндірістің түрлі сатыларында қызмет атқарып, 6-разрядты слесарь, газ жабдықтарының слесары, аға мастер, цех бастығының орынбасары, учаске бастығы секілді жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды.
1997–2006 жылдар аралығында «Қайнар» акционерлік қоғамында ауысым бастығы, ал 2006–2013 жылдары «Төлебай май» ЖШС-де цех бастығы қызметін атқарды. Әр салада кәсіби қолтаңбасын қалдырған Нарманов Мейрбек Арынович 2013 жылдан бері «Корпорация «Береке А» ЖШС-нің темір-бетон бұйымдары (ЖБИ) цехының басшысы лауазымын атқарып келеді.
Жоғары ұйымдастырушылық қабілеті, әріптестеріне деген сыйластығы, талапшылдығы мен жауапкершілігі – оның өндірістегі табысының негізі. Ұжым ішінде үлкен беделге ие. Ол тек білікті басшы ғана емес, сонымен қатар жас мамандарға бағыт-бағдар көрсететін тәжірибелі тәлімгер ретінде де танымал.
Шымқаламыздың көркеюіне еңбек сіңіріп жүрген Мейірбек Арынұлы – еңбегімен елге үлгі болатын өндіріс ардагері.
Еңбек түбі - берекет. Рыздық несібе – еңбекте. Еңбек ету арқылы рухани және материалдық кемелдікке жетеміз. Еңбектің берекеті адалдық пен туралықта.