Шымкент қаласында патерналистік көңіл-күйді төмендету, масылдықты жою және азаматтарды еңбек нарығына тарту мақсатында жүйелі жүмыстар атқарылып келеді. Айталық, қалада жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту шаралары қарқын алған.
Осы орайда Шымкент қаласында «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында мүгедектігі бар азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Іс-шараны «Шымкент қаласы әкімдігінің Еңбек мобильділігі орталығы» мен «Ten qogam» әлеуметтік қолдау орталығы бірлесе өткізді.
Жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов арнайы қатысып:
«Бүгінгі жәрмеңке – партияның сайлауалды уәделерін орындаудағы нақты қадамдарының бірі. Біз мүгедектігі бар азаматтардың қоғамнан шет қалмауына, өз әлеуетін толық іске асыруына жан-жақты қолдау көрсетуіміз керек. Бұл – тек әлеуметтік жауапкершілік емес, бұл – әділетті Қазақстан құру жолындағы ортақ міндет», – деді Ербол Байқонысов.
Жәрмеңкеге 30-дан аса жұмыс беруші қатысып, 450-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар, орталықтың «Күміс жас», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс» бағдарламалары бойынша да ұсыныстар берілді.
Іс-шара барысында 60-қа жуық мүгедектігі бар азамат жұмыс іздеуші ретінде тіркелді. Жәрмеңке нәтижесінде:
• 1 азамат тұрақты жұмысқа орналасты;
• 12 адам тұрақты жұмысқа орналасу үшін сұхбаттасуға жолданды;
• 1 азамат жастар практикасына;
• 1 адам қоғамдық жұмыс бағдарламасына;
• 3 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға қатысуға ниет білдірді;
• Қалған азаматтар жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес алды.
Жәрмеңке партияның «Кедергісіз келешек» жобасының аясында жүзеге асырылып отыр. Жоба шеңберінде Шымкент қаласы әкімдігінің «Еңбек мобильділігі орталығы» 2025 жылға 49 679 азаматты жұмыспен қамту іс-шараларына тартуды жоспарланған. Оның ішінде 1120-сы – мүгедектігі бар азаматтар. Бүгінге дейін олардың 354-і осындай іс-шаралар арқылы қамтылған.
Мұндай жәрмеңкелер мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек нарығына еркін араласуына және өмір сапасын жақсартуға бағытталған нақты қолдаулардың бірі болып отыр. Партия өкілдерінің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.