Жұмысшы мамандық иелері – елдің тірегі

image.png

Жұмысшы мамандықтарды даярлау қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі.  Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да осының айқын дәлелі.  Бұл экономикалық тұрақтылық пен әлеуметтік прогрестің басты факторы ретінде жұмысшы кәсіптерінің рөлін күшейтудегі стратегиялық қадам. Осыған орай, Шымкент қаласында жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау және кәсіптік білім беру бағдарламасы аясында жаңа мамандық игеріп, бүгінде тұрақты жұмысқа орналасқан тұрғындар жетерлік. Бұл бағдарлама кәсіптік білім беру ұйымдарында және жұмыс берушілердің жұмыс орнында екі бағыт бойынша ұйымдастырылады.

Кәсіптік оқуға 18 жастан (студенттерден басқа) зейнет жасына дейінгі жұмыссыз қала тұрғындары қатыса алады. Оқу мерзімі – 3 ай.

Өткен жылы шаһарда Еңбек мобильділігі орталығы тарапынан 670 тұрғын 26 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Оның ішінде 393 адам оқуын толық аяқтап, сертификат алды. Бүгінде олардың 297-сі тұрақты жұмысқа орналасқан. Білім беру ұйымдары арқылы кәсіптік білім алған тұрғындар визажист, графикалық жұмыстарды орындаушы, кондитер, косметолог-эстетик, маникюр шебері, даяшы, шаштараз, аспаз, жиһаз жинақтаушы, сантехник, тігінші секілді 26 мамандықты меңгерді.

Ал жұмыс берушілердің жұмыс орнында білім алғандар бухгалтер-кассир, киім мен аксессуарларды безендіруші, кең бейінді құрылыс жұмыстарының шебері, былғары мен теріні химиялық өңдеу операторы, қолмен тоқу шебері, наубайшы, аспаз секілді 17 мамандықты үйреніп, жұмыспен қамтылды.

Шымкенттік  53 жастағы тұрғыны Индира Қырықбаева мен 49 жастағы Асия Ауезбаева 2024 жылы «RECOMP» оқу орталығында «наубайшы» мамандығы бойынша білім алып, үш айда саланың қыр-сырын меңгеріп, мамандық иесі атанды. Курсты аяқтаған соң, олар «Turan Retail» мекемесіне тұрақты жұмысқа орналасты. Жалақылары да көңілдерінен шығады. 

«Біз орта жасқа келгенде жаңа мамандықты үйрену үшін үш айлық курсты толық оқып, сертификат алдық. Қазір осы сертификат арқылы тұрақты жұмыс істеп жатырмыз. Ең бастысы, төленіп жатқан жалақыға көңіліміз толады. Жұмыссыз адамдарға қысқа уақыт ішінде мамандық үйретіп, жұмысқа орналасуына мүмкіндік беріп отырған мемлекетімізге көп рақмет. Бұл үйде отырған көптеген әйелдерге үлкен мүмкіндік», – дейді ағынан жарылған қос тұрғын.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Тазалық жаршылары құрметке лайық жандар
  • Бірыңғай ваучер жүйесі ашықтықты қамтамасыз етеді
  • Тазалыққа тұрғындар да ат салысып келеді
  • Еңбек - адамнан, ризық - Алладан
  • Еңбек- адамның шынайы бейнесі
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер