Еңбек ардагерлеріне сапалы демалыс пен күтім мекені

image.png

Мемлекет басшысының биылғы жолдауы қарапайым еңбек адамдарын бір қуантып қойғаны анық. Өйткені президент 2025 жылды жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын. Сондықтан, құрылыс, ауыл-шаруашылығы, өнеркәсіптік сияқты кез-келген салада аянбай еңбек етіп жүрген жұмысшыларға көңіл бөлініп, мәртебесі артатыны анық. Сондай-ақ, өмір бойы түрлі салада еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосқан, еңбек жолдары көпке үлі, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған еңбек ардагерлерінің де еңбегі ұмытылмақ емес.   

Еңбек ардагерлеріне қамқорлық жасау, соның ішінде олардың өмір сүру сапасын арттыру – еліміздің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі.

Шымкенттегі  “Белсенді ұзақ өмір” орталығы өзге өңірлерге үлгі болуда. Жақында  орталыққа Қызылорда қаласындағы “Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету” орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов арнайы қонақ болып келген болатын.

Тәжірибе алмасу мақсатында келген мейман қала ардагерлеріне жасалған жағдаймен танысып, орталықтың ұйымдастыру жұмысына жоғары бағасын берді. «Еліміздің ертеңі, ұрпағымыздың болашағы – бәрімізге ортақ. Сондықтан халықты елдік мақсатқа, ынтымаққа ұйытуда «дария-кеуде тау мүсiн» өздеріңіздей ардагерлеріміздің орны қашан да бөлек»,- деді Ж.Тұсмағамбетов.

Орталық зейнетке шыққан еңбек ардагерлерінің уақытын тиімді өткізуіне, денсаулығын нығайтуға, белсенді орта қалыптастыруына ықпал етіп келеді.

2024 жылы орталықтың төрт аудандық бөлімшесінде 8 330 зейнеткер түрлі қызмет түрлерін алды. Ал жыл басынан бері 1 430 еңбек ардагері орталықта күніне төрт сағат уақытын пайдалы әрі мазмұнды өткізіп жүр.

Сонымен қатар қалада зейнеткерлерге санаторлық қызметті ұсынатын арнайы сауықтыру кешені — “Ізетті зейнеткер” жұмыс істейді. Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты кешен қарт адамдарға жоғары деңгейде медициналық көмек көрсету, сауықтыру шараларын ұйымдастыру және жайлы демалыс ұсыну мақсатында құрылды.

Кешеннің басты ерекшелігі – мұнда зейнеткерлердің физикалық және психологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған әртүрлі қызметтер мен бағдарламалар ұсынылады. Жыл басынан бері 29 келім ұйымдастырылып, 2003 еңбек ардагерінің саулығын нығайтуға жағдай жасалды.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Ұлттық аспапты ұлықтаған жан
  • Өмірін жан-жануардың саулығына арнап келеді
  • Спортты дамыту басты назарда
  • 1 миллион шымкенттік сақтандырылған
  • Медициналық көмектің сапасы жоғарылап келеді
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер