Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еңбек адамы», «Адал азамат» ұстанымдарының негізі де қоғамдағы еңбек адамының құрметін арттыру арқылы жас ұрпақты адал еңбек етуге баулу, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін диқанның еңбегінің рөлі зор.
Шымкент – республиканы балғын көкөніс, жеміс-жидекпен қамтамасы етіп отырған қаланың бірі. Бұл әрине жылыжай саласында қызмет етіп жүрген мамандардың арқасы. Шымкенттік шаруа Олжас Сапарбек 5 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып келеді. Ол жыл - он екі ай қияр мен қызанақ өсіріп, үшінші мегаполисті ғана емес, Қазақстанның өзге өңірлері мен Ресейді де балғын көкөніспен қамтамасыз етеді.
27 жастағы жас жігіт 3 гектар жерге көкөніс егіп, күтіп-баптап сатылымға шығарады. Оның қызанағы мен қиярына қашанда сұраныс жоғары. Себебі балғын әрі экологиялық таза өнім. Олжас Нидерланды, Голландиядан тұқым сатып алып, оны осында жерсіндіріп, өсірумен де айналысады.
"Жыл он екі ай Шымкент, Алматы, Астана болсын, қыс бойы көкөністермен қамтамасыз етеміз. Голландиядан келетін семеналар бар, олардың бәрін өзіміз өсіріп, Қазақстанға және шетелге сатамыз. Сұраныс бар", – дейді ол.
Жылыжайдағы тіршілік бір сәтке де тоқтаған емес. Себебі көшеттер үнемі баптауды қажет етеді. Сондықтан Олжасы тіпті мереке күндері де уақытын осы жылыжайда өткізеді.
«Бұл тек жұмыс емес нағыз өмір салты. Біз үшін әр өсімдік еңбек пен қамқорлықтың нәтижесі. Әр жеміс еңбегіміздің жемісі. Жылыжай қызметкерлерінің еңбегі әр үйдің дастарханында көрінеді. Олардың адалдығы мен тынымсыз еңбегі арқылы біз сапалы өнімге қол жеткіземіз»,- дейді Олжас Сапарбек.
Олжас бүгінде өнімдерін Ресейге экспорттайды. Жылына 1000 тоннаға жуық көкөніс алатын шаруа алдағы уақытта жылыжай аумағын кеңейтіп, жұмысшылар санын арттыруды да жоспарлап отыр. Айта кетейік, жылыжайда Олжастан бөлек тағы 40 адам тынымсыз еңбек етіп жүр.
Еңбек бар бақыттың алтын қақпасы екенін кезінде данагөй ата-бабаларымыз көрегендікпен айтып, ұрпаққа ұлағат етіп қалдырған. Данышпан абай атамыз «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп еңбектің наны тәтті екенін тереңнен толғаған. Олай болса, тәжірибенің де, таланттың да атасы – еңбек екендігі айдан анық. Олжас та бүгінде еңбектің арқасында үлкен жеткістіктерге жетіп жүр.