Энергетика – ел экономикасының қозғаушы күші. Айтулы саланың салмағы ауыр, тірлігі қауырт. Өмірлік маңызды нысандардың жарық және жылумен қамтамасыз етілуі энергетиктердің жоғары жауапкершілігімен сапалы қызметіне тікелей байланысты. Бүгінде энергетика саласы қарқынды дамып, жаңа технологиялар енгізіліп, алға қойған міндеттерді табысты орындауда. Бұл жетістіктердің барлығы осы саладағы қызметкерлердің жоғары кәсіби шеберліктері, адал еңбектерінің нәтижесі.
Шымкент қаласын жылу және ыстық сумен қамтамасыз етудің арғы жағында мыңдаған жұмысшы мамандардың төккен тері жатыр. Арыстан Қожамқұлов та осы салада аянбай еңбек етіп келеді. Ол - «Қуатжылуорталық-3» мекемесінде учаске шебері. Мекеме Шымкенттің жылу жүйелеріне 100 % қызмет көрсетеді және жылу энергиясын өндіруші, беруші және онымен жабдықтаушы болып табылады.
Кейіпкеріміз Шымкенттегі «Жөл-көлік техникумын» қызыл дипломмен тәмамдаған. 1997 жылы аталған мекемеге жұмысқа орналасады. Міне сол уақыттан бері табандай 28 жыл өтіпті.
«Жылу беру саласындағы еңбек жолымды 25 жасымда бастадым. Алғаш жұмысқа орналасқан кезде машинист-оператор болдым. Қазір учаске шеберімін. Біздің міндетімізге «Нұрсәт» шағын ауданын жылу және ыстық сумен қамтамасыз ету кіреді. Бұл ауданда қаламыздың тұрғын үйлерінен бөлек әкімшілік-іскерлік орталық, басқармалар, мәдениет ошақтары секілді маңызды нысандар орын тепкен. Жылыту маусымында біздер үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін қалада жылу желілері құбырларының тығыздығына гидравликалық сынақ жүргіземіз, қазандықтардың дайындығын тексереміз. Ақаулықтармен жұмыс істейміз»,- дейді маман.
Өз ісінің шебері жұмыста қателікке бой алдырмау маңызды дейді. Сондықтан бұл жұмыс жауапкершілікті, біліктілікті, қажырлықты, еңбекқорлықты талап етеді.
«Халық алдына шыға бермесек те тұрғындар өз алғыстарын айтып жатады. Халық тарапынан айтылған жылы сөз – маған қуат береді. Бұл біздің еңбегіміздің бағаланғаны деп білемін»,- дейді Арыстан Сәбденұлы.
Отыз жылға жуық тұрғындарға жылу сыйлап жүрген маман жұмыста адал қызметкер болса шаңырағында асыл жар, үш ұлдың асқар тау әкесі. Көп жылғы тәжірибесі мен еңбекқорлығы, шеберлігі ескеріліп, бірнеше алғыс хаттармен марапатталған. Күш жігерін ел өркендеуіне арнаған осындай еңбек адамдары қашанда сыйлы бола бермек.