Құрылысшы – жауапты мамандық. Құрылысшылардың еңбегі мен кәсіпқойлығының арқасында жаңа ғимараттар, мектептер, ауруханалар, жолдар салынып жатыр. Қысқасы, бірнеше құрылыс нысандары бой көтеріп, инженерлік, инфрақұрылым, сондай-ақ әлеуметтік саладағы ғимараттардың құрылысы жүргізіліп, халықтың игілігіне беріліп жатыр. Осындай жауапты әрі күрделі жұмысты атқарып жүрген еңбек адамдарының ішінде нағыз білікті, білімді, саналы ғұмырын осы салаға арнаған жандар жетерлік. Солардың бірі - Нарметов Бахтияр.
«Отау Строй» – Қазақстандағы құрылыс саласындағы алпауыт компаниялардың бірі. Компания заманауи технологияларды қолданып, жоғары сапалы тұрғын үй кешендерін салады. Олардың жобалары кең, ыңғайлы және эстетикалық жағынан тартымды болып келеді. «Отау Строй» халықтың сеніміне ие болып, жыл сайын жүздеген отбасыларды жаңа баспанамен қамтамасыз етіп, халықты қуантып жүрген компания.
Аталған жетістіктердің артында нысан басшысы секілді білікті мамандардың өлшеусіз еңбегі жатыр. Нысан басшысы – Нарметов Бахтияр құрылыс саласының тәжірибелі, майталман маманы, өзінің қарапайымдылығы мен еңбекке адалдығы арқылы ұжым арасында зор құрметке ие. Өңірлік коммуникациялар қызметі мамандарының айтуынша ол күнделікті жұмыс барысын мұқият бақылап, әрбір детальге мән беріп, сапаның жоғары болуын қамтамасыз етеді. Осындай еңбек адамдарының арқасында «Отау Строй» өз беделін биіктетіп келеді.
Құрылыс саласы - ел экономикасының драйвері болса, құрылысшы - ел дамуының іргетасын қалап жүрген еңбек адамы. Бұл салада мыңдаған азамат ел дамуына өз үлесін қосып, еңбек етіп жүр.
Қысы-жазы тынымсыз жұмыс істеп, жаңа ғимараттар мен инфрақұрылым желілерін салып, өмірімізге жайлы жағдай жасап келеді. Олардың қолтаңбасы қаламыздың әрбір көшесінде, әрбір қабырғасында.
Жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру – бүгінгі күннің маңызды міндеті. Құрылысшы болу тек кірпіш қалаумен шектелмейді, бұл үлкен жауапкершілікті, шеберлікті талап ететін мамандық. Ендеше ел үшін ерен еңбек етіп жүрген құрылысшыларға құрмет көрсетейік!
2025 жылдың «Еңбек адамының жылы» деп жариялануы – құрылысшы сияқты мамандық иелеріне деген құрметтің, қолдаудың белгісі. Бұл жыл – нағыз еңбек адамының мерейін өсіретін жыл болмақ. Құрылысшы еңбегі – ел болашағына салынған берік іргетас!