2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жарияланғаны белгілі. Бұл бастама еңбек адамын қоғамдағы лайықты орнына шығарып, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға бағытталған. Президент Қ.Тоқаев жолдауында: «Біздің елде бәрі еңбек адамына тіреледі. Техникалық, өндірістік, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік, қызмет көрсету саласында маңдай термен табыс тауып жүрген азаматтарға мемлекет назар аударуға тиіс», – деп атап өтті.
Жұмысшы – қоғамның іргетасы. Кез келген елдің экономикалық қуаты, әлеуметтік тұрақтылығы қарапайым еңбек адамдарынан басталады. Сондықтан бұл жыл – тек ұран емес, нақты өзгеріс пен әділетке бастар жол болуға тиіс.
Құрылысшы тек ғимарат емес, болашақ тұрмыс пен тіршіліктің негізін қалап жүрген маман. Әрбір үйдің, мектептің, аурухананың, зауыттың, жолдың артында құрылысшының маңдай тері, адал еңбегі тұр. Сондықтан құрылысшы кәсібі – нағыз қоғамға керек, қадірлі мамандық. Ол – инженерлік есеп жүргізуші, сапаға жауапты маман, қауіпсіздік пен беріктік кепілі. Еліміздегі тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылым мен жол саласы – құрылысшылардың ерен еңбегінің нәтижесі.
Ал құрылыс индустриясы – экономиканың негізгі іргетасы. Кез келген елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік тұрақтылығы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты.
Осындай мәртебелі салада еңбек етіп жүрген жандар көптеп саналады. Бүгінде қалаларымыз жыл сайын көркейіп, биік-биік үйлер,ғимараттар жыл өткен сайын көбейіп, бой түзеп келеді.Бұлардың бәрінде құрыш қол құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр.
Солардың қатарында Қалыбеков Садулла Жантөреұлы да бар. Оның «Корпорация Ақ ордасы» ЖШС-нің бас директоры ретінде 2008 жылы Шымкент қаласы, «Асар» мөлтек ауданы болып бекітілген 320 га жер аумағына «Нұрлы көш» бағдарламасын қамтитын 1550 тұрғын үйдің құрылысы бастау алған болатын. Нәтижесінде, 2011 жылы құрылысты толығымен тапсырып, 20 000 мыңға жуық қандастарымыздың ата қонысқа қоныс аударып, баспаналы болуына тікелей себепші болған азамат ретінде танылды дейді Өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан мәліметте.
Ия, Садулла Жантөреұлы секілді құрылысы қыз-қыз қайнаған Шымқаланың өсіп-өркендеуіне, гүлденуіне ат салысып жүрген, тұрғындарға әрдайым қуаныш пен жайлылық сыйлауға даяр тұратын осындай еңбекқор, білікті құрылысшылар көп болғай!