Қоғамдағы құбылыстар мен өзгерістерді зерттеуші әлеуметтанушылардың пікірінше, қазақ қоғамындағы патернализм кеңестік дәуірден басталған. Сол тұста мемлекет халыққа гипер яғни өте үлкен, қамқорлық пен бақылау жасап отыруынан, халықтың көп бөлігі өзін-өзі тануы мен анықтау қабілетін дамытпаған. Яғни адамдар мемлекетке арқа сүйеп, көмегін күтуге дағдыланған. Сол арқылы патерналистік тәуелділік, патерналистік көзқарас қалыптасып, адамдардың болмысына еніп кеткен. Сондықтан, отбасындағы үлкеннің кішіге қамқор болуы секілді, «мемлекет те халыққа көмектесуі қажет» деген қате пікірді қоғамдық санадан шығару қажет.
Патерналистік көңіл-күй мен масылдықты төмендетудің бірден-бір жолы, бұл – еңбек, еңбек және тағы да еңбек. Мемлекет тарапынан да, қоғам тарапынан да осы сөз ұлықтала беруі керек. Жұмыссыз жүрген жандарға дайын балықты беріп қоймай, оны аулауға қажет қармақты қолға ұстатқан дұрыс.
Шымкент қаласында жұмыссыз жандарға түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыс орындары ұсынылып келеді. Осылайша мамандар масылдықты – жұмыс, еңбек арқылы жеңіп келеді. Осы орайда Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева Мансап орталығы мен Еңбек мобильділігі орталығының 2025 жылдың 9-29 шілде аралығындағы жұмысын қорытындылаған болатын. 20 күндегі нәтиже жаман емес. Тарқатып айтсақ: Алғашқы жұмыс орны бағдарламасы бойынша 62 адамға артып, 204 адам қамтылған; «Күміс жас» жобасы аясында 38 адамға өсіп, 416 адам жұмысқа орналасқан; Тұрақты жұмыс орындарына орналасқан азаматтар саны 6222 адамнан 6656 адамға жетіп, 434 адамға артты дейді мамандар.
Алайда, кейбір аудандарда көрсеткіштер төмен деңгейде қалып отыр. Басқарма басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту, аудандар арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету және инвестициялық жобалармен жұмысты жандандыру қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, Шымкент қаласында ағымдағы жылы барлығы 49 567 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Жоспардың негізгі бағыттарына тоқталсақ: 27 755 адам жұмыспен қамту шараларына қатысуы тиіс. Ал, 21 758 адамды жұмысқа орналастыру қалалық даму бағдарламалары, концепциялар және жеке бастамалар аясында іске аспақ. Биылғы жылы 3006 адамға кәсіпкерлікті қолдау көрсету үшін платформада оқу ұйымдастырылған.