«Мерейлі отбасы – 2025»: Шымкентте үздік отбасылар анықталды

image.png

Шымкент қаласы Жастар ресурстық орталығында дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2025» ұлттық байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары мен лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай іс-шараға қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты. 

Салтанатты марапаттау рәсімінде Сәрсен Абайұлы дәстүрлі отбасылардың ел бірлігін сақтаудағы рөлін атап өтіп, қазақ қоғамында ер азаматтың, ананың, қыз-келіннің өзіндік орны ғасырлар бойы қалыптасқанын және бұл жүйені сақтау, жас ұрпаққа жеткізу маңызды екенін айтты. Сондай-ақ, бұрынғы жылдардағы жеңімпаздардың өмір жолы арнайы кітап ретінде жарық көретінін жеткізді.

Шымкент қаласы Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының бөлім басшысы Ақбота Бекхожақызы биылғы байқауда еңбек династияларына ерекше мән берілгенін және іріктеу жұмыстарының аудандық кезеңнен бастап жүйелі жүргізілгенін айтты.

- Биыл Шымкент қаласында өтінім қабылдау 15 мамыр мен 15 маусым аралығында жүргізіліп, 150-ден астам өтініш түсті. Үздіктер арасынан қалалық кезеңге 20 отбасы іріктелініп, олар отбасы мүшелерінің қоғамға қосқан үлесі, балалардың жетістігі, еңбек дәстүрін сақтау және ұрпақ сабақтастығын қалыптастыру бойынша бағаланды, - деді ол. 

Жиында  қатысушы отбасының барлығына қала әкімінің алғыс хаттары мен теледидар сыйлыққа берілді. Ал бас жүлде иегері – Әл-Фараби ауданынан қатысқан теміржолшылар әулеті Нұртаевтар 1 миллион теңге көлеміндегі сертификатқа ие болып, 12 қыркүйекте Астана қаласында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.

Айта кетейік, конкурстың  мақсаты – отбасы институтын, адамгершілікті нығайту, жауапты некенің маңыздылығын мойындау; ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру; отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балалардың еңбекке жарамсыз және қарт ата-аналарға қамқорлығын насихаттау; қазақстандық отбасының оң имиджін насихаттау. Биыл қалалық кезеңге әр ауданнан 4 отбасыдан жалпы 20 отбасы іріктелді. Еңбек пен спортта, шығармашылық және зияткерлік салаларда, ғылым мен өнерде жетістіктері бар отбасылар, сондай-ақ қоғамдық пайдалы қызметке белсенді араласатын отбасылар, көпбалалы отбасылар, ерекше балалары бар отбасылар, ардагерлер, еңбек адамдары және шығармашыл әулеттер қатысып отыр.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте «Taza Alem» экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары өтті
  • Жұлдыз және Жалын тұрғын алаптары газдандырылды
  • Президент «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізуді ұсынды
  • Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру үдерісіне цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні жедел енгізу
  • Мемлекет басшысы: «Өскелең ұрпақты әлеуметтік кеселдерден сақтау маңызды»
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер