Шымкент – әсем қала, Шымкент – жасыл қала, Шымкент – таза қала. Ия, шаһарымыздың осындай көрікті болуына, дамуына көптеген адамдар өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, коммуналдық сала қызметкерлерінің алар орны ерекше. Себебі қаланың кіре берісінен, шетіне дейін ке-келген ауа-райында мұнтаздай етіп тазалап, абаттандырып отыратын осы мамандар. Сондықтан қаланың тазалығын күзеткен еңбек адамдарына құрметіміз шексіз.
Қала тұрғыны Айнұр Оспанованың да еңбегі еленуге тұрарлық. Коммуналдық салаға жақында ғана келсе де әріптестерінен қалмай, талмай қызметін адалынан атқарып жүр. Жалғыз басты ана жұрт шырт ұйқыда жатқанда қолына сыпырғысын алып, қала көшелерін тазалап, тұрғындарға жайлылық сыйлайды.
«Жұмысым өзіме ұнайды. Таңғы сағат 8.00-ден кешкі 17.00-ге дейін жалғасады. Біздің жұмыс жыл мезгілдеріне қарай өзгеріп отырады. Жаз айында аулаларды, көшелерді сыпырып, қоқыс жинасақ, күз бен көктемде ағаш жапырағын сыпырамыз. Ал, қыста қар күрейміз. Жұмысым қимыл-қозғалыстан тұрғандықтан, көңілім сергіп, денсаулығым да жақсарады. Көпшілігі даладағы жұмыс қиын деп ойлайды. Дегенмен өзімнің жұмысым көңілімнен шығады. Жұмысымыз ауырына ауыр. Бірақ, сүйіп істеген іс шаршатпайды екен. Бастысы адал еңбек етіп, нанымды адалынан жегім келеді», – дейді «Қаратау» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қызметкері.
Айнұр Жетісай ауданының тумасы. Қалаға көшіп келгеніне көп уақыт болмапты. Жұмыс талғамайтын кейіпкеріміз арнайы мекемеге жүгініпті. Ондағы мамандар қазіргі жұмысына орналастырған көрінеді. Әріптестері оны сабырлы, шыдамды, жігерлі әрі өзі ісіне жауапты маман ретінде таниды. Көп қабатты үйлердің ауласын, балаларын алаңшасын күн сайын мұнтаздай таза етіп қоятын қызметкерді жергілікті тұрғындар да танып алған. Адал еңбегін бағалап, алғысын жаудырып жүретін тұрғындар да аз емес.
«Жалақым жақсы, уақытылы беріп отырады. Өткен жылы айлығымызды көтерді. Қандай жұмыс болса да тиянақты орындап, ешкімнің ала жібін аттамасаң тапқан табысың берекелі болады»,- дейді кейіпкеріміз. Айнұрдың арманы – баспаналы болу. Адал еңбек, адал табыс оны бір күні осы арманына жетелеп әкелері анық.
Ия, еңбек адамының қашанда мәртебесі биік, құрметі зор болуы керек. Маңдай термен қаламыздың дамуына үлесін қосып жүрген қарапайым жұмысшылардың еңбегі – бүгінгі жастарға үлгі бола бермек.