Еңбек адамдарының ерен еңбегі мен қызметін қоғамға, әсіресе жас буынға дәріптеу алдымызда тұрған міндеттердің бірі. Ортамызда өмір жолы, еңбек жолы жастарға үлгі боларлық жандар баршылық. Солардың бірі – жастарға әскери білім мен тәрбие беріп, бойларына ұлтжандылық пен батырлық дәнін сеуіп жүрген Қыдырәлі Раимбердиев. Ол М.Әуезов атындағы ОҚУ әскери кафедрасының аға оқытушысы, запастағы подполковник, Ауған соғысының ардагері.
Қыдырәлі Раимбердиев 1981 жылы мектепті бітіріп, Ташкент жоғары әскери училищесіне оқуға түскен. Оқу орнын 1985 жылы бітіріп, лейтенант шенін алып, Кеңес Одағының Қорғаныс министрінің бұйрығымен Кавказ әскери окургі әскери бөлімінің танк взводына командир болып тағайындалған.
1986 жылы тамыз айында сол әскери бөлімнен Ауған Демократиялық республикасына қызметке жіберілген. 201-мотоатқыштар дивизиясында 122-мотоатқыштар полкінің танк батальонының 3-ші ротасының 1-ші танк взводының командирі лауазымына тағайындалады. Қыдырәлі Раимбердиев басшылық ектен танк взводының міндеті Айбак-Поли-Хумри бағытында 60 шақырым жолды, сол жолдан өтетін колонналарды қорғау, «Айбак-Кабул» құбыр магистралін қорғау болған.
«Кабулға 1986 жылы тамыз айында бардық. Ми қайнатар ыстық. Ұшақтан түскен сәтте шынайы соғыс алаңына түскенімді сезіндім. Дәл төбемде ұшақтар, тікұшақтар ұшып жүрді. Сарбаздардың бейт-бейнесіне, киімі мен қару-жарақтарына қарап шайқастың ортасында жүргенімді түсіндім. Бұл жағдай менің психологияма қатты әсер етті» ,- дейді өткенін еске алған Қыдырәлі ағамыз.
1986-1988 жылдары ол өз взводымен бірнеше рет Бағлан, Айбак, Құндыз провинцияларындағы қышлақтарды талибандардан қорғау операцияларына қатысқан. 1988 жылы ол Өзбекстанның Термез қаласына әскери қызметті жалғастыруға жіберіледі. Әскери бөлімде рота командирі, батальон командирінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Соғыс ардагерінің ұлы Мадияр да әке жолын қуып, әскери қызметті таңдаған. ҚР Қорғаныс министрлігінің С.Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлері институтын үздік бітіріп, қазіргі таңда капитан шенінде қарулы күштер қатарында қызмет етуде.
Кейіпкеріміз қызмет ететін әскери кафедра ұжымы осындай батыр ұлмен қызметтес болып жүргенін мақтан тұтады. Отан үшін от кешкен азаматтардың ерлігі мен еңбегін кейінгі ұрпаққа дәріптеу біздің міндетіміз.