Ескі де тозығы жеткен, салқындатқышы жоқ, жол үстінде сарқ-сұрқ етіп жиі бұзылатын автобустардан әбден мезі болған шығарсыз? Жаздың аптап ыстығында терезесін айқара ашып, бетке ұрған оттай ыстық желге амалсыз шыдап жеткен күндеріңіз де аз болмаған болар. Енді, міне, сол күндер артта қалып, көптен күткен өзгерістердің ауылы да алыс еместей.
Шым шаһарда талай жылдан бері қала тұрғындарын шығыстан батысқа, оңтүстіктен солтүстікке тасыған қоғамдық көліктердің орнын жаңалары баса бастады. Қала көшелерінде жүре бастаған жаңа автобустарды көзге шалған боларсыз? Жайлы әрі заманауи үлгідегі бұл көліктер қала тіршілігіне біртіндеп еніп, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауды мақсат тұтып отыр. Биылдың өзінде-ақ осы бағытта ауқымды қадам жасалып, 58 жаңа автобус сатып алынып, қала тұрғындарының игілігіне берілді. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы әдеттегідей аптаның сәтті күні – Сәрсенбіде өткен брифингте кеңінен баяндады.
Таңғы және кешкі қарбалас уақыттарда автобустың іші адамға лық толып, тіпті аяқ басар орын қалмай қалатыны жасырын емес. Қала өміріне тән бұл көрініске көзіміз де үйреніп кеткендей. Бірі жұмысқа, бірі мектепке, енді бірі бақшаға асыққан жұртшылық қоғамдық көліктің жетіспеушілігін талай мәрте сезінген. Осы түйткілді шешуге биыл қосылған автобустардың біршама көмегі тиері анық. Өйткені жаңа автобустардың 30-ы – сыйымдылығы жоғары, жолаушыларды көптеп тасымалдауға қауқарлы көліктер. Ал қалған бөлігі шағын әрі ыңғайлы автобустар болып, шалғайдағы шағынаудандар мен тұрғын алаптарға қатынайтын болады.
Дегенмен бүгінгі жаңалық мұнымен шектелмейді. Қаланың дамуында тек қолайлылық қана емес, экология мәселесі де басты назардан тыс қалған жоқ. Оның айғағы газ-метан отынымен жүретін қоғамдық көліктердің тіршілікке енуі. «Shymkent Bus» ЖШС алдағы уақытта 179 экологиялық тұрғыдан тиімді автобусты қалаға әкелуді жоспарлап отыр. Әр кезеңде 30-40 автобус тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілмек. Бұл бастама қала жұртының жайлылығын арттырып қана қоймай, шаһардың ауасын тазартып, экологиялық ахуалын жақсартуға да елеулі үлес қоспақ.
Ескі, тозығы жеткен көліктерден арылып, экологияға зиян келтірмейтін жаңа жүйеге көшкеніміз, әрине қуантарлық жаңалық. Ал, қала халқының саны артып, аумағы кеңейген сайын қоғамдық көлікке деген сұраныс та еселене түсуде. Бүгінде Шымкентте жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, ірі өндірістік аймақтар ашылып жатыр. Мұндай аумақтарға қоныстанған халықтың күнделікті тұрмыс-тіршілігі үшін қоғамдық көлікпен қатынау аса өзекті мәселе. «Жаңа аудандардың тұрғындары автобуспен қатынай ала ма?» деген сауал болары анық. Бұл сұраққа да жауап дайын.
Қаланың жол-көлік инфрақұрылымы қарқынды дамып келе жатқандықтан, қазіргі маршруттық желіні заман талабына сай қайта қарау қажеттілігі туындаған. Осы мақсатта 2025 жылы жолаушылар тасымалын дамытудың жаңа кешенді сызбасы әзірленбек. Мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесінде бұл жауапты жұмыс «Innoforce solutions» ЖШС-на жүктелді. Тараптар арасындағы келісімшарт 2025 жылдың 27 наурызында бекітіліп, жоба төрт кезең бойынша жүзеге асырылмақ. Жоспарға сәйкес, тоғыз айдың ішінде толық аяқталып, қала тұрғындарына қолайлы жаңа жүйе ұсынылады.