Кез келген мемлекеттің берік іргетасы – тұрақтылық, тәртіп және заң. Тәртіп сақшылары осы маңызды үштағанды қамтамасыз етуде айрықша рөл атқарады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Полицияда жоғары дайындықпен келген және өз ісіне шынайы берілген мамандар жұмыс істеуі қажет. Тәртіп сақшылары азаматтарға үлгі болуға тиіс» деп атап өткен болатын.
Осы орайда антына адал шымкенттік тәртіп сақшысы алғыс арқалады. Полиция департаменті бастығының орынбасары Маулен Ахметов патрульдік полиция полкінің инспекторы Мақсат Мусиннің шаңырағына арнайы барып, қызметіне адалдығы мен антына беріктігі үшін алғыс білдірді. Мақсат Мусин ішкі істер органдарында 13 жылдан бері қызмет етіп келеді. Ол көп жылғы тәжірибесімен қатар, әріптестерінің жадында мәңгі сақталатын ерлікке толы ісімен ерекшеленеді. Өткен жылдың 1 қыркүйегінде жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде Мақсатқа белгісіз ер адам шабуыл жасап, арқасынан пышақ сұққан. Қылмыскер сол сәтте қолға түсіп, қамауға алынды. Ал полиция қызметкері ауыр жарақат алғанына қарамастан, оңалып шыққан соң, қызметіне қайта оралды. “Мен үшін шен мен форма жай жұмыс емес, бұл – борыш. Еліміздің әрбір азаматын қорғау, отанымыздың тыныштығын күзету біздің міндетіміз”, - дейді тәртіп сақшысы. Полицей - үш баланың қамқор әкесі. Елі мен жеріне ғана емес отбасына да қорған болып жүрген ол антына қашанда адалдық танытқан нағыз еңбек адамы. Мақсат Мусин тек қызметімен ғана емес, жеке қасиеттерімен де өз ортасына үлгі болуда. Оның адал еңбегі мен патриоттық қызметі жастарды тәртіп пен заңға құрметпен қарауға шабыттандырады. Мемлекетіміздің тыныштығын қамтамасыз етудегі ерен еңбегі үшін Мақсат Мусинге алғыс білдіреміз. Мұндай еңбек адамдарының арқасында қоғамымыз қауіпсіз және тұрақты бола түсуде.
«Дана халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, еңбек – бақыттың шырағы» деп тегін айтпаған, өйткені ерінбей еңбек еткен адамның өмірі мəнді, тұрмысы сəнді болады. Адал еңбек – қашанда құнды.
Он жылдан аса өз күш-жігерін аямай, ерен еңбек еткен әріптесіміздің отбасына бақыт пен шаттық тілеймін!» деді Маулен Ахметов.
Аталған оқиға полицейлердің сын сағатында көрсететін табандылығы пен жанқиярлығының нақты дәлелі. Қоғам тыныштығының сақшылары — өз өмірін қатерге тігіп, өзгелердің амандығы үшін күресетін жандар.