Спектакльдың көрерменнің жүрегінен орын алып, көңілінен шығуы үшін режиссер мен театр әртістері ғана тер төкпейді. Шымылдық сыртында уақытпен санаспай, көз майын тамызып, еңбек ететін шеберлер бар. Театр – киім ілгіштен басталады” десек, қойылым – бутафориядан басталады. Кейіпкердің жан дүниесін ашып, сахна атмосферасын сезіндіруде ерекше рөл атқаратын бутафорлар еңбегін бірі білсе, бірі білмейді. Бутафор қолдан түрлі бұйым жасайтын театр әлемінің сиқыршысы. Қойылымға керек болса қылышты да, әшекейді де жасайды. Мұны жасауда шеберлер көз майын тамызып, күні-түні еңбек етеді. Шымкенттегі Ж.Шанин атындағы театрында жиырма жылын осы кәсіпке арнаған маман бар. Төрехан Ерназаров 2006 жылдан бері қара шаңырақта үздіксіз қызмет етіп келеді.
«Әрбір жаңа қойылымға ыждағатпен дайындаламыз. Кейіпкерлердің киетін киімі, спектакльде қолданатын жасанды бұйымдары мен құралдары, мысалға, қару-жарақтары, сауыт-саймандары, әшекей бұйымдары, тамақтары, жеміс-жидектері, жиһаздар, ыдыс-аяқ спектакльдың мазмұны мен образына сай болуы қажет. Заттардың сырты түпнұсқаға ұқсас, пайдалануға қолайлы болғаны дұрыс. Мұның бәрі көрерменнің сахнадағы әлемге еніп кетуі үшін жасалады. Осы дүниелердің әрбіреуін ұқыптылықпен жасап шығу – біздің міндетімізге кіреді»,–дейді шебер.
Төрехан Дәуітұлы Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. Жастайынан сурет салуға, өнерге бейім болғандықтан Шымкенттегі Ә.Қастеев атындағы көркемсурет училищесіне еш кедергісіз оқуға түседі. Алғаш еңбек жолын қаладағы шина өңдеу зауытында суретші-көркемдеуші болып бастаған.
«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демекші театр бутафоршысы бос уақытында Ә.Қастеев атындағы колледж студенттеріне бутафор болудың қыр-сырын үйретіп, білгенімен бөлісіп, мамандыққа баулып жүр. Таптырмас маман, нағыз шебер Төрехан Дәуітұлы жұбайы екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп, ұлдарын ұяға, қызын қияға қондырған, бүгінде немере бағып отырған ардақты жан. Тұңғыш ұлы Азамат әке жолын қуып, суретші мамандығын таңдаған. Бүгінде ол республикаға белгілі аниматор, режиссер.
Әрбір спектакльдің сәтті шығуы осынша еңбек пен тердің жемісі. Сондықтан да мұндай асыл өнердің бағасы әрқашан жоғары саналады. Тұтас қойылымның көркі -осы ерен еңбек иелерінің арқасында ашылады.