Жарыстағы жанкештілік

image.png

Спорт алаңы тек жаттықтырушылар мен спортшылардың еңбегімен ғана өрбіп жатқан жоқ. Мұнда әр саланың өз шебері бар. Біреуі тазалықты қамтамасыз етсе, енді бірі жаттықтырушыға көмек көрсетеді, медицина қызметкерлері спортшылардың денсаулығын қадағалайды, ал техникалық мамандар құрал-жабдықтардың дұрыс және қауіпсіз жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Солардың ішінде еңбегі ерен, өз ісіне адал маман – Азат Кенембаев.

 Азат  Шымкенттің тумасы. Бала кезінде техникаға аса қызығушылық танытпаса да, уақыт өте келе оның жүрегінде бұл салаға деген ерекше махаббат оянады. Сол қызығушылық оны кәсіби жолға жетелеп, ақырында Астанадағы техникалық оқу орталығына алып келеді. Мұнда Азат «Электрик байланысы жүйесі мен сымдық тарату жүйелері электромонтері» мамандығын меңгеріп шығады.

Қазіргі таңда Азат «№9 көркем гимнастикадан олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде техник болып еңбек етуде. Оның жұмысы тек құрылғыларға жауап беру ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әр жарыс, әр жаттығу оның мұқият бақылауында. Құрылғылар ақаусыз жұмыс істесе, спортшылар алаңсыз дайындалады. Бір кішкентай ақаудың өзі  дайындықты тоқтатуы мүмкін. Сол себепті Азат әр сәтті назардан тыс қалдырмай, спорт алаңындағы қауіпсіздік пен тиімділікті қамтамасыз етеді.

– Бұл жұмыс оңай емес, – дейді ол. – Жай ғана сымдарды қосып, құралдарды жөндеп қоя салмайсың. Әрбір жарысқа дайындық кезінде әр секунд маңызды. Бір кішкентай қате техника ақауына немесе спортшының жарақат алуына әкелуі мүмкін. Сол себепті әр тапсырманы аса мұқият орындау керек. Жарыс кезінде жүктеме екі есеге артады.

– Ал сіз үшін бұл жұмыстың мәні неде? – деп сұрағанымызда: «Мен үшін ең бастысы – спортшылардың алаңсыз дайындалып, жарыста барынша жақсы нәтижеге жетуі. Бізді көп көрмейді, бірақ әр жетістік артында техникалық қызметкерлердің еңбегі жатыр. Сондықтан әрбір жұмысымды жауапкершілікпен атқарамын», – деп жауап берді.

 Азат бұл саладағы мамандардың аз екенін жасырмайды:

– Қазіргі таңда көп жастар техникаға қызықпайды. Ал спорттағы қауіпсіздік пен нәтиже тікелей біздің жауапкершілігімізде. Сол себепті әр жаңа маман  баға жетпес көмек болар еді, – дейді ол.

Шын мәнінде, спорт алаңында көрінетін тек жарыс қана емес. Әрбір медаль, әрбір жеңіс  - жаттықтырушылар мен спортшылардың ғана емес, жарысқа дайындық кезінде әр секундты қадағалап, құрал-жабдықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен мамандардың да еңбегінің жемісі. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шымкентте ерікті жастарға арналған эко-экскурсия өтті
  • Жарыстағы жанкештілік
  • Отбасылық дәрігер – денсаулықтың ертеңі
  • Шымкент қаласының дамуы Smart City тұжырымдамасы шеңберінде жүзеге асырылады
  • Развитие города Шымкента будет осуществляться в рамках концепции Smart City
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер