2010 жылдан бері ара шаруашылығымен айналысып келе жатқан Демидова Ирина – еңбек адамының жарқын бейнесі. Ол он бес жылға жуық уақыт бойы табиғатпен етене араласып, аралардың қыр-сырын меңгеріп, олардың тынымсыз еңбегін халыққа жеткізіп келеді. Әрбір тамшы бал – маусым бойғы табандылықтың, мейірім мен төзімнің айқын көрінісі. Иринаның қолынан шыққан өнім – тек таза табиғи бал ғана емес, сонымен бірге өз ісіне деген сүйіспеншіліктің символы. Осындай еңбекқор жандардың арқасында біз табиғаттың шынайы сыйын сезініп, шипалы тағамнан дәм татып жүрміз.
Шымкенттегі Демидовтар әулеті – бал алуды атадан балаға мұра етіп келеді. Сондықтан Ирина бұл кәсіпті ғылыми тұрғыдан дамытуды көздеген. Бүгінгі күні ферма ғылыми-зерттеу институтымен, сондай-ақ ресейлік әріптестерімен ынтымақтасқан. Ұрықтандыру мұнда табиғи және аспаптық жолмен жасалады. Бұл жұмыс аралардың таза тұқымдардың әкелерін дәл білу үшін жасалады. Дегенмен бұл жұмыстың да өзіндік қиындықтар жеткілікті.
«Араларды көктем мен күзде баптап, күту керек. Себебі олар осы мезгілде ауырып қалуы көп кездеседі. Ең басты қиындық кене. Омарташылар осы қиындықтармен күреседі»,- дейді омарташы-селекционер.
Ирина алғашқыда әртүрлі қызмет салаларында жұмыс істеді. Нәтижесінде ол өз кәсібі бал арасын өсіру екенін түсініп, отбасылық бизнесті жалғастыруды қолға алды. Сөйтіп ол патшайым араларының инструменталды ұрықтауын меңгерді. Ол үшін Польшада машықтанудан өтті.
«Аралардың омартасын, үйшіктерін алдым. Лабораториялық жабдықтар алдым. Барлығына әкем көмектесті. Көктемгі уақытта 2-3 маусым мен үшін ең қиын уақыт болды. Тіпті бұл істі қойсамба деген ойлар болды. Өйткені басында өте қиын болды. Аралар да тірі жәндіктер ғой, ауа-райы, қоршаған орта барлығы қолайлы болуы керек. Қанша қиын болғанымен, бәрі артта қалды. Қазір, бәрі дұрыс. Шарушылығымыз дамып келеді. Аралар да жас бала секілді күтімді қажет етеді. Уақытылы тамақтануы қажет. Өйткені ұяшықта аз ғана азығы болады. Сондықтан табиғатқа уақытылы шығарып тұру керек. Араларға уақытылы қарамасаң ұшып жоқ болып кетеді»,- дейді кейіпкеріміз.
Оның сөзінше бал арасын өсіру - бақуатты бизнес. Бірақ, шыдам қажет. Еселі еңбектің арқасында ол еліміздің барлық өңірі мен Ресейге дейін танылып үлгерген.
Айта кетейік, қазір Шымкентте 500 кәсіпкер 20 мың бал арасын өсірумен айналысады екен.