Адам жанының арашашысы — дәрігер. Бойыңды сырқат дендеп, тәнің ауыртпашылық сезінгенде жаның мен тәніңе шипа ұсынатын да — ақ халатты абзал жандар. Осынау маңызды мамандықты өмірлік таңдауымен ұштастырып, халықтың алғысы мен құрметіне бөленіп жүрген №1 қалалық клиникалық ауруханасының тәжірибелі дәрігері- Сәбит Байбосынов.
Талай жанның өміріне араша түскен ақ халатты кейіпкеріміз жәй дәрігер емес, ол – Отаны үшін от кешкен Ауған соғысының ардагері. Ол ерлік пен адалдықты, білім мен біліктілікті бойына қатар сіңіріп, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп келе жатқан асыл жан. Майдан даласында жауынген ретінде елге қызмет етті. Оның ерлігі тек майдан шебінде қалмады, бейбіт күнде де ел үшін аянбай еңбек етіп келеді. Ол жоғары санатты дәрігер, өз ісінің шебері. Әріптестері оны шын мәнінде ұстанымы мықты, адами қасиеті биік маман ретінде бағалайды. Ал науқастар үшін ол сенім мен үміттің символы.
«Мектеп жасында аға-әпкелеріме еліктеп, заңгер болуды армандадым. Кейін соғыс ортасында жүріп менің өмірге деген көзқарасым өзгерді. Бірде сарбаздың басына снаряд тиіп, миы шашылып кетті. Сол кезде мен «не көмек бере аламын, мұндай жағдайда адамдардарға тек көмек бере алатын ол дәрігер хирург қой» деп, сол сәтте өзіме дәрігер боламын деген мақсат қойдым. Сөйтіп әскерден оралған соң осы медицина жолын таңдап, 1987-1993 жылдары Қарағанды медицина университетін бітіріп шықтым. Қазір міне, 32 жылдан асып кетті, осы ауруханада істеп жатырмын. Қазір ойлап қарасам мен өз мамандығымды дұрыс тапқан сияқтымын. Өйткені халықпен тілдесіп, оларды емдегеннен кейінгі айтқан алғыстары көңілімді шаттандырады. Өз мамандығымды қадірлеймн, құрметтеймін»,- деген кейіпкеріміз оқуын тәмамдаған соң Шымкент қаласындағы жедел көмек көрсету ауруханасында интерн ретінде еңбек жолын бастайды. Оның қарым-қабілетін ескерген басшылық кейіннен қабылдау бөлімінің меңгерушісі етіп тағайындайды. Бұл міндетті 16 жыл абыроймен атқарады. Қазір бас дәрігердің орынбасары қызметін атқаруда.
«Қабылдау бөлімінде жұмыс істегенде науқастардың барлығы бірінші біздің бөлімге келіп түсетін.Әсіресе, ауыр жағдайдағы науқастар көп болатын. Неше түрлі күрделі оталарды жасадық. 1996 жылы болуы керек алғаш рет бөлінген бауырды жалғап ота жасадым. Ал 1997 жылы ауыр дене жарақатымен бір азамат түсті. Көп қан жоғалтқан. Құрсақ аортасының бөлігін пышақ кесіп өткен екен. Ол заманда мұндай оталарды жасайтын мамандар жоқтың қасы еді. Ота жасайтын құрал-саймандар, тігетін жіп те болмады. Соған қарамастан отаны жасадым. 6 сағатқа созылды. Әйтеуір ота сәтті аяқталды. Осы секілді айта берсең оқиғалар көп. Отыз жылдық тәжірибиемде неше түрлі жағдайлар, есте қаларлық оқиғалар болды. Олардың барлығы кеше ғана болғандай бәрі санамда сайрап тұр»,- дейді Сәбит Әбдіәшімұлы.
Отыз жыл бойы бір салада адал еңбек ету үлкен төзім мен тұрақтылықтың, кәсіби адалдықтың көрінісі. Ол тек емдеуші дәрігер ғана емес әріптестері үшін тәлімгер бола білген ұстаз десек қателеспейміз. Әсіресе, дәрігер науқастарға нақты диагноз қоюдың шебері. Ол мұны қазір өзінен кейінгі жас мамандарға үйретіп келеді. "Медицина ол өмір бойы іздену, талпыну. Әсіресе, пациентке нақты диагноз қою өте маңызды. Себебі оның өмірі осы диагнозға келіп тіреледі. Диагнозды дұрыс қоя білсең науқастың кейінгі емдік шаралары дұрыс жүргізіледі. Ол үшін дәрігер көп оқу керек, іздену керек. Шәкірттерімнен де осыны талап етемін»- дейді дәрігер-хирург.
Сәбит Әбдіәшімұлы алтын қолды хирургпен қатар домбыра, гитарада ойнай білетін сегіз қырлы азамат. Айтуынша мұндай өнер оның әкесінен дарыған.