«Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында қаламыздағы «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжінде ашық есік күні өтті. Мұндағы мақсат - жастарды сұранысқа ие техникалық және кәсіптік мамандықтармен таныстыру, оларға кәсіби бағдар беру.
Жастайынан тәттілерді пісіруге әуес болған Жайсана Мұсылманқұл колледж жайында сынып жетекшісінен естіпті. Ашық есік күніне келіп, білім ордасының барлық мүмкіндіктерін білген ол 9-шы сыныптан кейін осында оқуға түсуге ниеттіп отыр. Себебі аспаз болу оның асқақ арманы.
«Колледжге өте қатты қызығып отырмын. 6-шы сыныптан бастап аспаздыққа, тәттілерді пісіруге қатты қызықтым. Сондықтан жүрек қалауым болғандықтан аспаз мамандығын таңдап отырмын»,- дейді оқушы Жайсана Мұсылманқұл.
Ашық есік күнінде мектеп оқушылары колледжің материалдық-техникалық базасымен танысып, аспаз, кондитер, наубайшы және мейрамхана ісі мамандығы бойынша шеберлік сағатына қатысты.
«Қаламыздағы «Жеңіл өнеркәсіп және сервис», «Тамақтандыру индустриясы және сервис» және «Индустриалды-техникалық» - осы үш колледж Парижде халықаралық аккредитациядан өткен. Мамандықтар бойынша толық құрал-жабдықтармен түгел жабдықталған. Бүгінгі іс-шара жоспарға сәйкес өтуде. Басты мақсатымыз мектеп оқушыларын кәсіптік, жұмысшы мамандықтарға баулу »,- дейді Шымкент қалалық білім басқармасының техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Асан Бабашов.
Іс-шара барысында ұстаздар мен студенттер мамандықтардың қыр-сырымен бөлісіп, тәжірибелік жұмыстарын көрсетті. Сондай-ақ, оқушыларға арналған кәсіптік бағдар бойынша кеңестер берілді.
«Біздің колледжде 1200 студент оқиды. Төрт мамандық бар: аспаз, кондитер, наубайшы және халыққа қызмет көрсету мамандықтары. Оқу орнымыз бүкіл заманауи жабдықтармен қамтылған. Болашақ мамандарға мұнда өз саласы бойынша оқуға, тәжірибе жинауға, зерттеуге үлкен мүмкіндіктер жасалған. Жас жеткіншектерге айтарым жақсы мамандықты таңдаңыздар, бізге келіңіздер»,- дейді колледж директоры Маржан Әбілдақызы.
Қазірі таңда Шымкентте 40 колледж бар. Оның 12-сі мемлекеттік болса, 28-і жеке меншік. Соның ішінде «Тамақтандыру индустриясы және сервис» колледжі үздік үштіктің қатарында. Мұндағы материалдық-техникалық база жұмысшы мамандықтарын жан-жақты даярлауға толық мүмкіндік береді.