Әр құтқарылған жан – өрт сөндірушілердің ерлігінің айғағы

    image.png 

    Төтенше жағдайлар саласында қызмет ету – қиын әрі қатерлі жұмыс. Шын мәнінде, бұл – нағыз қаһарман азаматтардың мамандығы. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, төтенше жағдай саласының мамандары жұмыс барысында талай рет көзсіз ерлікке барады. Адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар да аз емес. Жұмысшы мамандықтар жылында біз  қоғамдағы нағыз батырлар туралы баяндауды жалғастырамыз.  Өз мамандығын адаспай тауып, ел үшін қызмет етіп жүрген жанның бірі  Шымкент қаласы №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны Арман Сарыбаев.

    Арман өрт сөндіру қызметіне 10 жылдан астам уақытын арнаған. Осы жылдар ішінде ол бірнеше құтқару операцияларына қатысып, төтенше жағдайларда батылдық пен шешімділік танытты. «Мұндай жағдайларда ең бастысы – байсалдылықты сақтап, командамен нақты және үйлесімді әрекет ету. Біз өртте қанша адам бар екенін білмейміз, бірақ біз әрқашан біреудің өміріне қауіп төніп тұрғанын есімізде сақтаймыз. Біздің міндетіміз – құтқару, біз оған әрқашан дайынбыз», — деп Арман Сарыбаев атап өтті.

    Өрт сөндірушілер – тәулік бойы халықтың қауіпсіздігі үшін күресетін жандар. Қауіпке қарамай, олар әрдайым көмекке келуге әзір. «Мен мамандық таңдаудан қателескен жоқпын. Өрт сөндіруші болу менің жүрек қалауым. 10 жылдан астам қызмет ету барысында талай рет төтенше жағдайларды жоюға қатыстым. Бастысы адал қызмет, темірдей талап, тыңғылықты дайындық. Әрбір шақыртуда біздің көмегіміз аса қажет екендігін білеміз. Соның бірі биік тұрғын үй кешенінде болған өрт. Әрбір секундымыз санаулы еді. Ештеңеге қарамастан тілсіз жаумен күресуге кірістік. Тез әрі кәсіби түрде әрекет ете отырып, оныншы қабаттан ана мен баланы аман-есен алып шықтық. Бұл біздің міндет. Абыроймен атқарылған жұмыс болды»,- дейді кейіпкеріміз. 

     Арман Құрбанұлы  2023 жылғы 18 желтоқсанда көпқабатты тұрғын үйде болған өртті сөндіру кезінде қайсарлық танытып, екі адамның өмірін құтқарып қалды. Оның тез және кәсіби әрекеті адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Ерлігі үшін азаматтық қорғау капитаны   Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін»медалімен марапатталған. 

    Әр шақырту – бұл үлкен жауапкершілік. Өрт сөндірушілер жалынды да, кез келген төтенше жағдайды да еңсеруге дайын. Олар тек отты өшіріп қана қоймай, адамдардың өмірін сақтап қалады. Әр құтқарылған жан – олардың ерлігінің айғағы.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Құтқарушы дәрігер - құрметті мамандық
  • Жолдаудан кейінгі ой: Шымкенттік педагог ЖИ-дің білім саласына қосар үлесіне сенімді
  • Өнерді өрнектеген қолтаңба
  • Қоғамдық көлік жүргізушісінің жүгі
  • Жұмысына адал жас маман
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер