Қоғамдық өмірдің қарқыны жыл өткен сайын үдей түсіп, ақпараттың маңызы бұрынғыдан да артып келеді. Әсіресе саяси ұйымдарда баспасөз хатшысының орны ерекше. Ол халық пен партия арасындағы дәнекер, қоғамға жасалған істің жаршысы әрі елдің көңіл-күйін жеткізетін құлақ. Осындай жауапты міндетті бүгінде Шымкент қаласында жас та болса, жігерлі маман Аяулым Леспаева абыроймен атқарып жүр. Оның әр күні ел ішіндегі жаңалық пен халықтың сұранысын байланыстырудан басталып, қоғамға пайдалы ақпаратты таратумен жалғасады.
Аяулым Леспаева 2003 жылдың 7 тамызында Шымкент қаласында дүниеге келген. Балалық шағынан-ақ ақпарат әлеміне қызығып, көпшілікпен жұмыс істеуге құмар болып өсті. Алты жасында №84 мектептің табалдырығын аттап, он бір жыл бойы сол білім ордасында тәрбиеленді. «Мектеп кезімде түрлі үйірмелерге қатысып, көпшілік алдында сөйлеуге үйрендім. Теледидардан жаңалық көрген сайын өзімді сол жүргізушілердің орнында елестететінмін», – дейді ол балалық арманын еске алып.
Осы арман оны 2020 жылы Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне жетеледі. Аяулым ойланбастан «Журналистика» мамандығын таңдап, студенттік өмірін бастады. Жайдарлы, ашық мінезінің арқасында топ басшысы атанып, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. Үздік жетістіктерінің арқасында «Кемел болашақ» стипендиясын иеленіп, қатарластарына үлгі болды.
Журналистік тәжірибесін студенттік шақта-ақ жинақтаған жас маман 2-курста «Halyq News» сайтында жұмыс істесе, 3-курста жергілікті «Хан TV» арнасында тілші болып еңбек етті. Кейін республикалық «Ел арна» телеарнасына да сюжеттер әзірледі. «Әр репортаж мен үшін мектеп болды. Кез келген тақырыптың артында адамның тағдыры тұратынын түсіндім. Сол сезімді көрерменге жеткізе білудің өзі үлкен жауапкершілік», – дейді жас маман.
Университет қабырғасында жүріп-ақ түрлі бағдарламалар түсіріп, тәжірибесін шыңдаған Аяулым 2024 жылы оқуын қызыл дипломмен аяқтады. Бүгінде ол «Ақ жол» демократиялық партиясының Шымкент қалалық филиалында баспасөз хатшысы болып қызмет етеді.
Бұл жұмыстың жүгі жеңіл емес. Халықтың мәселесін тыңдап, тиісті мекемелерге хат жолдау, партияның жұмысын жұртшылыққа түсіндіру, әр іс-шараны қоғамға жеткізу күнделікті міндет. «Баспасөз хатшысы ретінде ең басты қағидам халықтың үнін есту. Әрбір өтінішке бейжай қарамай, қолдан келгенше көмектесуге тырысамыз. Ал атқарылған істі қоғамға көрсетпесек, ол ешкімнің назарында болмайды. Сондықтан әр жұмыстың жария түрде бағалануы үшін еңбек етемін», – дейді Аяулым.
Заманауи ақпарат құралдарын тиімді пайдаланып жүрген ол әлеуметтік желілерде де белсенді. Фото-видео түсіріп, қоғамдағы жаңалықтарды жедел жеткізу жұмысының ажырамас бөлігі. Бұл уақыт талабына сай жасалған қадам. Өйткені қазір халық ақпаратты ресми арналардан гөрі жылдам әрі ыңғайлы әлеуметтік желілерден көбірек алады.
Жас маманның еңбекқорлығы, табандылығы, жауапкершілігі оны қатарластарының арасынан ерекшелендіріп тұр. Арманына адал болып, таңдаған мамандығын сүйіспеншілікпен атқарып жүрген Аяулым бүгінгі жастардың бет-бейнесі, жаңа заманның белсенді өкілі. Оның алдында әлі талай асу тұр. Бірақ осы күнге дейінгі жетістігі мен қайсарлығы Аяулымның болашағының жарқын екенін аңғартады.