Шымкент қаласында соңғы жылдары көлік және логистика саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе, жолаушылар тасымалы қала тұрғындарының күнделікті өмірінде ерекше орын алады. Қоғамдық көлік жүргізушілері тек адамдарды бір жерден екінші жерге жеткізіп қана қоймай, қала тынысын сақтап тұрған үлкен әлеуметтік жауапкершілікті арқалап жүр. Олар жүздеген адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, түрлі мінез-құлықтағы жолаушылармен тіл табысып отырады. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.
Аталған салада физикалық жүктеме де, психологиялық қысым да аз емес. Таңғы қарбаластағы ұзақ кептелістер, сағаттап рөлде отыру, кейде түсіністік танытпайтын жолаушылардың сөздері, барлығы да жүргізушінің жүйкесіне салмақ түсіреді. Сондықтан қоғамдық көлік жүргізушісі кәсіби маман ғана емес, сабырлы мінезді, төзімді әрі адамдармен тіл табысуды білетін психолог болуы шарт.
Осындай еңбек адамдарының бірі Шымкент қаласының тумасы Шукурулла Мадикаримов. Ол 1974 жылдың 18 тамызында дүниеге келген. Мектеп бітірген соң құрылысшы мамандығын таңдағанымен, бала кезден көкейінде жүрген арманын ұмытпай, ақыры жүргізуші жолын қалады.
– «Кішкентайымнан үлкен автобус айдағым келетін. Қала көшелерімен жолаушы толы көлікті жүргізіп келе жатқанымды жиі елестететінмін», – дейді ол күліп.
Балалық арман оны кәсіби білімге жетеледі. Үшінші өндірістік комбинатта автобус жүргізушісі мамандығын меңгеріп, «D» санатты жүргізуші куәлігін қолына алды. Сөйтіп қала жолына шығуға толық дайын болды. Еңбек жолын 1996 жылы ТОО «Галиев және К» компаниясында бастаған жас жүргізуші уақыт өте келе тәжірибесін толықтырып, нағыз шеберлікке қол жеткізді.
2017 жылдан бері ол Шымкент қалалық автомобиль көлігі және жол мекемелері кәсіподағына қарасты ТОО «Ми Р и СО» компаниясында еңбек етіп келеді. Қазір №102 бағыттағы автобусты жүргізіп, күн сайын мыңдаған қала тұрғынын діттеген жеріне жеткізеді. Бұл бағыт қаладағы ең жүктемесі көп желілердің бірі. Соған қарамастан Шукурулланың байсалды мінезі мен сабырлылығы, әр адамға деген құрметі жолаушылардың жүрегінен орын алған.
– «Кейде қарбаласта бәрі ашуланып, асығып жатады. Сондай сәтте жүргізушінің сабыр сақтауы маңызды. Өйткені көліктегі адамдардың қауіпсіздігі ең бірінші орында», – дейді ол.
Расында да, бұл кәсіптің қиындығы аз емес. Таңғы және кешкі уақыттағы ұзақ кептелістер, рөлде отырып өткізетін сағаттар, денсаулыққа түсетін салмақ барлығы төзімділікті талап етеді. Бір күн автобустар тоқтаса, қала тіршілігіне үлкен соққы болары анық. 2025 жыл Қазақстанда «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жариялануы да тегін емес. Елдің дамуы үшін әр саладағы адал еңбек адамы қымбат. Шукурулла сияқты азаматтар қоғам үшін аса қажетті мамандық иелері.