Кейінгі жылдары өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың ел алдындағы абыройы артты. Олар бүгінде халықтың нағыз қорғанына айналды. Содан да болар аталған мамандық иелеріне деген көптің сый-құрметі ерек.
Мейрамбек Спабеков Шымкент қалалық ТЖД №1 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі қызметін атқарады. Өрт сөндірудің білікті маманы қызмет жолында талай жанды тілсіз жаудан аман алып қалған. Оның бұл мамандыққа келуінің өзіндік себебі бар дейді кейіпкеріміз.
«2001-2003-ші жылдары Алматы облысында әскери борышымды өтедім. Сол кезде ағам өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарды.Оның жұмысына қатты қызықтым. Мен әскерден келгенде өрт сөндіруші боламын деп армандап келдім. Жұмыс қиын емес. Өзім жүрек қалауыммен таңдаған сала болғандықтан қиындығын сезінбей, ауыртпалығын көтеріп келемін. Адамдарды өрт кезінде құтқарып қалған сәтте бар шаршауыңды ұмытасың»,- дейді құтқарушы.
Мейрамбек Қуанышбекұлының ағасы да осы салада жиырма жылдан астам еңбек етіп келеді. «Автокөлікке отырғаннан бастап барлау жасаймыз. Не жанып жатыр, қандай нысан, оның ішінде адам бар, жоқ екендігін анықтап аламыз. Біздің жұмысымыз жарылғыш заттарды залалсыздандыру, құнды заттарды сақтау, бірінші кезекте адам өмірін аман алып қалуымыз керек. Ағайынды бауырлар осы салада бірге жұмыс істейміз. Бір-бірімізге ақыл-кеңес беріп, жол көрсетіп, бір-бірімізге білмегінімізді үйретіп тұрамыз»,- дейді азаматтық қорғау старшинасы Мейрамбек Спабеков.
2013 жылдың желтоқсан айында Әлімбетов көшесіндегі көп қабатты тұрғын үйде орын алған алапат өрт құтқарушылар үшін біліктілігі мен ержүректілігі сыналған оқиға болды. Төртінші қабатта тұтанған өрт туралы хабар түнде келіп түскен. Көмекке келген құтқарушылардың арасында кейіпкеріміз де бар еді. Ол көк түтінге оранған подьезге көтеріліп, құлыртаулы тұрған есікті бұзып кіреді. Қою түтіннен ештеңе көрінбейді. Пәтерден тек баланың жылаған дауысы мен әйелдің «көмектесіңдер» деген жанайғайын ғана естіді. Міне, осы дауысқа еріп, ол түпкі бөлмеден әлсіреген әйел мен алты жастағы баланы тауып, сыртқа алып шығады. Ал бұл кезде өзге құтқарушылар үйдің отағасы мен тағы бір баланы терезеден шығарып, құтқарып қалған еді.
Шұғыл шешім, кәсібилік және батыл әрекет - нағыз құтқарушының бейнесін айқын көрсетті. Осы ерлігі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.