Өрт сөндірушілер қауіпті жағдайларда бірінші болып көмекке келіп, адам өміріне араша болатын мамандардың бірі. Олар тек физикалық күшпен ғана емес, батылдық пен шыдамдылықты қажет ететін жауапты қызметті атқарады. Бүгінгі кейіпкеріміз бұл кәсіптің қыр-сыры, қиындықтары мен қызықтары жайлы сыр шертті.
Азаматтық қорғау лейтенанты Қанат Балабеков азаматтық қорғау органдарында 20 жылға жуық уақыт қызмет атқарып келеді. Ол 1984 жылы Түркістан облысы Қазығұрт ауданында дүниеге келген. 2003 және 2005 жылдар аралығында Қарулы күштер қатарында қызмет еткен. 2007 жылдан бастап өрт сөндіру саласына келіп, өрт сөндіру автокөліктерінің жүргізушісі, өрт сөндіруші, бөлімше командирі лауазымдарында қызмет еткен, ал 2020 жылдан бастап №5 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы лауазымына тағайындалыпты.
Өрттен адамдарды құтқару және олардың мүліктерін қорғау – өрт сөндірушілердің негізгі міндеті. Тілсіз жаумен күресте алдыңғы шептерде көрінген кәсіби маман Қанат Айтбайұлы адам өмірін құтқаруға әрдайым үлесін қосып келеді. Ол 2020 жылы 16 тамызда Шымкент қаласындағы пәтерден шыққан өрттен өз өмірін қатерге тігіп ес-түссіз жатқан ер адамды құтқарған. Есін әрең жиған азамат өміріне араша түскен Қанатқа келіп, алғысын білдіргені әлі есінде. Сондай-ақ Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы Төменгі Отырар шағын ауданында болған өртте 5-қабаттағы пәтерлердің бірінен түтінге уланып қалған 2006 жылғы қыз баланы және 2014 жылғы ұл баланы анықтап, пәтерден алып шыққан. Жедел әрекет етудің арқасында өрт сөндірушілер екі баланың өмірін құтқарып қалды. Қанат Балабековтің еңбегі бағаланып, осылайша «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
«Өрт сөндіру қызметі нағыз ер жігітке тән жұмыс деп санаймын. Адам өмірін құтқару біз үшін мақтаныш. Мен өз мамандығымды абыройлы мамандық деп есептеймін. Себебі, біз адамның өмірін, мүлкін құтқарамыз. Адамның өмірінен артық ештеңе жоқ. Олардың ризашылығын алып, алғысына бөленудің өзі бір бақыт. Қандай жағдай болсын, тұрғындарға мейлінше, қолдан келгенше көмек беруге асығамыз. Біз тек қана өрт сөндіріп қана қоймай, әртүрлі жағдайға тап болған, яғни апатқа ұшырағандарды, аязды күндері далада қалып қойған адамдарды да құтқарамыз. Сондай сәттерде құтқарылған адамның қуаныштан тамған көз жасын, өмірге деген құштарлығын көресің. Тіпті, бір адамға қайта өмір сыйлағаныңды сезініп, өзіңнің де тұла бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Содан кейін де өрт сөндіруші, құтқарушы мамандығы абыройлы қызмет деп санаймын. Дәл осы салада еңбек етіп жүргеніме қуанамын»,- деген құтқарушы бұл мамандыққа жастарды да баулып жүрген жайы бар. «Біз қала мектептеріне барып, оқушылармен жиі кездесу ұйымдастырып тұрамыз. Шара барысында өз жұмысымызды таныстырып, өрт сөндіруші мамандығының маңыздылығын түсіндіреміз. Жастарды халыққа қызмет етуге шақырамыз»,- дейді кейіпкеріміз.
Қанат Айтбайұлы секілді өз ісінің шеберлері мен еліміздің рухты азаматтары барда еліміздің қауіпсіздігі берік бола бермек.