Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау – «Жұмысшы мамандықтары жылының» басты қағидасы. Бұл орайда білім беру мекемелеріне қойылатын басты талап – болашақ еңбек адамының имиджін ілгерілету, маман даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайту. Бүгінде Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінде 772 колледж жұмыс істейді, онда 565 мың студент оқиды. 2024 жылдың қорытындысы бойынша техникалық және кәсіптік білім берудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 143 мың орынды құрады, ал студенттердің стипендиясы екі есеге өсті.
Ал жұмысшы мамандықтары жылы аясында биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша колледждерге техникалық және кәсіптік білім алу үшін 150 мыңға жуық студент қабылданады. Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов осылай деген болатын. «Колледждер дуальды оқыту, қамқорлыққа алу, өндірістік тәжірибе арқылы кәсіпорындармен тығыз жұмыс істеуі тиіс. Әрбір студент еңбек нарығының талаптарына сәйкес нақты кәсіби дағдыларға ие болуы керек. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарының жаңа оқу жылына дайындығын қамтамасыз ету қажет. Инфрақұрылым мен жатақхана ғана емес, сонымен қатар оқу бағдарламаларының заман талабына сай болуын да назарда ұстау қажет. Мамандар тапшы болып отырған инженерлік, IT, педагогикалық, медициналық бағыттарға ерекше назар аударған жөн», - деген еді Олжас Абайұлы.
Президенттің бастамалары мен Үкіметтің беткіткен жоспарлары еліміздің үшінші мегаполисі Шымкент қаласында қалай жүзеге асырылуда? Шаһардың биылғы оқу жылына дайындығы қандай? Қаладағы кәсіптік және техникалық білім беретін колледждердің оқыту процесінде нендей өзгерістер орын алмақ? Бұл сұрақтарға жақында сала басшылары мен мамандар дәстүрлі тамыз кеңесінде кеңінен жауап берген болатын.
М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжінде «Білім келешегі: Адал азамат, кәсіби маман» тақырыпта тамыз конференциясы аясындағы техникалық және кәсіптік білім беру саласы педагогтерінің өткен пленарлық отырысында біраз мәселе талқыланды. Бұл жиын – жаңа оқу жылы қарсаңында саладағы жаңашыл бастамаларды айқындап, кәсіби білім берудің болашағына бағыт беретін маңызды қадам. Шараға 300-ден астам педагог пен сала мамандары қатысты.
Сондай-ақ, конференция аясында өткен көрмеге түрлі IT-компаниялар, колледждер және баспалар қатысты. Атап айтқанда. STEM Academy – ғылым, технология, инженерия және математика бойынша білім беру орталығы, i7 Technologies – бағдарламалық өнімдер әзірлеу, АзияShymСервис – IT-инфрақұрылымдық шешімдер, Transtelecom – ұлттық телеком және киберқауіпсіздік қызметтері, INDIGO, Mindal, TEMIR платформалары – мектепке дейінгі, қосымша білім және кадрлық процестерді автоматтандыру, Атамұра, Көкжиек-Горизонт, ШұғылаКітап, Алматыкітап – оқулықтар мен әдебиеттер шығаратын баспалар, IQAA аккредиттеу орталығы – білім сапасын бағалау ұйымы, Бал Текстиль – Орталық Азиядағы ең ірі кілем фабрикасы, Тамақтандыру индустриясы және сервис колледжі – қоғамдық тамақтандыру мамандарын даярлау, Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжі – тігін және сән индустриясы мамандары, «Тары» этно-кофейнясы – ұлттық тағамдарды жаңа форматта ұсынатын жоба, ТПК «ALLIANCE» – сыртқы киімдер өндірісі және Eltanova сән үйі – этностильдегі дизайнерлік киімдер мен аксессуарлар.
Пленарлық отырыс барысында заманауи білім беру жүйесінің негізгі басымдықтары талқыланды. Шымкент қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Жанар Қасымова құттықтау сөз сөйлеп, педагог мәртебесі мен жаңа мүмкіндіктерге тоқталды. ТжКБ ұйымдары директорлар кеңесінің төрағасы Марс Елекеев «Сапалы білім – бәсекеге қабілетті маман кепілі» тақырыбында сөз сөйлеп, білім сапасы мен еңбек нарығының сұранысы арасындағы үйлесімге назар аударды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі өкілі Гүлвира Ошақбаева Жұмысшы мамандықтар жылы аясындағы нақты қадамдар мен әдіснамалық қолдауларды таныстырды. Спикер өңірде «Талапкер» пилоттық жобасы жүзеге асырылып, мектептің жоғары сынып оқушыларына бір уақытта мектепте және колледжде білім алу мүмкіндігі берілгенін атап өтті. М. Өтебаев атындағы Жаңа технологиялар және Техникалық колледж осы жобаға қатысып, 75 оқушыны қабылдаған болатын.
Ал «WorldSkills Kazakhstan» қозғалысының 10 жылдық тәжірибесі туралы «Talap» КЕАҚ өкілі Елнұр Бекташов баяндап, жаңа буын кадрларын даярлаудың халықаралық тәжірибесін бөлісті.
Шымкент қаласының Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкері Майра Абдраимова өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамасымен 2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып жарияланғанына тоқталды. Ол кәсіби кадрларға деген сұраныстың артып отырғанын, осы орайда колледждердің материалдық-техникалық базасын нығайту, кәсіпорындармен әріптестікті күшейту және мемлекеттік тапсырысты жұмысшы мамандықтарына көбірек бөлу қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, бұл бастаманың маңызды бағыттарының бірі – колледж оқытушыларының біліктілігін арттыру. Бүгінде педагогтер заманауи технологияларды меңгеріп, өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби дамуға арналған курстарға тұрақты қатысып келеді.
Жиын барысында Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Сабира Адамбекова дуальды оқытудың еңбек нарығына жол ашудағы маңызына тоқталды. Айтуынша қазіргі уақытта дуальды оқыту жүйесі аясында қалада 165 кәсіпорын 25 колледжбен тығыз байланыс орнатқан. Осы шеңберде 42 кәсіпорын 25 колледжді қамқорлыққа алған, ал 26 педагог кәсіпорындар базасында тағылымдамадан өтіп, тәжірибелік білімдерін арттыруда. Дуальды оқыту жүйесі студенттердің тек теориялық біліммен шектелмей, нақты өндірістік жағдайларда тәжірибе жинақтауына мүмкіндік береді.
«Мұнай Құрылыс Сервис» ЖШС директоры Мақсұт Әлімбеков болса бизнес пен білім серіктестігінің нақты нәтижелерін ұсынды.
Өндірістің өркендеуі, жеңіл өнеркәсіптің қарқынды дамуы, құрылыс саласындағы серпінді қадамдар, ауыл шаруашылығындағы ауқымды жетістіктер, медицинадағы оңды жаңалықтар, мәдениет, спорт пен туризмнің өрлеуі – барлығының бастауында білім жатыр. Сондықтан да заман талабына сай білімді, адал ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күн тәртібіндегі ең маңызды міндет. Тамыз конференциясында осы мақсатта арнайы бейнеролик таныстырылды.
Конференцияда білім сапасын арттыру, цифрлық трансформация, жасанды интеллектіні енгізу және жұмысшы мамандықтардың беделін көтеру мәселелері кеңінен талқыланды. Бұл – адал азамат, кәсіби маман тәрбиелеуді басты мақсат еткен ұстаздар қауымының ортақ мінбері болды.
Іс-шара барысында тәжірибелі өндірістік оқыту шеберлері де сөз алды. Энергетика және байланыс колледжінің өкілі Қымбат Мәдікәрімқызы жастардың техникалық білімге деген қызығушылығы артып келе жатқанын, түлектердің басым бөлігі мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, студенттер стипендиямен, оқу құралдарымен, жатақханамен және бір мезгілдік тамақпен қамтамасыз етіліп, жас мамандар біліктілікті арттыру курстарына жүйелі түрде жіберіліп отыр. «Бүкіл Қазақстан бойынша кеше Астана қаласына барып тамыз конференциясына қатысып келдік. Өте керемет өтті. Спикерлердің биылғы «Жұмысшы мамандықтар» жылы аясында цифрландыру негізінде, ІТ мамандықтарының деңгейін көтеру үшін көп жұмыстар атқарылып, колледждердің базаларын жаңартып, көтереміз деп айтқан сөздері өте қатты ұнады. Қалалық жиынға тек басшылар емес өндірістік шеберлердің, қарапайым ұстаздардың да шақырылуы біздің мәртебемізді бір көтеріп тастады»,- дейді Қымбат Көбеева.
Жиын барысында еліміздің білім беру жүйесіндегі өзге де өзекті тақырыптар көтерілді. «Биылғы жылы WorldSkills жобасын толыққанды жүзеге асыруға қатты мән берілуде. Оның негізгі мақсаты — дуальды оқытуды жүзеге асыру. Яғни, біз кәсіпорындармен ықпалдастықты жасау, меморандумға отыру арқылы тек теориялық емес, практикалық оқытуды да дамыту болып табылады. Өңірлік кластерлерді қалыптастыру және жергілікті ерекшеліктерді ескере отырып, колледждерді бейіндеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап студенттердің шәкіртақысы өсетін болады. Бакалавриат студенттері 52 372 теңге, ал педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша оқып жатқан студенттер 84 000 теңгеге дейін шәкіртақы алатын болады. Магистранттардың шәкіртақысы 117 098 теңгеге, докторанттардікі 262 500 теңгеге дейін артпақ. Әлеуметтік осал топтар үшін де шәкіртақы мөлшері едәуір ұлғайтылады. Жетім балалардың шәкіртақысы 30%-ға, мүгедектігі бар студенттердің шәкіртақысы 50%-ға артады. Бұл шаралар білім алушылардың оқу сапасын жақсартып, олардың әлеуметтік жағдайын жеңілдетуге бағытталған. Студенттердің жатақханамен қамтылу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес. Жоғары оқу орындарының жатақханаларында студенттердің сиымдылығы – 10 009 орынды құрайды. Дегенмен, қазіргі уақытта студенттер үшін жатақханаға тапшылық мәселесі жоқ. Алайда, қаламыздың үлкеюі және халық санының өсуіне байланысты 2025-2029 жылдарға 5 мың орындық жатақхана құрылысын салу жоспарланған. Тағы бір жаңашылдық – колледждерге өз өнімдерін және жұмыс берушілерден түскен қаражаттарды сату арқылы кірістерді иемдену мүмкіндігі беріледі. Бұл қаржыландырудың икемді моделі колледждердің дербестігін арттырып, өз ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Өңірдегі қажетті мамандықтарды анықтау үшін «Мамандығым – болашағым» жобасы аясында жаңа мамандықтар атласы әзірленуде. Бұл жоба еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, заманауи мамандықтарды анықтауға бағытталған. Сонымен қатар, 341 білім беру бағдарламалары Тізілімге енгізілді. Жаңа оқу жылынан бастап колледждер Тізілімге енген мамандықтарды оқытуға толық мүмкіндік алады. Шымкент қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің осындай жетістіктері қаланың әрі қарайғы әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосары сөзсіз»,- дейді Шымкент қаласы білім басқармасы техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің бас маманы Жасұлан Маратұлы.
Секциялық отырыстарда тәжірибе алмасу, өзекті мәселелерді талқылау және педагогтердің кәсіби әлеуетін арттыруға арналған ұсыныстар жасалды. Кеңес соңында бастамалар жүйеленіп, жаңа оқу жылында іске асырылатын ортақ шешімдер қабылданды.
Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген "Келешек" бағдарламасы да сөз болып, бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі жастарға болашақта жоғары білім алуға және баспана мәселесін шешуге мүмкіндік беретіні айтылды. Бағдарлама балалардың болашақта жоғары оқу орнында білім алуына немесе кәмелетке толғаннан кейін үй сатып алуы үшін еліміздегі кез келген екінші деңгейлі банктерде немесе сақтандыру компанияларында 5 жастан бастап қажетті қаражатты жинауға мүмкіндік береді. Бұл жүйе қаржылық сауаттылықты арттырумен қатар, студенттердің өз мамандығын саналы түрде таңдауына ықпал етеді.
Жұмысшы мамандықтарды дамыту ел экономикасының тұрақты дамуы мен болашақ ұрпақтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға маңызды үлес қосары сөзсіз. Шымкент қаласының бұл бағыттағы бастамалары өз нәтижесін беріп, еңбекқорлық пен кәсіби шеберлікті арттыруға серпін беретіні анық.
Атап өту керек, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалауды жүзеге асыру мақсатында Үкіметпен жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспар бекітілген, сондай-ақ Министрлікпен кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы қабылданды.
Еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету, кадрлар даярлаудың сапасын арттыру, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шаралары қамтылған Жұмысшы мамандықтарының жылына арналған жоспарлар әзірленді.
Іс-шаралар жоспарында өңірлік ерекшеліктер ескеріле отырып жасалған Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласы, техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, халықаралық деңгейдегі сертификатталған мамандарды дайындау, жұмысшы орындарын құру, жұмысшы мамандардың құқықтарын қорғау және мәртебесін көтеру қамтылған.
Жиын аясында білім беру саласына айрықша үлес қосқан педагогтер мен әріптестерге мемлекеттік марапаттар мен Алғыс хаттар табысталды. Марапат иелерін атап өтсек: «Парасат» ордені – еңбек ардагері Жеткерген Кеулімжаевқа, «Ерен еңбегі үшін» медалі – №15 мектеп-лицейдің мұғалімі Бибігүл Жасұзақоваға, «Ы.Алтынсарин» төсбелгісі – №56 мектеп директоры Ұлған Мамешоваға «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі, физика, химия, тарих, бастауыш сынып және басқа да пәндердің 12 үздік мұғаліміне табысталды. ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатымен қауіпсіздік органдары мен прокуратура өкілдері, денсаулық сақтау саласының қызметкерлері, «AMANAT» партиясының өкілдері, бірқатар мектептердің техникалық қызметкерлері марапатталды. Ал қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың қолынан марапат алғандар арасында мектеп және колледж ұстаздары, педагог-психологтар мен әдіскерлер, жаңа «Келешек» мектептерінің мұғалімдері бар. Тамыз конференциясы аясында өткен марапаттау рәсімі – білім саласында еңбек етіп жүрген ұстаздар мен әріптестерге көрсетілген зор құрметтің бір көрінісі болды.
Айта кетейік, қазіргі таңда шаһарда 14 мемлекеттік, 26 жекеменшік коледждер бар. Онда студенттер мемлекеттік грант негізінде білім алып, маман атанады. Жылдан-жылға жұмысшы мамандарға басымдық беріліп, баса назар аударылып келеді.
Шымкент қаласы әкімдігі Үкімет жоспарының жеті бағытын қамтитын арнайы өңірлік іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Жоспар алты бөлімнен және 59 тармақтан тұрады: 1. Жұмысшы мамандықтары жылын ұйымдастыру – 5 іс-шара. 2. Кәсіптік бағдар беру жұмысын дамыту – 12 іс-шара. 3. Жұмысшы кадрларды даярлау жүйесін жетілдіру және білім беру ұйымдарының тартымдылығын арттыру – 7 іс-шара. 4. Жұмыс берушілердің кадр даярлауға қатысуын кеңейту – 8 іс-шара. 5. Жұмысшы мамандықтарының имиджін ілгерілету – 10 іс-шара. 6. Жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру – 18 іс-шара.
Сонымен қатар өткен жылы алғаш рет 2 колледжде 10-11 сынып оқушылары жұмысшы мамандықтары бойынша эксперименттік білім беру бағдарламалары енгізілді. Пилоттық жоба бойынша 1,5 жылдан кейін оқушылар орта білім туралы аттестатпен қоса, тігінші, аспаз, авто-газ дәнекерлеуші мамандықтары бойынша диплом алып шығады.
Сондай-ақ, колледждерге талапкерлерді кәсіпорындардың өтінімдері бойынша жұмысқа орналастыру міндеттемесімен қабылдау жалғасуда. Ол бойынша жыл сайын 10 мың талапкер қабылданады. Бұл кадрларды еңбек нарығының талабына сәйкес дайындауға мүмкіндік береді.
Жоғарыда атап өткегіміздей барлық өңірде қазіргі таңда еңбек адамдарының имиджін көтеру, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу және кәсіптік-техникалық мамандықтарға жастарды тарту жұмыстары қарқын алған. Мұндай ауқымды жұмыстар Шымкент қаласында да жүйелі атқарылуда. Айталық қалалық «Жастар ресурстық орталығының» мамандары еркін форматта кеңес беру акциясын өткізді. Олар жастарға кәсіптік алудың жан-жақты жолын нұсқап, оқуға ынтасы бар жастарға бағыт-бағдар берді.
Ашық диалогқа 14 пен 35 жас аралығындағы жастар тартылды. Оларға мемлекеттік білім гранттары, кәсіби бағдар, оқу бағдарламалары мен еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар туралы нақты мәліметтер берілді. «Бүгінгі іс шарада «Жастар ресурстық орталығы және Еңбек мобильдік орталықтарымен бірігіп жастарға арнайы ақпараттық түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» болғандықтан техникалық мамандықтарға басымдық беріледі. Яғни осы бағыт бойынша көбірек ақпарат беріп жатырмыз. Қаламызда тегін кәсіптік білімді 18 жас пен 35 жас аралығындағы жастар ала алады. Қалада қай маманға сұраныс бар, сол мамандықтар бойынша оқытылады. Мектеп оқушыларын еңбекке тарту әрі табыс табу мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Қоғамдық жұмыс» жобасы бойынша қалада қаншама жастар демалыс уақытында түрлі мекемелерде еңбекке араласуда. Мысалы біздің «Жастар ресурстық орталығында» да біраз жасөспірімдер жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек «Алғашқы бос жұмыс орындары» деген бағдарламамен де мектеп оқушылары жұмыс істей алады. Бұл жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы қала тұрғындары қатыса алады. Биылғы жылы біз бұл жобаға 3400-ге жуық жасты қамтыдық. Жыл соңына дейін тағы да қамтылатын болады. Жалпы бұған дейін де біздің мамандар Арбат, сауда орындары, базарларда тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Әне-міне дегенше, жаңа оқу жылы да басталғалы тұр. Сол уақытта оқу орындары, колледждерге, университетерге барып, ондағы жастармен жүздесу ұйымдастыратын боламыз»,- дейді Шымкент қалалық «Жастар ресурстық орталығының» инспекторы Мағжан Тілепхан.
Сонымен қатар спикерлер жастарға жоғары және орта арнаулы білім беру саласындағы тегін оқу мүмңіндіктерін түсіндіріп, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу бағдарламалары туралы толық ақпарат берді.
«Қазіргі таңда «Мансап» орталығының тарапынан жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді оқу бағдарламасына жолдау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Кәсіптік оқу мерзімі 3 айға созылады және екі бағытта оқытылады. Біріншісі: білім беру ұйымдарында, оқу орталығында оқу, екіншісі: жұмыс берушінің жұмыс орнында оқу. Оқу орталықтарында оқитын азаматтар үшін 43574 теңге шәкіртақы төленсе , ал жұмыс берушінің жұмыс орнында оқитын азаматтар үшін 78640 теңге төленеді. Ол жерде қазіргі таңда сұранысқа ие, қаламыздағы тапшы сантехник, тігінші, электрик, дәнекерлеуші сынды кәсіптерді оқытамыз. Кәсіптік оқуға 18 жастан бастап зейнеткерлік жасқа дейінгі әрбір қаланың тұрғыны қатыса алады. Бірақ шектеулері бар. Яғни кәсіптік оқуға екі жылдан аспайынша қайта қатыса алмайды, сондай-ақ, қатысушы студент болмауы қажет. Бұл жобаға қатысу үшін Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы өтінім беруге болады. Биылғы жылға толықтай өтінімдер қабылдап, комиссия отырысы өткізіліп, тиісті мамандықтар бекітіліп қойды. Енді біздер әлеуметтік парақшаларымызда қандай мамандықтар оқытылатынын, қай уақытта, қай мекемелерде оқытылатынын жариялап жатырмыз. Кәсіптік оқыту жобасы бойынша Шымкент қаласында Абай, Әл Фараби, Еңбекші, Қаратау, Тұран аудандары бойынша 5 «Мансап» отралықтарында біркелкі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ұсынылған мамандықтардың ішінде тұрғындар өзіне ұнаған, оң жамбасына келетін мамандық бойныша оқимын десе осы «Мансап» орталықтарына жүгінсе болады. Немесе Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы үйінде отырып та өтінім бере алады. Бұл кәсіптік оқу бағдарламасы биылғы «Жұмысшы мамандықтар» жылында ғана емес бұған дейін де жүзеге асырылып келген жоба. Бірақ биылғы жылы «Жастар практикасы», «Күміс жас», «Алғашқы бос жұмыс орындары», «Қоғамдық жұмыс» секілді өзге де жобалар бойынша жұмыс іздеп келген жандарға дәл осы кәсіптік мамандықтарға көбірек бағыттап жатырмыз. Қалада оналасқан арнайы экономикалық аймақ, «Ордабасы» индустриалды аймағында, шағын, орта, ірі кәсіпорындарындағы бос орындар Enbek.kz электрондық еңбек биржасынде жүйелі түрде жарияланып тұрады. Сондықтан біздің мамандар шаһарда қай мамандыққа сұраныс жоғары екенін көріп, біліп отырады», -дейді Әл Фараби ауданы «Мансап» орталығының басшысы Нұрбол Шымкентбаев.
Өткен жылы шаһарда Еңбек мобильділігі тарапынан 670 тұрғын 26 мамандық бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданыпты.
Жұмысшы мамандықтарды даярлау – қазіргі заманның өзекті мәселелерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы да осының айқын дәлелі. Осыған орай, Шымкент қаласында жұмыссыз азаматтарды қайта даярлау және кәсіптік білім беру бағдарламасы аясында жаңа мамандық игеріп, бүгінде тұрақты жұмысқа орналасқан тұрғындар жетерлік.