Кәсіптік бағдар беру - табысты болашаққа маңызды қадам

spravedlivyj-kazahstan-kak-povysit-czennost-truda-i-prestizh-rabochih-professij-870x400.jpg«Экономиканы білікті мамандармен қамтамасыз ету – аса өзекті міндет. 

Ең алдымен, су, энергетика, құрылыс және басқа да салаларда 

қатты байқалып отырған кадр тапшылығын жою қажет.

Сондай-ақ болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін

 білікті мамандар даярлау керек»

                                                                                                                                                                                                                                          Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауынан      


Жаһандану мен индустрияландыру жағдайында сапалы жұмысшы кадрларды даярлау – кез-келген мемлекеттің саясатындағы негізгі міндеттің бірі. Дамыған елдерде өндіріс үшін кадрларды даярлауды сол мемлекеттің басқару құрылымында ерекше орны бар «Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі» атты мекеме іске асырады. Біріккен ұлттар ұйымының декларациясы бұл жүйені мың-жылдық даму мақсатына жатқызды. ЮНЕСКО сарапшылары маман жұмысшылардың әлемнің көптеген елінде тапшы болып отырғанына және сол елдер осы себепті экономикалық-әлеуметтік қиындықтардан шыға алмай жатқанына назар аударып отыр. Жұмысшы маман – қолданбалы кәсіптік білімді толық меңгерген, таңдаған мамандығына сәйкес инновациялық және IT-технологияларды меңгерген жұмыскер. Өндіріс орындары, ауыл шаруашылығы және басқа құрылымдар маман жұмысшылармен толық қамтылған елдерде экономика қарыштап дамитыны және олардың саяси жүйесінде әрқашан тұрақтылық болатыны белгілі.

         Жастарға кәсіптік білім беру, оларды жұмысшы мамандықтарына даярлау, мамандарды қайта оқыту және олардың біліктілігін көтеру – мемлекетіміздің білім беру саясатының негізгі бағыттарының бірі. Ел экономикасының қуаты кәсіптік білім беру жүйесінің өндіріс орындарын білікті жұмысшылармен жеткілікті қамтамасыз етуіне тікелей тәуелді. Маман даярлау жалпы білім беру базасы негізінде кәсіптік колледждерде жүзеге асырылады. 

         Баршамызға белгілі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Осыған орай техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау мақсатында Үкімет жұмысшы мамандықтар жылын ұйымдастыру жөніндегі республикалық жоспарды бекітті. Сонымен қатар, Білім министрлігі 2025-2027 жылдарға арналған кәсіптік-техникалық білім беруді трансформациялаудың Жол картасын қабылдады. Еліміздің барлық өңірлерінде жұмысшы мамандықтарының имиджін көтеру, кадрлар даярлау сапасын арттыру және жұмыс берушілермен ынтымақтастықты кеңейту шараларын қамтитын арнайы жоспарлар әзірленді.

          Шымкент қаласы – еліміздегі потенциалы жоғары шаһарлардың бірі. Мұнда индустриялды-инновациялық жобалар қарқынды жүзеге асырылып,  құрылыс, халыққа қызмет көрсету,  медицина, білім мен туризм салалары айтарлықтай дамуда. Ия, барлық саланың дамуына өз үлестерін қосатын ол әрине – жұмысшы мамандар. Сондықтан, үшінші мегаполисте жастарға кәсіптік, техникалық білім беру бағытына айрықша көңіл бөлінуде. Ал Мемлекет басшысының бұл бастамасы қалада колледждердің жұмысына жаңа серпін бергені анық. Бүгінде Шымқалада кәсіптік және техникалық  мамандарды даярлап отырған білім мекемелері жыл сайын қаншама түлектерді ұшырып, елімізге аса қажетті жұмысшы мамандардың орнын толтырып отыр.

476237619_1849748965767006_4401470815602668334_n.jpg

         Көлік шеберлерін даярлайтын колледж

        Осы ретте мегаполистегі Жол-көлік колледжін тілге тиек етпеске болмайды. Себебі ол қаладағы көлік жөндейтін мамандарды даярлап отырған бірегей оқу орны. Елу жылдан астам тарихы бар колледждің басты мақсаты -  жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанның экономикасын және өндірістік әлеуетін дамытуға қабілетті, аймақтың әлеуметтік-экономикалық  және білім кеңістігінде, сондай-ақ, бүгінгі нарық жағдайында теориялық және тәжірибелік дағдыларды меңгерген, жоғары жеке қасиеттерге ие, бәсекеге қабілетті, өз білімі мен біліктілігін дамыта алатын мамандарды даярлау болып табылады.  Шымкент қаласының білім басқармасына қарасты білім ошағында қазіргі таңда қажетті  деген 7  мамандық бойынша кәсіптік маман иелері даярлануда. Колледжде студенттердің заман талабына сай білім алуына барлық жағдайлар қарастырылған. 

        Биылғы жаңа оқу жылын колледж ерекше серпінмен бастады.  Ұжым 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Білімге бастар алғашқы қадам» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырды.  Салтанатты жиынға «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Ербол Байқонысов, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ролан Ибрагимов, «КТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС «ГП Шымкент» бөлімшесінің директоры Нұрдәулет Байғазиев, Жергілікті полиция бастығы, полковник Ерғали Сүлейменов, әлеуметтік серіктес «Royalmotors» ЖШС директоры Бағлан Көпбаев, сондай-ақ,  ата-аналар мен студенттер қатысты.

       Биылғы жаңа оқу жылында колледж құрамына 540 студент қосылды. Құттықтау сөз сөйлеген Ербол Байқонысов қатысушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, білім мен біліктіліктің маңыздылығын атап өтті: «Бүгінгі таңда елімізге кәсіби білікті мамандар ауадай қажет. Жол-көлік колледжі – осындай қажеттілікті қамтамасыз етіп отырған маңызды оқу орындарының бірі. Сіздерге тек білім алу ғана емес, оны іс жүзінде қолдана білудің жолын үйрену міндет. Әрқайсыңыздың алған біліміңіз ел дамуына үлес қосады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік, үздік нәтижелер мен биік жетістіктер тілеймін», – деді ол.

      Іс-шара барысында колледждің әлеуметтік серіктестері мен қонақтары студенттерге жылы лебіздерін білдіріп, білім жолында табыс тіледі.

      Көлік шеберлерін даярлайтын оқу орнының тарихы  сонау 1971 жылдан бастау алады. Дәл осы жылдың  шілдесінде Қазақ Совет Социалистік Республикасы Жоғарғы және орта арнаулы білім министрлігінің № 751-ші бұйрығымен  Шымкент автомеханикалық техникумы ретінде өз жұмысын бастаған болатын. Алғашқы кезде  «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету және жөндеу» мен  «Автомобильдерді техникалық пайдалану» мамандықтары бойынша мамандар дайындау жұмысы жүргізілді.  54 жыл ішінде колледж атауы бірнеше рет өзгерді: 1995 жылғы 11 желтоқсандағы ҚР Оқу министрлігінің № 312 бұйрығымен Шымкент автомеханикалық техникумы Оңтүстік Қазақстан автомеханикалық колледжі деп өзгертілсе, 1995 жылы 8 мамырдағы ҚР Үкіметінің № 814 қаулысы және ОҚО әкімінің 18.06.1997 жылғы № 14 шешімімен Оңтүстік Қазақстан автомеханикалық колледжі Шымкент аграрлық-техникалық колледжі болып аталды. Ал 2003 жылы 14 наурыздағы ОҚО әкімінің № 120 қаулысымен Шымкент аграрлық-техникалық колледжінің автомеханикалық кешені – Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар колледжі болып өз алдына бөлініп шығады.  2016 жылы 16 маусымдағы ОҚО әкімінің № 173 қаулысымен  «Жол-көлік колледжі» болып  жаңа атауға ауыстырылады.

        Алғашқы іргесін қалаған жылдары  мұнда небәрі екі мамандық оқытылса, бүгінде Жол-көлік колледжінде жеті мамандық бойынша мамандар даярланады. Атап айтқанда:  «Автомобиль көлігіне қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану»,  «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және басқару»   (салалар бойынша), «Тасымалдауды ұйымдастыру және көлікте қозғалысты басқару»   (салалар бойынша), «Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы», «Теміржол көлігіндегі автоматика, телемеханика және қозғалысты басқару», «Жол– құрылыс машиналарын техникалық пайдалану» (түрлері бойынша), «Жол қозғалысын ұйымдастыру» мамандығы.

492151324_1906572323418003_3656377307349372279_n.jpg

        «Колледж бүгінгі заманға сай, сұраныстағы мамандарды даярлайтын оқу орны. Біздің түлектер еліміздегі, қаладағы көптеген ірі мекеме, кәсіпорындарда қызмет істеп жүр. Жалпы біздің мамандар барлық салаға қажетті деп саналады. Референдум нәтижесімен елімізде салынатын  Атом электр станциясының құрылыс жұмыстарына да осы жұмысшы мамандар тартылатын болады. Өздеріңізге белгілі мемлекет колледждер үшін жан басына шаққандағы жаңа нормативтік қаржыландыруды енгізді. Бір студентті оқытуға бөлінетін орташа қаржы көлемі 437 мың теңгені құрайды. Ал жаңа оқу жылынан бастап нақты көрсеткіштерге қол жеткізген колледждер үшін бұл сома екі еседен аса өсіп, орта есеппен 912 мың теңгені құрайтын болады. Бұл жаңалық бізді қатты қуантып отыр. Себебі бұл колледжімізді жаңа белестерге көтермек. Айталық материалдық-техникалық базамыздың нығаюына, ұстаздарымыздың, шәкірттеріміздің жан-жақты  іс тәжірибеден өтуіне жол ашады. Қазіргі таңда колледжіміз жергілікті мекемелерді айтпағанда халықаралық байланыс орнатып отырған оқу орны. Өзбекстанда көлік құрастыру ісі жақсы дамыған. Ташкент қаласындағы автомобиль құрастыру зауыты және колледждермен байланыс орнатқанбыз. Одан бөлек Қырғызстан елімен де меморандум жасалған. Енді осы байланыстардың көкжиегін кеңейтіп, Қытай елімен де тығыз жұмыс жасасақ деген жоспарымыз бар. Ол үшін алғашқы қадам жасалды. Өткен жылдың күзінде Алматы қаласында өткен үлкен конференцияда біздің колледждің өкілі де қатысып, сол жиында Қытай елінің мамандарымен кездесіп, өзара меморандумға отырып келген болатын. Енді жоғарыда атап өткен қаражаттың көбеюіне байланысты алдағы уақытта  ұстаздарымыз бен шәкірттеріміз аспан асты еліндегі ірі кәсіпорындар мен оқу орындарына барып, ол жақтың өндірісін, оқу процесін көзбен көріп, тәжірибе жинақтап қайтатын болады.   Әлемде автомобиль, транспорт, жол  саласындағы жетістіктері бойынша  Қытайдың үлесі басым болып жатыр. Сондықтан мұндай әріптестік біздің колледжімізді, студенттерімізді  жаңа белестерге жетелейді деп сенеміз.  Жалпы колледжімізде дуальды оқыту жүйесі қалыптасқан. Студенттер теориялық дәрістен бөлек өндірістік сабақтарды да өте алады. Ол үшін оқу орнында барлық жағдайлар жасалған. Қазір техниканың дамыған заманы ғой. Автокөлік жөндеу, техникалық қызмет көрсету саласында да жаңа қондырғылар пайдаланылуда. Біздің колледжде де  он адамның жұмысын жалғыз өзі атқаратын заманауи аппараттарымыз бар. Шәкірттер оларды игеріп, оқу барысында пайдаларына жаратуда. Мемлекет басшысының жұмысшы мамандықтарға аса көңіл бөлуінің арқасында өткен жылы студенттеріміздің шәкіртақысы да өскен болатын. Оқу орнында жастарға сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалған. Спорт зал, акт залы, жатақхана, кітапхана бәрі бар. Қалалық білім басқармасы тарапынан  мұғалімдердің іс-тәжірибеден өтуіне, балалардың практикадан өтуіне,  түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысуға,  басқа мемлекеттерге іс-сапарларға шығуға қолдау көрсетіліп келеді. Қысқаша айтқанда жастардың білім алуына барлық қажетті жағдайлар жасалған. Тек  білім алушылар тарапынан білімге, оқуға деген ынта болса болды»,- дейді колледж директорының  оқу ісі жөніндегі орынбасары Берік Ешимов. 

     Колледжде оқытылатын негізгі мамандықтың бірі -  автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу  және пайдалану. Бұл бойынша студенттер қосымша автоэлектрик, автомобиль жөндеу слесарі біліктіліктерін меңгеріп шыға алады. Аталмыш мамандықты меңгеріп жатқан студенттер үшін мұнда теориялық дәрістер мен практикалық сабақтарды өтуге арналған арнайы жабдықтардың барлығы қарастырылған. «Колледжде қазіргі таңда  екі  мыңға жуық студент оқиды. Жүзден астам ұстаздар мен өндірістік оқыту шеберлеріміз бар. Өндірістік  іс-тәжірибеден өтетін мекемелерге студенттерді осы өндірістік оқыту шеберлері алып барып, таныстырып, қадағалап жүреді. Біздегі оқытылатын мамандардың барлығы сұранысқа ие кадрлар. Әсіресе жол салу саласында таптырмайтын геодезистерге сұраныс жоғары. Техник-механиктер де сұраныста. Себебі қаламызда көліктердің саны жыл санап артуда.  Түлектеріміздің 80 пайызы  жұмыспен қамтылуда. Үйіндегі гаражынан  көлік жөндеу шеберханасын ашып алған түлектер де бар. Екі-үш жігіттер бірігіп, қаладан ірі көлікке қызмет көрсету орталықтарын ашып жатқандары да бар»,- дейді оқу орнының орынбасары. 

491998125_1902560183819217_2439650822990778586_n.jpg

        Колледждегі өндірістік оқыту шеберлері барлық  мамандық  түрі бойынша білім алып жатқан студенттерге техника тілін жан-жақты үйретіп, білікті маман атанып шығуларына ат салысуда. «Практикалық сабақтар гараж кешінде өтеді. Студенттер теориялық алған білімдерін осы жерде практикада шыңдайды. Бұл жерде автокөліктің қозғалтқышы, электр  жабдықтарын жөндеу, диагностикалық құралдары, көтергіш крандар секілді жабдықтарымыз бар. Одан бөлек арнайы көліктеріміз бар. Шәкірттер көліктердің шіріген жерлерін кесіп, дәнеркерлейді. Майысқан жерлерін түзетеді. Бізде жұмыс берушілермен арнайы келісім- шарттар жасалған. Мысалы  қаладағы тойота,  шевролет орталығы бар. Сол мекемелерде студенттеріміз тәжірибеден өте жүріп,  арнайы маман болып  жұмысқа орналасып жатыр. Бұл дуальды оқыту жүйесінің жемісі. Жалпы дуальды жүйенің негізі  артықшылығы  – болашақ жас маманның оқу орны мен өндірісте қатар оқуы. Дуальды жүйенің мақсаты - түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткішін жоғарылату. Бүгінде осы жүйенің арқасында дуальды жүйе бойынша білім алған колледж түлегі жұмыссыз қалмайтынына сенім артып келеді. Саладағы жақсы маман дайындауға деген талпыныс өз нәтижесін беруде. Сондықтан кәсіптік білім берудің болашағы зор деп сеніммен айта аламыз!»,- дейді  арнайы пән оқытушысы Мұқағали Рахманберді.  

       Озық технологиялы оқу ордасында әрбір мамандыққа аса ден қойып оқытылады. Көлік жөндеу біз бен сіз ойлағандай оңай шаруа емес. Оның да мамандары түрлі салаларға бөлінеді. Мәселен бірі көліктің моторын жөндеудің шебері болса, екінші бірі электр жабдықтарын бес саусағындай біледі. Сол секілді көлікті  сырлау мен бояуға да асқан шеберлік қажет. Колледжде көлік бояу шеберлері де даярланады. Ол үшін оқу базасында арнайы сырлау-кептіру камерасы бар. «Аталған камерада жөнделіп болған көліктер жеткізіліп, сыртқы детальдары боялады. Студенттер мұндай жұмыстардың барлығын өздері жасап, үйренеді. Бояуларды шашқан кезде студенттерімізге зиянын тіигізбес үшін фильтр қолданамыз. Яғни ол бояудан шығатын зиянды заттарды тазалап, сүзіп отырады. Бояудан кейінгі екінші этап кептіру процесі жүргізіледі. Камерада арнайы температураны реттейтін қондырғы бар. Яғни боялған көлікті кептіру үшін шәкірттер температураны өздері реттеп отырады. Бұл мамандықтарға қазір сұраныс өте жоғары. Соған сай студенттеріміз де жыл санап артып келеді»,- дейді өндірістік оқыту шебері Киелібек Жүнісов.  

         Мамандардың айтуынша Шымкент қаласында автоэлектрик маманы болуға қызыққан жастар қатары артып келеді. Осыдан бес жыл бұрын осы мамандықты игеруді мақсат етіп, оқуға талаптанғандардың қатары небәрі 200-дің  төңірегінде болса қазір екі есеге көбейген. Өйтені автоөндіріс қарқынды дамып, технология күрделенген сайын мұндай шеберлерге сұраныс артып жатыр. 

        Колледж студенті Бексұлан қазір автокөліктерді  өз бетінше компьтерлік диагностикадан өткізіп, ақауын анықтай алатын деңгейге жеткен. Ауылда үлкендердің жанында жүріп, осы кәсіпке қызыққан ол мектеп жасының өзінде стартер мен генераторларды жөндеп үйренген. Қазір ұстаздарымен бірге қосымша ізденіп, электромобильдердің жабдықталуын де зерделеп жүр. «Осы мамандықты жақсы үйреніп, біліп шықсам, келешекте  жұмыссыз қаламын деп ойламаймын. Себебі мен жеке өз кәсібімді ашсам да,  мекемелерге жұмысқа тұрсам да  сұранысқа ие маманмын. Мен автокөліктің бәріне қызмет көрсете аламын»,- дейді  Бексұлтан Жақсыбек. 

      Бүгінде Жол-көлік колледжінде Бексұлтан секілді екі мыңға жуық бала теміржол және автокөлік жөнжеу мамандығын игеріп жатыр. Жыл сайын білім ұясынан мемлекет  тарапынан 500 оқу гранты бөлінеді. Одан бөлек студенттердің шәкіртақыларды  да жоғары. Былтыр колледжге оқуға түсу үшін 700-ден астам талапкер құжат тапсырған. 

         Жарты ғасырдан астам көлік саласының мықты кадрларын даярлап келе жатқан колледж қазіргі таңда өңірдегі отыздан астам кәсіпорын, мекемелермен әріптестік орнатқан. Олардың қатарында: «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ филиалы, «Шымкент магистралдық желі бөлімшесі» «ҚТЖ-жүк тасымалы» жауапкерлігі шектеулі серіктестігінің «ГП Шымкент бөлімшесі» филиалы, «ЭКО-Битум» ЖШС, «Vertex Construction KZ» ЖШС, «ПК Шымкентдорстрой» ЖШС,  «ЛКС-сервис» ЖШС, «Меркурий» ӨК,  «ПремиумСтройСервис» ЖШС, «Truck Auto Service» ЖК, «Корпорация «Береке А» ЖШС тағы басқалары бар. 

          Тәуелсіз Елдің болашағы да, тірегі де, ХХІ ғасырдың жастары жан-жақты кәсіби  біліммен қаруланған, өздігінен қиындықтан шығуға жол табатын кез-келген бәсекелестікке төтеп бере алатын маман тұлға болуы қажет. Осындай тұлғаларды тәрбилелеу кәсіптік білім мекемелерінің қызметкерлеріне зор міндеттер жүктейді. Колледжде оқытушылар мен  студенттердің шығармашылық жұмыстармен айналысуына, нәтижелі жұмыс жасауына барлық жағдай жасалынған және мәдени өмірге қатысуына мүмкіндігі жоғары.  Колледж студенттерінің білім сапасын арттыру мақсатында колледжде «Жас техник», «Жас жолшы», «Жас диагност», «Жас механик», «Жас сигналист», «Жас электромеханик», «Жас диспетчер», «Жас физик», «Жас химик», «Жас математик»,«English club», «Поэзия әлемі», «Мәдени мұралар», «Шебер қолдар» үйірмелері жұмыс жасайды. Сонымен қатар колледж  студенттерінің жаңа технология мен ақпараттандыру бағыты және робототехника саласын терең меңгерту мақсатында ІТ Робототехника үйірмесімен қоса, спорттық секциялар (волейбол, баскетбол, тоғыз құмалақ, шахмат, дойбы) жұмыс жүргізеді. 

491936831_1901759770565925_2738606679951812216_n.jpg          Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында электронды дәуірдегі дәстүрлі кітапхананың ағартушылық роліне тоқталып, кітапханалардағы кітап қорына жаңартулар мен толықтырулар енгізудің аса маңызды екенін атап айтқан болатын. Осыған орай, колледж кітапханасын қайта жаңғырту мақсатында мобильді телефонның камерасы арқылы жылдам тану үшін ақпарат беретін, екі өлшемді штрих код арқылы жасалған көркем әдебиеттер жүктелген стенд жасалды. Бұл заманауи стенд оқытушылар мен студенттер және жалпы оқырмандар үшін жылдам әрі қол жетімді. Сондай-ақ, студенттердің білім кеңістігіндегі жетістіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті әрі қазіргі қоғамда өзара байланыс орната білетін тұлға болып қалыптасуы мақсатында және республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасы шеңберінде колледж кітапханасы «Оқырман ұстаз» клубы және «Кел, бірге оқиық» атты жаңа бағыттағы үйірме жұмыстарын бастады. Осындай үйірмелердің жүргізген үздіксіз жұмысының нәтижесінде колледж студенттері колледжішілік, қалалық, облыстық, республикалық тәрбиелік мәні бар  іс-шаралар мен түрлі байқаулар, конкурстар, ғылыми-практикалық конференциялар, спорттық сайыстарға үздіксіз қатысып келеді. Колледждің әрбір оқу жылындағы басты бағыты –  тәрбие мен білімді ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Осы бағытта, колледж ұжымы – жастардың жан-жақты дамуына аянбай еңбек етуде.

     Білім көкжиегінде елеулі орны бар білім ордасы – талай жастарды өмірге қанаттандырып, өзіндік айқындамасы бар нағыз азамат болып қалыптасуына ерекше еңбек сіңіруде. Осы бағытта жүйелі жұмыс атқарып отырған колледж оқытушылары үлкен жетістіктерге қол жеткізуде. Бастыларын тізбектеп өтсек:  Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен өткен «Жыл көшбасшылары-2024» премиясында колледждің мықты өкілдері жоғары бағаланып,  ұстаз Фариза Жұмаханқызы — «Үздік жас мұғалім» номинациясының жеңімпазы атанса,   Диас Базаралыұлы — «Үздік студент» атанды.  Бұл үлкен жетістіктер колледждің жоғары деңгейде білім беру мен тәрбиелеу жұмысының жемісі болып табылады. Өткен жылы  ұлағатты ұстаз   Гүлжан Ағабекқызы Астана қаласында тәуелсіздік жылдары Қазақстан республикасының әлеуметтік–экономикалық дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың арасында өткізілген «Қазақстан Республикасының құрметті қайраткері» атты республикалық байқауына қатысып, жүлделі І орынды иеленгені де колледждің мәртебесін айқындап тұрғандай.  Гүлжан Ағабекқызы студенттерге ғылыми-практикалық конференцияларға ғылыми жобаларды дайындауда бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетіп жүрген жаңашыл ұстаз. Сондай-ақ, өткен жылдың соңында Астана қаласында өткен халықаралық «Жылдың үздік студенті – 2024» конкурсында Жол – көлік колледжінің студенті Лейман Станислав (ғылыми жетекшісі Саханова Гүлжан ) жұмысы үздік деп табылып, жеңімпаз атанған болатын. Станислав дарынды, ізденімпаз студент. 2023 жылы Россия Федерациясы Саратов қаласында өткен ғылыми конференцияның І орын иегері. Халықаралық деңгейде Қазақстан Республикасында өткізілген бірнеше ғылыми конференциялардың жеңімпазы болып табылады. Былтырғы  ІХ республикалық «WorldSkills Kazakhstan-2024» чемпионат нәтижесі бойынша Жол-көлік колледжінен қатысқан  студент  Губайдуллин Руслан  «Жеңіл автокөліктерді жөндеу және қызмет көрсету» құзіреттілігі бойынша жүлделі ІІ орынды иеленіп, күмістен алқа таққаны ұжымды бір қуантып қойды. Және де  Ақтөбе қаласында техникалық және кәсіптік орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтары арасында республикалық кәсіби шеберлік конкурсында   «Теміржол көлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару» құзіреттілігі бойынша арнайы пән оқытушысы Нұрданов Нұржан  жүлделі 1-орынды иеленіп қайтқан болатын.  Осы секілді колледждің педагогтары мен шәкірттері талай шыңдарды бағындырып жүрген жайы бар. 

8-1.jpg

          Теміржол  мамандарының  ұстаханасы

        Теміржол саласы – ел экономикасының күретамыры, қозғаушы күші, отандық экономиканың басты, стратегиялық сегменттерінің бірі. Көлік қызметі елдің өнеркәсіптік, технологиялық әлеуетін нығайтуда, өңіраралық, халықаралық байланыстарды дамытуда үлкен рөл атқарады. Өндіріс, сауда, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, логистика сияқты секторлардың дамуына тікелей әсер етеді. Халықтың өмір сүру сапасы көбінесе осы саланың сенімді, үздіксіз жұмыс істеуіне байланысты.

      Қазіргі таңда еліміздің көлік кешені қуатты өндірістік, ғылыми-техникалық, кадрлық әлеуетке ие. Сала қызметкерлерінің күнделікті тынымсыз еңбегінің, кәсібилігінің, іске жауапкершілікпен қарауының арқасында кешенді жаңғырту, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру, жүктерді жеткізу, қызметтер мен жұмыстардың аясын кеңейту, көлік инфрақұрылымын жетілдіру, озық технологиялар енгізу, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі мақсат-міндеттер барынша ойдағыдай жүзеге асырылып келеді.

       Шынында, еңбек нарығын жұмысшы мамандықтарсыз елестету тіпті де мүмкін емес. Оның ішінде теміржолшылардың орны ерекше. Ел экономикасының күретамыры саналатын осы теміржол саласына білікті мамандар қалай даярланады? Теміржол десе көз алдымызға тепловоз, вокзал маңы, сосын вагондардағы жолсеріктер елестейді. Көбіміз онымен тек жолаушы ретінде таныспыз. Бұл салада еңбек ететін мамандарды да бір сөзбен теміржолшы деп айтамыз. Ал бірақ, бұл атаудың артында бірнеше мамандық иесі тұр. Олардың қатарында машинист, жолшы, жолсерік сияқты жұмысшылар, инженер, вагон қараушылар, вагон құрастырушылар, диспетчер, станция, вокзал мен бөлімшелер бастығы, станса кезекшілері сияқты қызметкерлер бар. Бірі қара күшті қажет ететін жағында, енді бірі зерделі зейін мен жедел әрекетті талап ететін сатыларында жұмыс істейді. Қызметтің бір парасы техникалық терең біліммен атқарылады. Тәулік бойы тынымсыз тер төгіп жүрген жұмысшылардың еңбегі ерен. Шымкентте осындай құрыш білекті  мамандарды даярлайтын оқу орны бар. Ол -  М.Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжі. Аталған оқу орны техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының ішіндегі Түркістан облысы және Шымкент қаласы бойынша теміржол саласына мамандар даярлайтын білім ордасы ретінде танылған. Сондықтан оқу орнын әлеуметтік серіктестермен байланысты нығайтатын «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның орта буын кадрлар дайындайтын оқу мекемесі деп айтуға болады. Себебі осы күндері колледжде 1200-ден астам студент білім алып жатқан болса, оның бәрі де жоғарыда аталған теміржол саласының кадрлық сұранысын өтеуге негізделген. Айталық, локомотив пен вагон жөндеу слесарі, машинист көмекшісі, тасымалдауды ұйымдастыру мен сигнал беру, орталықтандыру мен бұғаттау құрылғыларына қызмет көрсету және жөндеу жөніндегі электромонтер, телекоммуникациялық байланыс жүйелері технигі сынды кәсіпті меңгеріп шыққан жастарға сұраныс өте жоғары.  

       Отандық білім берудің халықаралық деңгейдегі позициясын нығайту мүддесінде жүйелі оқытудың жаңа сапасына қол жеткізу үшін жоғары білікті орта деңгейдегі мамандарды даярлауды мақсат еткен колледжде 12 біліктілік бойынша 7 мамандық оқытылады. Олар: темір жолдың электротехникалық жүйелерін электрмен жабдықтау, пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, темір жолдың жылжымалы тартқыш құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету, темір жолкөлігінде тасымалдауды ұйымдастыру және қозғалысты басқару,  автоматика, телемеханика және темір жол көлігіндегі қозғалысты басқару, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы және  темір жолдың вагондар мен рефрижераторлы жылжымалы құрамын пайдалану, жөндеу және техникалық қызмет көрсету.  

image.png

          «М.Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжі темір жол көлігі мамандарын даярлау саласындағы Қазақстан Республикасының техникалық және кәсіптік білім берудегі (ТжКБ) жетекші оқу орны болып табылады. Біздің колледж қоғамның үнемі өзгеріп отыратын жағдайларына тез бейімделе алатын жоғары білікті жаңа буын кадрларын дайындайды. Ол үшін колледж еңбек нарығының қарқынды өзгеріп отыратын қажеттіліктері жағдайында мамандарды даярлау мен қайта даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру бойынша үнемі жұмыс жасайды. Өз өмірін колледж қабырғасында оқумен байланыстыратын талапкерлерге біз жұмысқа орналасуы және түлектердің кәсіби мансабын сүйемелдеуге, білім беру саласында заманауи технологиялар мен инновацияларды пайдалануға кепілдік береміз.  Біздің оқу орнымызда бүгінде білім алып жүрген 1200-ден астам студенттің бәрі тікелей теміржол саласына қатысты кәсіптің қыр-сырын меңгеруге бағытталған. Яғни, күні ертең осы студенттеріміз ҚТЖ-ның қызметкері атануы бек мүмкін. Сондықтан да біз өз шәкірттеріміздің теміржол төңірегінде жүруін тек диплом алған соң ғана емес, қазірден қамтамасыз етеміз. Бұл теориялық білімді практикамен ұштастыруда тиімді тетік», - дейді оқу орнының басшысы Ерзат Өтебергенов. Оның айтуынша, өткен оқу жылында колледждің 700 студенті өңірдегі 11 темір жол мекемелерінде өндірістік, диплом алды және кәсіптік тәжірибеден өткен.  

      Темір жол саласына қажетті жұмысшы мамандарды даярлап отырған оқу орны студенттердің сапалы білім алуы үшін заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Мұнда компьютерлік сыныптар, 10 мамандықтар бойынша зертханалық кабинеттер, 4 шеберхана орналасқан. Сондай-ақ, заманға сай жабдықталған оқу кабинеттері, асхана, кітапхана, спорт, акт залдары, медициналық пункт, спорт алаңы бар.  Колледжде барлық мамандықтардың оқу процессінде интерактивті тақталар мен мультимедия жүйелері жаңа технология ретінде жиі қолданады. Жалпы оқу процессіне 120 компьютерлер енгізілген. 

image.png

      Бүгінде Ерзат Шахатұлы жетекшілік ететін оқу орнының басым бағыты теміржолшы мамандар даярлау ісі болғандықтан, білім ордасының жергілікті теміржол мекемелерімен өзара байланысы біріздендірілген. Яғни, техникалық және кәсіби білім беру мекемесі мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық келісімшарты бекітіліп, студенттердің өндірістік практикадан өтуіне мүмкіндіктер қарастырылған. Атап айтқанда, болашақ маман иелері «ҚТЖ» ҰК» АҚ Шымкент магистралдық желі бөлімшесі филиалы мен «ҚТЖ–Жүк тасымалы» ЖШС-нің барлық станция, деполары мен дистанцияларында, одан бөлек жылжымалы құрамдарға түрлі сервистік қызмет көрсететін «S.G.M. Group» ЖШС, «Best Building Service» ЖШС, «Транстелеком» АҚ-ның «QAZINPRO GROUP» ЖШС-і мен «QAZINPRO GROUP» ЖШС-і сынды филиалдарында тәжірибеден өтіп, білімдерін шыңдай алады. «Темір жол көлігі – көлік кешенінің жетекші саласы, жүктер мен жолаушыларды алыс қашықтыққа тасымалдайтын басты қатынас құралы. Темір жол көлігі локомотивтер мен вагондардан тұратын, арнайы реліс жол арқылы тасымалдауға арналған көлік түрі болып табылады. Темір жол көлігінде тасымал құны басқа көлік түрлерімен салыстырғанда біршама төмен, қатынауы тұрақты. Қазақстанның ішкі құрлықтық орналасуы жағдайында Темір жол көлігі елдің көлік кешенінің құрамында аса маңызды рөл атқарады. М.Тынышбаев атындағы Шымкент көлік колледжінің ұжымымен тығыз қарым қатынастамыз. Колледж студенттерін оқу практикалық іс тәжирбеден өткізу жұмыстарын бірлесе атқарудамыз. Осы білім мекемесінде білім алып жатқан жастарға Қазақстанның темір жол саласы бойынша жұмыстарды жүргізуге және еліміз үшін аянбай еңбек етуге тәрбиелеудеміз. Облыс және қала бойынша бірден бір бірегей оқу орыны болып есептелінеді. Сондықтан осы колледждің бітіруші түлектерін, өзіміздің мекемеден іс тәжирбеден өткен білікті жас мамандарды жиі жағдайда  жұмысқа алып қаламыз.  Сонымен қатар Қазақстан темір жолы саласы бойынша жақсы денгейде мамандар дайындайтын білім ордасы болғандықтан, оқу орынмен үнемі бірігіп жұмыстар жүргізудеміз. Қазақстан темір жолынының өркендеуіне өз үлесімді қосамын деген еліміздің талапкер жастары, осы аталмыш білім ордасын тандап оқыса деймін»,- дейді «Арыс станция» бас инженері М.Мырзахметов. 

         Колледждің серіктестері студенттерді практикадан өткізуге жағдай жасап қана қоймай, қанмаша түлектерге жұмыс орнын тауып беріп отыр.  «Қазақстанның Темір жол көлігі елдің көлік кешенінің құрамында аса маңызды рөл атқаратын ұлттық компания. Еліміздің өркендеуіне бірден бір үлесін қосып келе жатқан сала болғандықтан, Шымкент қаласының аумағында орналасқан М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының Шымкент көлік колледжінің ұжымымен қарым қатынасымыз жақсы. Осы білім ордасында оқып жатқан студенттер оқу практикасын біздің мекемеде өткізуде. Қазақстан темір жол саласының жақсы жетістіке жетуі бойынша білім алып жатқан студент жастарымызды, тәлім тәрбие беріп, еліміздің өркендеуі үшін аянбай еңбек етуге тәрбиелеудеміз. Түркістан облыс және Шымкент қаласы бойынша темір жол саласына мамандар дайындайтын бірден бір оқу орыны М.Тынышбаев атындағы Шымкент көлік колледжі болып табылады. Сондықтан осы колледждің бітіруші түлектерін, біздің мекемеден практикадан өткен студент жастарды, жұмысқа шақырудамыз. Қазақстан темір жолы саласы бойынша жақсы денгейде мамандар дайындайтын білім ордасы болғандықтан, оқу орынмен үнемі бірігіп жұмыстар жүргізіледі. Отанымыздың өркендеуіне соның ішінде Қазақстан темір жолынының жақсы қалыптасуына өз үлесімді қосамын деген талапкер жастары, осы аталмыш оқу ордасында жақсы білімің алып үлкен белестерден көрінсе деген ойым бар. Біздің мекемемен алдағы уақытта екі жақты келісім бойынша болашақ еліміздің жастарына оқу орнымен бірлесіп жұмыстар атқарамыз деп ойлаймын»,- дейді «S.G.M. GRUP» ЖШС директоры Б.Ескермесов.

image.png

Айта кетейік, осы жылдың басында колледж бен Қытайдағы беделді оқу орны — Чунцин электро-энергетика колледжі арасында тәжірибе алмасу және өзара ынтымақтастық туралы келісімшартқа қол қойылған болатын. Бұл серіктестік аясында: студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығы жүзеге асады; білім беру бағдарламалары мен әдістемелермен алмасу жүргізіледі;  бірлескен жобалар мен халықаралық шаралар ұйымдастырылады. Бұл қадам — білім сапасын арттыруға, халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауға және кәсіби біліктілікті көтеруге үлкен мүмкіндік дейді колледж басшылығы.

      Жалпы, колледж «ҚТЖ»-ның еншілес оқу мекемесі санатында болғандықтан, мұндағы ұстаздар қауымының басым бөлігі де темір жол саласының тіс қаққан тәжірибелі мамандары десек те болады. Қазіргі кезде оқытушылық құрам санатында 1 техника ғылымдарының кандидаты мен 9 магистр болса, оның 2-і педагог-зерттеуші, 4 педагог-сарапшы және 9 педагог-модератор бар. Оның ішінде айрықша атап өткіміз келетіні колледждің ардагер оқытушылары қатарында Уалихан Жұмағұлов, Темірхан Ахметов, Жалмағанбет Наурызалиев, Нұрлан Жаманқұлов сынды сала майталмандары бар.   

     Сонымен қатар, директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары, жоғары санатты ұстаз Гаухар Мұхажанованың айтуынша, бүгінгі таңда колледжде ұрпақтар сабақтастығын үзіп алмауға басымдық берілген. Сондықтан да мұнда ұстаздар қауымы ардагер теміржолшылар мен студенттердің кездесуін жиі ұйымдастырып тұрады. Өңірдің танымал теміржолшысы Нұрғали Нұртаев пен Асылбек Алниязов, Пернебек Әбдешов пен Мырзахан Сүгірбаев секілді тәжірибесі мол, айтары көп азаматтардың қатысумен жиі басқосу өткізу дәстүрге айналған.

       Айта кетейік, жыл сайын орта есеппен 250-ден астам теміржол саласына қажетті маман иелерін дайындап шығатын оқу орнында білім алу мемлекет есебінен жүргізіледі. Студенттерге шәкіртақы тағайындалуынан бөлек, жатақханамен де қамтылғаны көңілге қуаныш ұялатады. Ұстаздардың түсіндіруінше, көп жағдайда аталған оқу орнына шалғай станциялар мен перегон, бекеттерде жылдар бойы тер төккен теміржолшылардың ұл-қыздары түсіп жататын сәттер аз емес. Ал енді осындай маман даярлау ісінде маңызды рөлге ие оқу орнының жұмыс қарқыны мемлекет басшысы айқындап берген, Үкімет бекіткен бағдарламалармен ұштасып, іске асып жатуы жоғары жетістіктердің кепілі болса керек.

     М.Тынышбаев атындағы Шымкент ALT көлік колледжі   жеке тұлғаны әлеуметтік – экономикалық бағытында дамыту үшін, еңбек нарығының сұранысына сәйкес тұлғаның жеке қажеттілігін ескере отырып, үздіксіз білім беру жағдайында техникалық және кәсіптік мамандарды дайындау бағытында зор үлес қосуда. Оқу ордасының негізгі мақсаты теориялық білім мен іс-тәжірибені ұштастырып, болашақ кәсіби құзыретті маман дайындау болып келеді. Колледж түлектері бүгінгі таңда республиканың  түкпір-түкпірінде өз мамандықтары бойынша абыройлы еңбек етуде.

     Техникалық және кәсіптік білім беру саласын реформалау – экономиканың бірден-бір драйвері, экономиканы көтеретін қозғаушы күш. Оның нәтижесін қарапайым халық та көретіні айқын. Кәсіптік білім – нәсіп табудың негізгі жолы әрі ел экономикасының қуатын арттыратын тетік. Сондықтан бұл мәселе күн тәртібінен түспек емес және одан сайын дами түсетініне сенім мол. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мемлекет басшысы соңғы өткен Съезден бері әлемде өте жағымсыз үрдістер белең алғанын айтты
  • Тоқаев: Қазақстан жері ежелден түрлі мәдениеттер тоғысып, өркениеттер өзара біте қайнасқан мекен
  • Тоқаев әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің ашылуында сөз сөйледі
  • Шымкент: 2025 жылы инвестиция көлемі 1 триллион теңгеден асады
  • Шымкент: Жеті қалаға тікелей халықаралық әуе рейстері іске қосылды
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер