«Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады. Ал шетелден туристер тарту мәселесі және отандық туризм саясатын заң тұрғысынан қамтамасыз ету орталық органдардың назарында болады», – делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында.
Халықаралық Шымкент әуежайынан 5 мемлекеттің 7 қаласына, атап айтқанда Мажарстан, Германия, Корея, Қытай және Египет елдеріне тікелей әуе рейстері ашылды. Алғашқы сапар Мюнхен және Будапешт қалаларына бағытталды.
Жаңа халықаралық бағыттардың іске қосылуы Шымкентке келетін туристер легін арттыруға оң әсер етеді. Қазіргі уақытта SCAT әуекомпаниясының әуе паркінде 37 әуе кемесі бар. Оның 22-сі ішкі бағыттарға қызмет көрсетсе, 15 әуе кемесі халықаралық бағыттарда тұрақты қатынауда.
Енді шымкенттіктер мен қала қонақтары алыс және жақын шетелдерге тікелей Шымкент әуежайынан ұшуға мүмкіндік алады. Бұл жоба өңірдің көлік және туризм саласын дамытуға зор ықпал етеді.
Шымкент қаласында туризм саласының әлеуеті жоғары. Өткен жылы қалаға 507 866 турист келген. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,1 пайызға жоғары. Шымкентке саяхаттап келгендердің 475 235-і — Қазақстан азаматтары. Ал, 32 631 турист қалаға шет елдерден келген.
Статистикалық ақпаратқа сәйкес, қаладағы орналастыру орындарына 615 503 адам келген. Бұл көрсеткіш те алдыңғы жылғыдан 15,4%-ға жоғарылаған.
Қазір Шымкент қаласында 17 туристік маршрут қызмет көрсетуде. Олардың ішінде Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент 4 күндік туристік маршрутын туристер жиі таңдайды.
Сонымен қатар, әр бейсенбі күні шетелдік туристерге арналған тегін автобустық экскурсия өткізілуде. Бұл шара туристерге қаланың көрікті жерлерімен танысуға, мәдениеті мен тарихын зерттеуге мүмкіндік береді.
Шымкент қаласынан тікелей ұшатын 7 ішкі және 10 халықаралық (Ыстамбұл, Мәскеу, Анталья, Дубай, Доха, Жидда, Шарм-Эль-Шейх, Пхукет, Медина, Фукуок) әуе рейстері бар.
Туризм саласын одан әрі дамыту үшін бірқатар жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, былтыр «Қарашаш ана» және «Ибрагим ата» кесенелерінде жаңа санитариялық-гигиеналық торап, жаңа орындықтар, жарық шамдары және ақпараттық стендтер орналастырылды.