Шырайлы Шымкенттің тіршілігі қозғалыс пен байланысқа құрылған алып жүйе. Қала ішіндегі көлік ағыны мен қоғамдық қатынас шаһардың соғып тұрған жүрегі секілді. Сол жүректің тоқтаусыз соғуы үшін тек жүргізушілер мен техникалық мамандар ғана емес, ақпаратты дер кезінде жеткізетін, қоғаммен тұрақты байланыс орнататын жандардың еңбегі айрықша. Солардың бірі Шымкент қалалық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының баспасөз хатшысы Алтынай Бейбітқызы.
Алтынайдың күнделікті міндеті қаладағы көлік саласының барлық жаңалығын жедел жеткізу ғана емес, тұрғындардың мұң-мұқтажы мен ұсынысын естіп, жауапты орындарға дер кезінде хабарлау. «Баспасөз хатшысы қоғам мен билік арасындағы алтын көпір» деген ұғым дәл осы салада айқын көрініс табады. Өйткені мұндағы әрбір жаңалық қала тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер етеді.
1999 жылдың 28 қыркүйегінде Түркістан қаласында дүниеге келген Алтынай бала күнінен алғыр, ізденімпаз болып өсті. Жауапкершілікті серік етіп, әр істі соңына дейін тиянақтап орындауды ерте үйренді. Арман жетегінде жүріп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне түсіп, «Қоғаммен байланыс» мамандығын таңдауы да бекер емес еді.
– «Бұл жолды таңдағаным кездейсоқ емес. Университет қабырғасында «Қоғаммен байланыс» мамандығын меңгердім. Қала тіршілігінің негізі қозғалыс пен байланыс. Халықтың күнделікті тұрмысын жеңілдетіп, қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдай жасауға үлес қосу үлкен жауапкершілік, әрі мәртебе. Сондықтан транспорт саласын таңдадым», – дейді ол. Осы сөздерден-ақ оның өз ісіне деген сүйіспеншілігі мен азаматтық ұстанымы анық аңғарылады.
Оның таңертеңгілік жұмысы әлеуметтік желідегі хабарламаларды, тұрғындардан түскен сауалдарды саралаудан басталады. Әр сұраққа дер кезінде жауап беру, мәселені тиісті мамандарға жеткізу күнделікті міндет. Сонымен қатар, басқарманың атқарып жатқан жұмыстарын ашық жариялау, журналистермен байланыс орнату, сұхбат ұйымдастыру, ресми деректерді дайындау қызметінің өзегі. Журналистермен және қоғаммен жұмыс істеудегі ең үлкен жауапкершілік сенім. Сондықтан төтенше жағдай туындағанда ол әрдайым ресми дерекке сүйенуді басты қағида санайды.
– «Мұндай сәтте мәселені анықтап, тек сенімді дерекке жүгінемін. Асығыс, расталмаған ақпарат қоғамда дүрбелең тудыруы мүмкін. Дер кезінде әрі анық мәлімет беру, халықты сабырға шақырып, жағдайды дұрыс бағалауға мүмкіндік береді», – деп түсіндіреді ол.
Жауапкершілік, шапшаңдық, кәсібилік Алтынайдың қызметін айқындайтын басты қасиеттер. Бірақ ол мұнымен шектелмейді: жаңа технологияларды меңгеріп, тәжірибелі әріптестерден үйренуге, әлеуметтік желідегі парақшаларды мазмұнды етіп жүргізуге ұмтылады. Халыққа пайдалы, қызықты контент ұсыну да жұмысының маңызды бөлігі.
Әрбір түзілген кесте, жөнделген жол мен жаңа бағыттың артында халықпен тұрақты байланыс жасап, ақпаратты айқын әрі дер кезінде жеткізетін жандардың еңбегі тұр. Алтынай Бейбітқызы осы міндетті кәсібилікпен атқарып, қаланың дамуы мен тұрғындардың сеніміне қызмет етіп келеді.