Шымкенттің құрметтілері. Қаланың дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегі ұмытылмақ емес

image.png

      Шымкент – көрікте де, көрнекті, әсем, аты затына сай шыммкен көмкерілген оңтүстіктің шырайлы шаһары. Бүгінде қала жан-жақты даму үстінде.  Шымқала - өнеркәсіп, туризм, ғылым мен білім, мәдениет пен өнердің  ошағына айналған мекен. Ия, мұндай жетістікке шаһар оңайлықпен жеткен жоқ. Дамудың даңғыл  жолында талай жанның маңдай тері, адал еңбегі жатыр.  Бұл мақалада Шымкенттің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан  басшылардан бастап, қарапайым еңбек адамдары  туралы баяндағымыз келеді. Әрине,  өңірдің дамуына ат салысқан жандар көп-ақ. Олардың барлығын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Әйтсек те, еңбегі ел аузында қалған азаматтарды  бүгінгі жастарға дәріптеу мақсатында тілге тиек етпекпіз.

         Еңбегін басшылар бағалаған жан

       nurmakhanbet-qadgy-adgmetov.jpgШымкент десе, көпшіліктің  ойына көрнекті тұлға Асанбай Асқаровтың  түсетіні жасырып емес. Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына, ал туристер үшін  танымал нысандарға айналған Дендрологиялық саябақ, зоологиялық бақ, ипподром, балалар темір жолында осы тұлғаның қолтаңбасы қалды. Әрине, бұл Асқаровтың халық үшін атқарған еселі еңбегінің бір парасы ғана. Оның Шымқала үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Айтпағымыз қаланы  1978-1985  жылдары басқарған Асқаровтың көзін көрген және оның жоғары бағасын алған тұлға -  Нұрмаханбет қажы Әжметов жайлы болмақ. 

     Абыз ақсақал атанған мемлекет және қоғам қайраткері Нұрмаханбет қажы Әжметов – оңтүстік өңірге есімі жақсы таныс тұлға болатын. Балалық бал дәурен шағы кеңес-герман соғысына тап келді де, қаршадайынан ауыр еңбекке араласты. Қатарластарының арасында белсенділігімен көзге түсті.  Мектептің беткеұстары болды. Алматы зооветеринарлық институтын үздік бітірді. Өзі туып-өскен өңірде шаруашылықта бас зоотехник қызметін абыроймен атқарды. Кейін партия, кеңес жұмысына араласты. Шымкент, Атырау облыстарында басшылық қызметтер атқарды. Алғабас, Келес аудандарында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болды. Дінмұхамед Қонаев, Асанбай Асқаров сияқты биік тұлғалардан лайықты бағасын алды. Түрлі деңгейде басшылық қызметтер атқарған Хасан Бектұрғанов, Егемқұл Тасанбаев, Төлепбек Назарбеков, Әбжаппар Жылқышиев, Борамбек Шүкірбеков, Зауытбек Тұрысбеков, Әбдікәрім Бектаев, Елтай Тұрғымбеков, Амалбек Тшанов, Бекет Тұрғараев,  Анарбек Орманов, Әбілқасым Досболов, Исмат Тұрсынқұлов, Данабек Батыршаев, Қойшыбай Әріпбаев сияқты замандас аға-інілерімен етене араласып, ел игілігі үшін қоян-қолтық қызмет етті.

      Сол игілікті еңбегінің нәтижесінде алты орденмен, жиырма шақты медальмен марапатталды. Зейнетке шыққан соң да қоғамдық қызметтен қол үзбей, тәуелсіз еліміздің туын тіктей түсуге атсалысты. Осы еңбегі еленіп, кеудесіне  «Құрмет», «Шапағат», «Парасат» ордендерін тақты. Оңтүстік Қазақстанның және осы облыстағы бес ауданның Құрметті азаматы атанды. Алла жазып ұзақ та мағыналы ғұмыр кешті. Ақырғы демі біткенге дейін халықпен араласты, жас ұрпақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлді. Мұсылманның қасиетті бес парызының бірі қажылық сапарын да өтеді. Қолы бос болып көрмеген дағдысымен өлкетану мәселесімен, шежіре-деректер жинаумен айналысты. Артында «Мен де бір Қазығұрттың перзентімін» атты құнды кітап қалдырды. Балаларының сүйікті анасы, өзі қалап қосылған аяулы жары Рабигүл апамыз екеуінен бес ұл, немере, шөберелер көрді. 

         Жетінші перзент

    1503036739_article_b.jpeg  Азаматтық болмысын, тұлғалық рөлін өскелең ұрпаққа көрсетіп, еліне өлшеусіз қызмет еткен біртуар перзенттің бірі – Төлеген Тәжібаевтың атын халық ешқашан ұмытпақ емес. Адал ұлының атқарған сара жолы жерлестері үшін үлгі-өнеге, зор мақтаныш.  Шымкент қаласында ел үшін еңбек етіп, оның дамуы мен гүлденуіне орасан зор үлес қосқан азаматтың өмірі мен ғылыми- ұйымдастырушылық қызметін зерттеу, оны өскелең ұрпақтарға насихаттау азаматтық парыз. 

     Төлеген Тәжібаев -  көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, дипломат, ірі қоғам қайраткері, академик. Ол артынан өлшейтін, ұрпаққа өнеге болатын мол мұра қалдырды. 

    Кейіпкеріміздің балалық шағы, жалпы өмір жолы өте ауыр болған.  1917 жылы  ата-анасы, бауырлары, ет жақындарының барлығы ашаршылықта көз жұмған. Тұлдыр жетім қалған жеті жасар бала  жалғыз өзі қалып,  Арыс қаласына аязды күні тентіреп жүреді. Аш-жалаңаш қардың үстінде жатқан жерінен темір жолда істейтін бір ақсақал тауып алып, асырап алады. Ақсақалдың өзінің бес-алты баласы болған көрінеді. Осылайша  бала Төлеген сол отбасында жетінші перзент болып өсіп-өнеді. Сол кезеңде жеті жасар бала Арыс халқының бір отар қойын жалғыз баққан екен. Баланың ізденімпаздығын, білімпаздығын, тәрбиесінің жақсы екенін көрген ақсақал  оны қазіргі Төлеген Тәжібаев атындағы Арыстағы балалар тәрбиелейтін мектеп-интернатқа тапсырады. Ол бұл мектепте де өзін жақсы қырынан танытып, оқуда үздік болады. Жетінші сыныпта әкесі Шымкентке келіп, Төлегенді мұғалімдер дайындайтын техникумға түсіреді. Бұл жерде де үздік оқиды. Техникум директоры Жүсіпбек Аймауытов болар баланың бетін қақпай, ары қарай жетілуіне жәрдем береді. Жастайынан талапты болған Төлеген Тәжібаев отызында орда бұзған, қырқында қырдан асқан азаматтардың бірі болды. 

     Ол өз уақытында жоғары лауазымды қызметтерді атқарып кетті. Қазіргі тілмен айтқанда Білім министрі, Сыртқы істер министрі болып істесе, кейін елші де болды. Білімдарлығының арқасында бірнеше тілді меңгеріп, Біріккен Ұлттар Ұйымының трибунасында ағылшын тілінде баяндама жасаған бірінші қазақ атанды.  Төлеген Тәжібаев қазақ мемлекетінің қалыптасу кезеңінде ірі саясаткер, тұлға болды. Сондай-ақ кезінде ірі қызмет істеп, елге бар жан-тәнімен аянбай қызмет еткен ардақты азаматтың Кеңес үкіметінің сыңаржақ саясатының салдарынан қызметтен шеттетіліп, ауыр кезеңдерді де басынан өткізгеді. Кейін егемен ел атанып, өз тізгінін қолына алған кезеңде ардақты азаматтың алып тұлғасы қайта ақталып, қызметі ескеріліп, заманының заңғар тұлғасы болғанын дәріптеліп, көше мен мектептерге аты берілді. 

      Арда азамат жайлы  Шымкент қалалық Арадегерлер кеңесінің төрағасы, профессор Кенжехан Төлебаев: «Мектепті үздік бітіріп оқуға түсе алмай қалған ауыл балалары ҚазҰУ-нің ректоры Тәжібаевты іздеп келген екен. Сол кезде ағамыз ауыл балаларын бөліп-жармай, ешқандай емтихансыз оқуға қабылдауға шешім шығартып берген. Түлектердің арызының бұрышына «Деканға берілсін, оқуға қабылдансын, шәкіртақы тағайындалсын, жатақханамен қамтамасыз етілсін» қол қойып береді. Оның осы бір азаматтық болмысының арқасында болашақ білікті кадрлар шыққан. Өз басын қатерге тіге отырып балалардың тағдырын шешіп отыр. Ал енді сол балалар кейін ұстаздарының сол ұлағатты сөздерін айтып, өле-өлгенше алғысын айтып келеді. Олардың арасында үшеуі ғалым болған. Үшеуінің екеуі ғылым докторы, профессор атанған адамдар», - деп еске алады.  

      Расында да өзі өлсе де, артында өлмейтін із қалдырған Төлеген Тәжібаевтың еңбек жолы, елі үшін жасаған қызметі құрметке лайық. 

      Еңбексүйгіш  жауынгер

   молдабек ахметбаев.jpg  «Білекті бірді, білімды мыңды жығады» дейді атам қазақ. Келесі кейіпкеріміз білектің де, білімнің де күшімен ел дамуына үлес қосқан жан. Молдабек Ахметбаев небәрі 18 жасында өзі сұранып, қан майданға аттанған екен.  Жас жауынгер кескілескен майданға 1942 жылдың қақаған қаңтарында араласып,  1943 жылы №228 Қызыл тулы гвардиялық атқыштар полкі құрамына кіреді.  Кезекті ұрыс кезінде жау тылында қалып қояды. Бұл кезде ол пулеметші еді. Өмір мен өлім арпалысқан сол бір сәтте пулеметші бірнеше жау офицері мен солдатының көзін жояды. Бораған оқ пен оттың ортасынан Молдабек Ахметбаев аман өтіп, өз ротасына аман-сау оралады. Міне, осы қаһармандық ерлігі үшін 1943 жылдың 23 шілдесінде «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.

      1945 жылғы 15 сәуірде 27-гвардиялық мотоатқыштар бригадасының қатардағы жауынгері Молдабек Ахметбаев кезекті ұрыста тағы да ерлігімен көзге түседі. Бұл жолы да оның омырауына «Ерлігі үшін» медалі қадалады. Бұдан кейін де гвардия жауынгері Украина, Беларусь және Еуропа елдерін азат ету жолындағы жорықтарда қаншама шақырым жол жүріп, қаншама рет ерлік көрсетеді. Ол ауыр жараланып, дала госпиталінде әлденеше рет емделіп шығады. «Ұлы Отан соғысы» орденінің иегері Молдабек Ахметбаев Жеңіс күнін Берлинде қарсы алған. 

      Елге оралған соң да Молдабек Ахметбаевты ауыр күндер күтіп тұрды.  1946 жылы ол жасы келіп қалған әке-шешесі мен Бибісара, Ырысайым атты екі қарындасын алып, тың жерді игеру үшін Мырзашөлге жол тартты. Канал қазу жұмыстарын ол кезде тек қолмен атқаратын. Молдекең бұл қиындықты да еңсере білді. Осында жүріп бухгалтер мамандығын алды. Мамандығы бойынша колхозда есепші-бухгалтер, бөлім меңгерушісі болып қызмет етті. Аудандық ДОСААФ қоғамын басқарды.

    1960 жылы туған жеріне оралып, Шымкент қаласы іргесіндегі «ХХІ партсъезд» кеңшарына есепші болып орналасты. Бозарық, Қайтпас бөлімшелерінің аяқтарынан тұрып кетулеріне лайықты үлес қосты. Молдекең жары Тұйғын апай екеуі 8 ұл, 4 қыз өсіріп, тәрбиеледі. 

   Бүгінде «Қайтпас» шағынауданында Молдабек Ахметбаев атында көше бар. №58 жалпы орта мектебінің алғашқы әскери дайындық дәрісханасы да М.Ахметбаев атында. Абай саябағындағы «Даңқ» мемориалды кешені мен №58 жалпы орта мектебі ауласындағы соғыс ардагерлеріне арналған ескерткіштен оның есімін оқи аласыз.

     Жылдар жылжып, уақыт сырғыса да  бүгінгі ұрпақ Молдабек Ахметбаевтай қаһарман ұлын ұмытпаса дейміз. Себебі  Шымкенттің дамуында оның да үлесі зор.

     Тарихта есімі қалған Арғынбеков

12-1.jpg      Ұланбек Арғынбеков. Бұл есім қала тарихында мәңгі қалары сөзсіз. Талай басшылық қызметтерді абыроймен атқарған патриот азаматтың шаһар үшін жасаған еңбегі бір төбе. Ұланбек Қажыалдиярұлы 1935 жылы 15 қыркүйек күні Қызылорда облысының Ақ құм станциясында дүниеге келген. 1951 жылы 10 сыныпты аяқтап, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институына оқуға түскен. 1956 жылы оқуды аяқтап, инженер –механик мамандығының иегері атанған.

       1956-1957 жылдар аралығында I-Жетысай МТС кәсіпорнында жұмыс атқарған. 1957- 1960 жылдарда сол кәсіпорында бас инженер – механик қызметін атқарған. Жұмыс барысында өзін білікті маман ретінде көрсете білген. 1961 жылы Түлкібас ауданындағы Түлкібас РТС кәсіпорнында директор қызметіне ауысқан. 1963 жылдың шілдесінен Шымкент облыстық ауылшаруашылық өнімдерін өндіру және сатып алу басқармасы механикаландыру және электрлендіру бөлімінің басшысы болған. 1968 жылы «Казсельхозтехника» Шымкент аймақтық қауымдастығының төрағасының орынбасары болған. 1969 жылы Шымкент қалалық халық депутаттары кеңесінде депутат болды. 1971 жылдан Қазақстан Компартиясының Шымкент облыстық комитетінің мүшесі болса,  1973 жылы Қазақстан Компартиясының Шымкент қалалық комитетіне мүше болған.

       1978 жылдан бастап Шымкент қаласындағы жолаушылар автомобиль көлігін өндіру бөлімінің басшысы. 1987 жылы Қазақстан Компартиясының Қызылқұм аудандық комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалған.

Еңбек Қызыл Ту орденімен, Халықтар достығының орденімен марапатталған. Қаланың орталық көшелерінің біріне Ұ.Арғынбековтің есімі берілген. 

     Чимкентті Шымкент етті...

     13-1.jpgКөпшілікке «Аппақ гүлдер» әнінің сөзін жазған ақын ретінде танылған Қуаныш Төлеметов еліміздің әдебиетіне ғана емес қаламыздың әлеуметтік-экономикасының дамуына да өлшеусіз үлес қосқан біртауар  тұлға. Тұмса табиғатымен талайды тамсандырған Төлеби ауданының Майбұлақ ауылында 1942 жылдың 4 қарашасында  дүниеге келген ол бір сырлы, сегіз қырлы азаматтың бірі болған.  

       Ол 1959 жылы мектепті бітіріп, Қазақ химия-технология институтын 1964 жылы инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп шағады. Алғашқы еңбек жолын Қызылорда целлюлоз-картон комбинатында мастер болып бастайды. Іскерлігімен ерте көзге түскен, талапшыл Төлеметов 1965 жылы Шымкент қаласындағы асбест-цемент конструкциясы комбинатында мастер, ауысым бастығы, шифер цехы бастығының орынбасары және бастығы болып қызмет атқарады. Біліктілігі мен іс-тәжірибесінің молаюымен 1981-1988 жылдары Шымкент қаласы Еңбекші аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1989-1991 жылдары облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары болып қызмет істейді. 1991-1993 жылдары еңбекшілер депутаттары Шымкент қалалық атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 1993 жылы «Шымкент мұнай өнімдері» ашық акционерлік қоғамының президенті болып тағайындалады.

        Тіл жанашыры Қабыл Дүйсенбінің айтуынша  Шымкенттің атауын қалпына келтіруге атсалысқан тұлғалардың бірі осы - Қуаныш Төлеметов. «Тіл жанашырлары қала атын өзгертуді 1990 жылдың басында ұсынды. Алайда, Чимкенттің Шымкентке айналуы оңай болған жоқ. Бұл жерде ұлтжанды азаматтардың белсенділігі мен табандылығы арқасында іске асты. Кеңес дәуірінде де ономастикалық отаршылдық тоқтаған жоқ. Қаладағы атаулар үлкен бұрмалауларға ұшырады. Шаһардағы көшелер мен даңғылдарға Қазақстанға қатысы жоқ адамдар есімдерінің жаппай берілуі ұлтжанды азаматтарды қамықтырған еді. Содан 1990 жылы олар қалаға жер-су атауларын қайтаруға білек сыбана кіріскенін айта кетейік. Зиялы қауым мен «Қазақ тілі» қоғамының өкілдері аудан, көше, даңғылдардың атауын қазақшалауға аянбай күш салып, нақты нәтижеге қол жеткізді. «Қазақ тілі» қоғамының ұсыныстарын қалалық халық депутаттары Кеңесінің төрағасы, ақын Қуаныш Төлеметов қолдады. Сонымен 1991 жылы 22 қарашада қалалық халық депутаттары Кеңесінің сессиясы өтетін болды. Бұдан екі күн бұрын Қ.Төлеметов атқару комитетінің кіші мәжіліс залына тіл жанашырларын жинады. Содан ол «сессияда облыс орталығының атауын өзгерту туралы мәселе көтеремін. Бірақ бұған қарсылық көп болады (ол кезде қаладағы 100 депутаттың 80-і өзге ұлттың өкілдері тұғын). Сондықтан сессияда босқа шулап, даурықпаңдар!» деп ескертті. Сессияда Чимкентті Шымкент деп өзгерту туралы ұсынысты талқылау 2 сағатқа созылды. Этнос өкілдері «Шымкент деп қазақшаға өзгертсек, орыс тілінің орфографиялық ережесі бұзылады» деді. Бірақ төраға Қ.Төлеметов алған бетінен қайтпады. «Мысалы, біз Москваны қазақшалап, – Мәскеу, Омскіні – Омбы, Саратовты – Сарытау, Оренбургты – Орынбор демейміз ғой. Өйткені, олар Россияның қалалары. Сондықтан Шымкент те қазақша айтылып, қазақша жазылуы тиіс!» деді. Осы сөзден кейін зал сілтідей тынып, шыбынның ызыңы ғана естілетін үнсіздік орнады. Содан кейін қарсылық танытқандар төрағаның уәжімен келісті. Осылайша, Қ.Төлеметов бұл мәселені қамырдан қыл суырғандай шешкен еді. Десек те, қала атауының екі әрпін өзгерту екі жылға созылды. Ақыр соңында, тынымсыз жүргізілген үгіт-насихат жұмыстарының нәтижесінде, ҚР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының (Президиуымының) 1992 жылғы 8 қыркүйектегі Қаулысымен Чимкент атауының транскрипциясы Шымкент болып нақтыланды, Қуаныш – құстың қос қанаты секілді, экономиканы да, руханиятты да қатар алып жүрген абзал азамат! Шымқаланың әлеуметтік экономикасына сіңірген еңбегі өлшеусіз болса, мәдениетке, өнерге, спортқа сіңірген қызметі де таудай. Республиканың кез-келген өңірінен атағы дардай талант иелері Қалекеңді өздері іздеп келетін. Өзі де өнер адамы десе жанын беруге бар еді…» -дейді Қабыл Дүйсенбі. 

       Ел үшін еңбек етуді қаршадайынан мақсат еткен Төлеметов 1995 жылы Лондон қаласында Абай үйін ашуға, сонымен қатар, Бәйдібек Ата, Домалақ Ана кесенелерін салуға, тіпті, ауданда өткен түрлі бағыттағы акцияларға қатысып, өз үлесін қосқан айтулы азамат. Төлеметов Қуаныш «Құрмет», «Барыс», ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған. Қазіргі кезде Шымкент қаласындағы хайуанаттар бағы мен өсімдіктер бағының ортасында Төлеметов атында үлкен көше бар.

        Құрылыстың майталман маманы

       56db6753-0e88-440e-a74f-bfb59374cfe5.jpgШындығында, Шымкент біз білетін, біз көріп жүрген қалаға бірден айнала салған жоқ. Оның бүгінгі дәрежесіне жетуіне, еліміздегі үшінші қала мәртебесіне көтерілуіне талай азамат тер төкті. Солардың ішінде Әбдіғани Ташқараевтың есімі алғашқылардың бірі болып аталады. Қызмет жолын қарапайым құрылысшы болудан бастаған Әбекең Шымкенттегі көпқабатты үйлердің алғашқы іргетасын өзі бастап қалаған.

    Әбдіғани Ташқарев 1941 жылы дүниеге келген. Еңбек ардагері Қазақ химия-технология институтын 1968 жылы бітірді. КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы халық шаруашылығы академиясын 1986 жылы тәмамдап, еңбек жолын құрылысшы-инженер болып бастады.

    Саналы ғұмырын Шымқаланы абаттандыру, көркейту, жаңғырту жұмыстарына арнаған «ҚР Құрметті құрылысшысы», «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» Әбдіғани Ташқараев құрылыс саласына кездейсоқ келген адам емес. 1955 жылы сол кездегі Индустральді техникумның құрылыс факультетіне оқуға түсіп, оны тәмамдаған соң Шымкентте тұрғын үй салумен айналысатын треске іс басқарушысы болып арнайы жолдамамен келген болатын. Дегенмен, мекеме басшысы Виниярин Смириннің тағайындауымен, еңбек жолын қарапайым 3 разрядты бетоншы қызметінен бастайды. Араға жыл салып, байланыстырушы, одан әрі де іскерлік қабілетінің нәтижесінде, шебер, аға шебер қызметтерін атқарады. 

   «1960 жылы Одақ көлемінде арнайы бағдарлама аясында панельді үйлер құрылысын жүргізу тәжірибесі алғаш рет қолға алынды. Айта кетсек, 285 мың ғана халқы бар Шымкент қаласында сол кезеңдерде Коммунистік, Кеңестік және Ленин көшелері ғана болатын. Арнайы тапсырма алған соң, әр жыл сайын әрқайсысы 60 пәтерлі 6 үйді пайдалануға беріп отырдық. Трестің қарауында 12 көтергіш кран болды. Одақ басшылығына Никита Хрущев келген соң, жұмыс ырғағы мүлдем өзгерді. Бұған дейінгі салынған әр пәтердің қабырғасының биіктігі 3 метр 20 сантиметрді құрап келген болса, жаңа талапқа сәйкес, бұл өлшем айтарлықтай қысқарды. Және еңбек өнімділігін арттыру тапсырмасы бойынша, 1965-80 жылдары әр тоқсан сайын 10 үйдің ғимараты пайдалануға беріліп отырды. Тек Шымкент қаласында ғана емес, біздің трест Жаңатас, Кентау, Гурьев, Тараз қалаларында да сәулетті ғимараттардың құрылысын жүргізді. Аталмыш қалаларда сол жылдары салынған нысандардың 80 пайызын біздер өз қолымызбен салғанымызды мақтанышпен айта аламын. Көз алдымда көркейген Шымкент – менің шуақты күндерімнің естелігі, еңбек жолымның бір бөлшегі». Бұл Әбдіғани Ташқараұлының  көзі тірісінде берген сұхбаттарында  айтқан естеліктері. 

      Осылайша, табысты еңбек жолын жалғастырып келе жатқан ағамызға арада 19 жыл өткенде сол тресті басқару бақыты бұйырыпты. Өзі басшылық жасаған жылдарда аталмыш үй құрылысы комбинаты қаладағы 1, 2, 3, 16, 18 және «Шығыс» шағынаудандары мен 7 орамның үйлерін салды. Құрылысшылар 3 ауысыммен жұмыс істеген. Кейіпкеріміз еңбек еткен үй құрылысы комбинаты, одан өзі басқарған трест шағын шаһарды үлкен қалаға айналдырып, жүздеген панельді көпқабатты үйлер тұрғызды.

      Тәуелсіздік жылдарында да Әбдіғани Ташқараұлы лауазымды қызмет атқарып, еліміздің дамуына үлкен үлес қосты. Шымкенттегі 9 қабатты биік үйлерді, көпшіліктің игілігіне айналған сәулеттік көркем стильдегі ғимараттарды тұрғызды. Соның бірі – Мұз сарайы.

     Ол 1986-1999 жылдары Шымкент қалалық партия комитетінің хатшысы, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, облыс әкімінің орынбасары, «Оңтүстік» акционерлік қоғамының бас директоры қызметтерін атқарған.

       «Әкем Әбдіғани Ташқараев қызмет жолын қарапайым құрылысшыдан бастаған. Шымкент қаласындағы көпқабатты үйлердің алғашқы іргетасын да өзі бастап қалаған болатын. Ол кісі саналы ғұмырын тұрғын үйлер тұрғызумен айналысып, қаламызды көркейту, жаңғырту жұмыстарына арнаған десем артық айтпаймын. Мені бала күнімде қасынан қалдырмайтын. Қайда барса, сонда   ертіп жүрді. Жұмысына, құрылыстың басына барғанда да мені бала демей айналадағы нысанның басындағы материалдардың қандай зат екенін, оның нендей қызмет атқаратынын ерінбей айтып жүретін. Тіпті, сан түрлі техника атауының атын атап, түсін түстеп беруден жалықпайтын. «Түбінде жолымды қуып, құрылысшы болады. Сондықтан бала санасына қазірден бастап біртіндеп сіңіре берейін» деген ізгі ойы болса керек» Мектепті бітіргенде сыныптас досым екеуміз ұшқыш болуды армандап, Ригадағы ұшу әскери училищесіне құжат тапсырып, сонда кететін болғанбыз. Бірақ, әкем «құрылысшының  баласы құрылысшы болады» деп тиісті құжаттарымды   сол кездегі Шымкент қаласындағы химия-технологиялық институтының құрылыс факультетіне тапсыртты.  Әкенің жақсысы балаға қырық жыл азық» дейді ғой. Әкемнің жақсылығын әлі де көріп келем. Оның берген тәрбиесінің арқасында ешкімнің ала жібін аттамай, бәрін орын-орнымен істеп, әкемдей болмасам да, оның парасаттылығын, азаматтығы мен мінезін бойыма сіңіруге тырысып келемін»,- дейді Әбдіғани Ташқараевтың ұлы, бүгінде елге белгілі, сыйлы азамат,  «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері ,  «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ғани Ташқараев. 

       Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан тәуелсіздігініне 10 жыл» медалі, «Құрмет» орденімен марапатталған,  АҚШ-тың Калифорния штатының «Құрметті азаматы» атанған  Әбдіғани Ташқараев сексеннен асқан шағында өмірден озды. Тәуелсіз Қазақстанның жасампаз, жарқын істерінің бастауында тұрып, ел игілігі үшін еселі еңбек еткен арда азаматтың есімі  халық жадынан өшпек емес. 

         Ерен еңбектің иесі

  карсенбай кунак.jpg       Тіршілігі қыз-қыз қайнаған Шымкенттің құрылыс саласында тағы бір жанның аты ерекше аталады. Ол  Қазақстанның Құрметті құрылысшысы,  еңбек ардагері - Қунақ Кәрсенбай. Құрыш қолды құрылысшы 1936 жылы 12 мамырда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Жайылма ауылындада дүниеге келген. Еңбек жолын 1955 жылы Жамбыл облысында Жайылма совхозында жұмысшы болып бастаған. 1957-1962 жылдары мемлекеттік ауылшаруашылық институтында студент, 1962-1964 жылдары Байқадам совхозында механик, 1964-1967 жылдары Шығанақ совхозында бас инженер-механик, 1967-1973 жылдары Шымкент облысының ауылшаруашылығы басқармасында бөлім басшысы, Шымкент облысының партия комитетінде инструктор, 1975-1980 жылдары Ленгер ауданының екінші хатшысы, 1980-1994 жылдары Шымкент қаласының құрылыс монтаж трестінің меңгерушісі, 1994-2003 жылдары Шымкент қаласының қазақ-герман «KAWEKC» филиалының директоры болып қызметтерін атқарған. 2001 жылдан “Әйтеке би” Қоғамдық қорының төрағасы болып өнегелі еңбек жолын жалғастырды.

     Қунақ Кәрсенбай 2021 жылдың 29 мамыры күні дүниеден озды.  Облыс  және қаланың әлеуметтік-экономикалық өмірінің дамуына қосқан үлесі үшін бірнеше мерекелік медалдармен, алғыс хаттарымен марапатталған. Ерен еңбектің иесі қала құрылысында ерекше дарынымен, адалдығымен аты қалды. 

       Қарапайым жұмысшыдан директор болған азамат

   Шымкент қаласының Құрметті азаматтар аллеясындағы  тақтайшаға Шымкенттің құрметті азаматы ретінде есімі жазылатын жанның  бірі саналы ғұмырының 35 жылын ет өңдеу комбинатына арнап, қарапайым жұмысшыдан директор лауазымына дейін көтерілген Мұхан Омаров. Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметтерін атқарған ол 1942 жылы Түркістан облысы, Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында өмірге келген. Саналы ғұмырында ол кісінің еңбектері жоғары бағаланған. Кеудесіне «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» медальдары, «Кеңес Одағы саудасының үздігі», «Ауыл шаруашылығы министрлігінің үздігі» төс белгілері тағылғаны соған дәлел. 

      Қарапайым Бопова

 ae0cb5b68d85f9a75e629abe00ea2940.jpg    Дүниеден озса да, ісіне адалдығы, қарапайымдылығымен аты аңызға айналған тұлғаның бірі- мемлекет және қоғам қайраткері  Дүйсенкүл  Бопова.  Ол Ордабасы ауданы Қараспан аулының тумасы. Балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарымен тұспа-тұс келіп, «соғыс балалары» атанған өзінің құрбылары сияқты балдәурен күндерін қара жұмысқа жегіп,  ерте есейген Дүйсенкүл апай еңбек жолын 15 жасында Арыс қаласындағы С.Киров атындағы мектепте кітапханашы болып бастады. Табиғатынан зерек қыз іскерлігі мен ізденімпаздығының арқасында елдің көзіне ерте түсті.

       1950 жылдан бастап аудандық комсомол комитетінде машинистка-хатшылықтан бастап нұсқаушы қызметіне дейін көтерілді. Өзінің белсенділігі мен жауапкершілігінің жоғары екендігін көрсете білген ол 1956 жылы Арыс аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына сайланады. 

    Қызметтестері ғана емес, аудан басшылары да осы бір қараторы қыздың келешегінен зор үміт күтті. Жұмысқа деген жауапкершілігі, білімге деген құштарлығы арқасында аудандық комсомол комитетінің 1 -ші хатшысынан бастап бірнеше сатыдан өтіп, облыстық партия комитеті төрағасының орынбасары қызметтеріне дейін өсті.

   1963 жылы Мәскеудегі КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебіне оқуға жіберілді. Оны 1965 жылы бітіріп, Шымкент облыстық партия комитетінің партиялық-ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ал, 1969 жылдан 1979 жылға дейін облыстық партия комитетінің ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.  1979 жылы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне ауысып, сол жерде құрметті демалысқа шыққанша еңбек етті.

      Дүйсенкүл Бопованың еңбек жолы көптің маңдайына, бағына жазыла бермейтін абырой мен бақтың бедел-берекесіне толы еді. Ол кісінің бойына берілген ерекше қабілеттерінің бірі – адамдармен ерекше қарым-қатынасы еді. Онымен бірге қызметтес, сыйлас болған әріптестері мен қамқорлығын көрген ізбасарлары оның әрдайым өзін бірқалыпты ұстап, сабырлылық сақтай отырып, адамдардың көңіліне қарай сыйласа білетіндігін, қолынан келген жәрдемін аямайтындығын, жан-жағына мейірім-шапағатын шашып жүретіндігін осы күнге дейін айтады.

     Партия жұмысы немесе кеңес жұмысы болсын, Дүйсенкүл апай тікелей ол заманда артта қалған, көп өзгерісті талап ететін әлеуметтік салаға жауап берді. Кеңес дәуірінде бұл салаға берілетін қаржы көлемі тым аз еді, әлеуметтік нысандардың материалдық базасы өте төмен болды, онда қызмет атқаратын азаматтардың да тұрмыстық жағдайлары сын көтермейтін. Кадр тапшылығы мен олардың кәсіби шеберлігінде де кемшіліктер жеткілікті еді. Халықтың күнделікті өмірі осы нысандармен байланысты болған соң саланың жұмыс сапасына арыз-шағымдар да аз болмайтын. Дүйсенкүл апай өзінің қайсар мінезімен, талапшылдығы мен абыройын алға салып, осы салаға қоғамдағы көзқарастың оң бұрылуына қайрат қылды. Мәдениет, оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелерінің халыққа көрсететін қызметінің деңгейі жоғары болуы үшін бар күш-жігерін аямады. Осы салалардың бұрынғы басшылары Д.Бопованың ол кездері қыруар жұмыстар атқарғанын ел ішінде аңыз етіп айтатын. 

       1988 жылы Дүйсенкүл Бопова одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты, бірақ үйінде отырып қалған жоқ. Сол жылы облыстық тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі қоғамды басқаруға шақырылды. Өте күрделі әрі жауапты жұмысты ол абыроймен орындады. Сондықтан болар Дүйсенкүл Боповаға Шымкент қаласының Құрметті азаматы атағы берілді. Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Дүйсенкүл апайымыз облыстың, қаланың  жақсы істеріне қуанып, кемшіліктеріне ренжіп, оны әр кез басшыларға батыл айтып та, жазып та жүрді деп есіне алады ізбасарлары.

        Оңтүстік Қазақстан облысының және Шымкент қаласының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Дүйсенкүл Бопованың құрметіне өзі тұрған шаһарда Тыныбаев (№30/9) көшесінде ескерткіш тақта орнатылған.Ұзақ жылдар бойы өңіріміздің оқу-ағарту саласында, басшылық қызметтерде абыройлы еңбек етіп, елдің құрметіне бөленген, бар қажыр-қайратын елдің дамуына жұмсаған ардагердің өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа зор үлгі болып қала береді. 

         Д.Бопованың облысымызға танымал белгілі тұлға болуына себепкер болған, еңбегін лайықты бағалаған Өзбекәлі Жәнібеков еді. Өзағаң Дүйсенкүл апай туралы көп айтып, көп жазып кетті. Өзағам апайдың рухани ұстазы болды. Республика жастарының 10 жылға жуық жетекшісі болған Өзбекәлі ағаның артында теңдесі жоқ рухани мұра қалды, қазақтың мәдениеті, қолөнері туралы, ұрпақ тәрбиесіне байланысты көптеген еңбек жазып қалдырды. Ал, Дүйсенкүл апай рухани ұстазының осы мол мұрасын ел ішінде өмірінің соңына дейін насихаттап өткен жан.  

       Дүйсенкүл апайымыздың жолдасы Ералхан Қазыханов ұзақ жылдар  мемлекеттік қауіпсіздік органдарында абыройлы еңбек еткен  адам. Қазақтың қайсар да, сабырлы, парасатты әрі мейірімді қызы – Дүйсенкүл Бопованың есімі мен еңбегін шымкенттіктер ұмытпақ емес. 

       Адалдықтың ақ туын арқалаған тұлға

     e961552174982e30284566adbf7cdd26.jpg Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары-ақ жемқорлыққа, білім саласындағы келеңсіздікке қарсы күрестің сарбазы болған,  қоғамда әділдік пен адалдықтың салтанат құруына, мемлекетті дамыту жолындағы еңбегі елеулі азаматтың бірі – Жанысбек Өтегенов. Ол қоғамда болып жатқан кез-келген мәселеге қатысты пiкiрiн бiлдiре жүрiп, кемшiлiк пен келеңсiздiкке бей-жай қарай алмайтын адам болған.  Азаматтық ұстанымы, турашылдығы оны төрге сүйреді. Есімі Шымкент қаласы мен облысқа етене  таныс Жанысбек Өтегенов  қалалық қоғамдық кеңестiң мүшесi ретiнде келелi мәселелер талқыға түскен жиындарда өз ойын бүкпесiз айтып, мемлекетiмiздiң дамуына өзiндiк үлесiн қосқан жан. Адал, еңбекқор, шыншыл жанның  еңбек жолы жастарға үлгі.

      Ол Ордабасы ауданындағы Ұялыжар елді мекенінде өмірге келді. Анасы он үш құрсақ көтерген жан екен. Содан қалған жалғыз тұяқ өзі ғана. Он екі перзентінен айырылған ана шіркін соңғысында ырым етіп төркініне барады. Осы жерде кенжесін  аман-есен босанып, қол-аяғын бауырына алады. Тағы да сол ырымшылдығына бағып, ұлының есімін Жанысбек деп атайды. Бұл кезде әкесі Тұрсынәлі алпыстың үшеуіне, яғни пайғамбар жасына келген еді. Ұлы  он үшке толғанда әкесі  өмірден өтеді. Анасымен ғана қалған Жанысбек ендігі жерде етек-жеңді түріп, білек сыбанып жұмыс істеу керектігін түсінді.  Түсінді де мектеп бітірген соң құрылыс жұмыстарына араласады. Бір жыл өткен соң кеңшар жолдамасымен Қапланбек зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түсіп, агроном мамандығын алып шықты.

         Жігерлі де жалынды жасты кеңшар басшылары комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. Сол жылы ол шұбартаулықтардың бастамасымен «Самал» комсомол-жастар бригадасын ұйымдастырды. 25 мың қой бордақыға қойылған кешенді жастар думанды дүбірге бөлеп жатты. Малдың қоңы көтеріліп, өнімділігі көбейді. Отанға сапалы ет өткізгендері үшін бригада республикалық ауыспалы Қызыл Туды жеңіп алды. Артынша БЛКЖО-ның (Бүкілодақтық лениншіл коммунистік жастар одағы) дипломымен марапатталды.  Ерен еңбектерімен есімі дүркіреп тұрған бригаданың атағы бүкіл Одаққа тарады. Жалынды жастардың жарқын істерін көріп, олардың жұмысымен танысу үшін бұлар жұмыс істеп жатқан шаруашылыққа КОКП Орталық Комитетінің Бюро мүшесі, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың өзі келген. Алып кешенді асықпай аралаған мемлекет басшысы самалдықтардың салмақты да салиқалы тірліктеріне риза болып аттанған.

      Қолында агроном деген дипломы бар Жанысбек Тұрсынәліұлы енді мамандығы бойынша бағын сынап көргісі келді. Оның үстіне бұл кезде ол Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқып жүрген болатын. Кеңшар басшылығы оны №2 бөлімшеге агроном етіп жібереді. Жас маман бөлімшеге келген соң тағы да іздене бастады. Игерілмей жатқан 220 гектар жерді айналымға қосады. Ақ егіс көлемін 4000 гектардан 6000 гектарға, суармалы егістіктің өнімділігі екі есеге дейін артады. Тәлімі жерге егілген 6000 гектар бидайдың әр гектарынан 20 центнерден өнім алынды. Бұл сол кездердегі жоғарғы көрсеткіш еді.

      Жанысбек Өтегеновтің еңбек жолымен танысқан  Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров  жас маманға үлкен жауапккершілік жүктеді. Осылайша ол Бөржар ауылдық Кеңесінің төрағасы болып бекітілді. Ауыл аумағында 2 құс фабрикасы, 2 кеңшар («Бөржар» және «Ордабасы»), 5 мектеп, 2 интернат, 1 аурухана, 1 емхана, 1 дәріхана, 3 балалар бақшасы, 4 фельдшерлік-акушерлік пункт, 6 сауда орны, 3 почта мекемесі, 1 теміржол стансасы бар еді. Бөржар ауылдық Кеңесінің төрағасы Жанысбек Өтегенов сан-салалы қызметтерді үйлестіре отырып, аталған мекемелердің барлығында жұмыстың қарқынды да жауапкершілікпен жүруін қамтамасыз етті. Барлық еңбек ұйымында ауызбіршілік болуы үшін қолынан келгенін аянған жоқ.

      1985 жылы ол «Бөржар»  кеңшарына аға агроном болып тағайындалды. Ол Алматыдағы ғылыми-зерттеу институтынан бидайдың, жүгерінің жаңа сорттарын алып келіп, осы ауылдың климаты жағдайында олардың шығымдылығын сынап көрді. Еңбегі еш кеткен жоқ. Кеңшар ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде және сапасын арттыруда аудан, тіпті облыс бойынша алдыңғы орынға шықты.

      1988 жылы шаруашылық еңбеккерлері оған үлкен сенім білдіріп, кәсіподақ ұйымының төрағасы етіп сайлады. Ол бұл салада да іскерлігімен көзге түсіп, қарапайым еңбек адамдарының жұмыс орындарындағы және тұрмыстағы жағдайларын жақсарту үшін көп тер төкті. Солардың бірі – шалғай қыстауларға орналасқан әр шопанның үйі жанынан монша салдыруы еді. Кеңес өкіметінің бір кеңшілігі – еңбек адамдарына барынша қамқорлық көрсететін. Кеңшарға еліміздің түкпір-түкпіріндегі шипажайлардан жолдама келіп түсетін. Осы жолдамаларды жұмысшылармен ақылдаса отырып, әділетті бөлу жағына баса мән берді. 

     Ендігі кезекте оның алдында кеңшар партия ұйымына жетекшілік ету міндеті тұрды. Ол бұл жұмысты да ширатып, кеңшар коммунистерін ортақ мүддеге жұмылдыра білді. Бір айта кетерлігі, сол жылдары «Бөржар» кеңшарына КСРО Президенті әрі КОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы М.Горбачев пен тұрңғыш Президент Н.Назарбаев үш рет келді. Олар егістікті аралап көрді, мал шаруашылығымен танысты. Атқарылып жатқан істерді жоғары бағалап, ризашылықтарын білдіріп кетті. Олардың бұл сапарлары жайлы хроникалар мен жаңалықтар еліміздің музейлерінде сақтаулы тұр. Осы бір атқарылған ауқымды істердің артында кейіпкеріміздің күні-түні төккен маңдай тері жатты.  

     Көп ұзамай Кеңес Одағы тарайды. Бұл уақытта Жанысбек Тұрсынәліұлы кеңшар директорының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. Тоқырау жылдары кеңшардың жұмысын одан әрі құлдыратты. Алайда барлық қиындыққа қарамастан ол өз міндетін мінсіз атқарды. 1996 жылы ол «Ұялыжар» өндірістік кооперативінің төрағасы, 1998 жылы «ШымкентЖолҚұрылысы» АҚ жабдықтау бөлімінің бастығы, бұдан кейін коммерция жөніндегі вице-президент, «Береке-Бөр- жар» ЖШС директоры қызметтерін атқарды. Шымқаланың гүлденуіне ат салысқан ол  көптеген марапаттардың иесі атанды.

    Туралықты  ұстанған Жанысбек Тұрсынәліұлы қашан да әділдіктің ақ жолынан аттаған емес. Ол Шымкент қалалық қоғамдық кеңесінің, сонымен қатар бірнеше комиссияның мүшесі ретінде әділдіктің ақ туын көтеріп келді. Қаламыздың  қоғамдық iстерге белсене қатысып, ел мүддесi жолында аянбай еңбек еткен  ол кезiнде бiрнеше рет  Бөржар ауылдық, Ордабасы аудандық Кеңестерiне, Шымкент қалалық мәслихатына  депутат болып сайланған. Кеудесiне Д.Қонаев,  «Еңбек Даңқы» төсбелгiлерiн   таққан. 

         Мәдениеттің жанашыры

    images.jpeg    Шымкент – салт-дәстүрін берік ұстанған мәдениеттің ошағы. Мәдениет құлаққа жағымды, жеңіл сөз болғанымен оның жүгі ауыр, жауапкершілігі мол сала. Міне, осы адамзаттың тәрбие бесігі саналатыцн мәдениет саласында есімі жатталған, еңбегі сіңген жанның бірі – Бастарбек Пірімбетұлы. 

       Бастарбек Пірімбетұлы – қасиетті құт мекен, Түлкібас ауданының төл перзенті. 1951 жылы 27 желтоқсанда Шақпақ баба ауылында дүниеге келген.Өзіне жүктелген қызметке үлкен жауапкершілікпен қарайтын Бастарбек Пірімбетұлы ұзақ жылдар  жемісті еңбек етіп, Шымкент қаласының қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, мәдениет пен өнер саласының дамуына үлкен үлес қосқан азамат. Саналы өмірін ұлтымыздың мәдениеті мен өнерін дамытуға арнаған Бастарбек Пірімбетұлы Тәуелсіздік жылдары облыста өткізілген «Түркістанға 1500 жыл, «Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайы», «Бауырлас республикалардың үш Президентінің Ордабасыда бас қосуы» және Халықаралық, республикалық Ш.Қалдаяқов атындағы ән байқаулары, «Арай» республикалық жас әншілер байқауы, халықаралық, республикалық театрлар фестивальдерінің, өзге де барлық деңгейдегі іс-шаралардың ұйымдастырушысы әрі орындаушысы болды.

     Еңбек жолын туып өскен ауданындағы «Путь Ильича» ұжым шаруашылығында клуб меңгерушісі қызметінен бастап, мектепте ұстаз, кәсіптік-техникалық училищеде комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін жауапкершілікпен атқарған ол Оңтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің жанындағы кәмелетке толмаған жастармен жұмыс істеу комиссиясына жауапты хатшылыққа жоғарылатылды.

    1982-1992 жылдары алғаш Шымкент қаласындағы Дзержинский аудандық партия комитетінде, Шымкент қалалық партия комитетінде нұсқаушы, кейіннен Еңбекші аудандық партия комитетінің идеология бөлімінің меңгерушісі, 1985-1992 жылдар аралықтарында Шымкент қалалық мәдениет, қалалық Кеңестің әлеуметтік кешені мен ұлтаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды.

      1992-2002 жылдары Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, 2002-2003 жылдары облыстық кинобейне орталығының, 2003-2006 жылдары облыс әкімдігінің Концерттік бірлестігінің (филармония) бас директоры, 2006-2014 жылдары Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының директоры, 2014 жылдан бастап  Оңтүстік Қазақстан облыстық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіптік одағының төрағасы қызметін абыроймен атқарған. Қызметтерінде өзін білікті, жоғары дәрежелі маман, іскер ұйымдастырушы, принципті басшы ретінде көрсете білді.

     Еңбек адамының әлеуметтік- экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғаудағы, әлеуметтік әріптестікті дамытудағы белсенді жұмысы үшін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының «Құрмет Грамотасымен», «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» және «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтары Федерациясының ардагері» құрмет белгілерімен марапатталған. 

   «Ердің атын еңбек шығарады» демекші, Бастарбек Пірімбетұлы өзінің еңбекке деген құштарлығы, өнер, мәдениетке деген махаббаты, халқына деген адалдығының арқасында көзі тірісінде де құрметке бөленіп еді.  Оның есімі жас ұрпаққа өнеге болып қала бермек. 

     Адамды адам еткен еңбек болса, Шымкенттің шырайын келтірген оның жанашыр, ұлтжанды, білімді, қарапайым, еңбекқор  тұлғалары.  

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Өзбек этносы күні Шымкентте аталып өтті
  • Шымкентте неміс мәдениетінің фестивалі өтті
  • Шымкент присоединился к всемирному дню чистоты: Очищены улицы, дворы и парки
  • Тазалық күнінің қорытындысы: Шымкентте жүздеген тонна қоқыс шығарылды
  • Центральная Азия: роль Ассамблеи народа Казахстана в укреплении дружбы и сотрудничества
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер