Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында атап өткендей, киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін заманауи, интеллектуалды жүйе құру қажет.
Бұл ретте қажеттілігіне қарай тиісті заңнамаға өзгерістер енгізу және құқық қорғау органдарының қызметін жетілдіру міндеті тұр.
Сондай-ақ Президенттің айтуынша, Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде цифрлық активтердің мемлекеттік қорын құру маңызды. Аталған құрылым жаңа цифрлық қаржы жүйесінде болашағы зор активтерден тұратын стратегиялық крипторезервті жинақтайтын болады.
Мемлекет басшысы жоғары технологиялық салаларға бір миллиард долларға дейін инвестиция тартуға бағытталған арнайы бағдарламаны әзірлеуді тапсырды. Бұл жұмысты Үкімет Ұлттық банкпен бірлесе атқаруы тиіс.
Сонымен қатар, Екінші деңгейлі банктердің нақты секторға қаржы салуда белсенділік таныту қажеттігі де айтылды. Бұл мәселе қоғамда бұрыннан қызу талқыланып келеді. Сондықтан аталған жұмысты созбай қолға алу маңызды.
Президенттің Жолдауында атап өтілгендей, Қазақстандағы банктердің активтері мен қаражаты дамыған мемлекеттермен салыстырғанда орта есеппен бірнеше есе жоғары пайда әкелуде.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде танытамыз десек жұмысты жаңа тәсілмен жүргізу керек.
Бұған дейін Президент Қазақстан үш жылдың ішінде жаппай цифрлық ел болуы керектігін айтты.
— Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, — деді Президент.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды.
— Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы қажет. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет, — деді Президент Жолдауында.