Зауыттағы еңбек ететін әр маманның өзіне жүктелген жауапкершілігі және орны бар. Ұжымдық еңбектің арқасында кәсіпорындағы жұмыс жемісті, нәтижелі болмақ. Шымкенттегі трансформатор және трансформатор бөлшектерін шығаратын «Ай Сервис Транс» зауытында жүздеген жұмысшы мамандар аянбай тер төгіп, еліміздің энергетика саласының дамуына өз үлестеріп қосып келеді. Мұнда инженерден монтаждаушыға дейін әрбір қызметкер компанияның табысты болуына өз үлесін қосуда. Олардың кәсіпқойлығы, тәжірибесі мен адалдығы зауытты әртүрлі типтегі трансформаторлық қосалқы станциялар мен пакеттік трансформаторлық қосалқы станцияларды өндіруде көшбасшы етуде.
Аталған зауытта он жылдан аса қызмет етіп келе жатқан маманның бірі – Қуаныш Коженов. Тәжірибелі, білікті инженер әрі конструктор өз саласының нағыз майталман маманы. «Мен осы зауытта инженер болып еңбек етіп келемін. Әрі құрастырушы-конструктормын. Яғни схемаларды дайындап беремін. Және басқа мамандардың схеманы қалай жинайтынын қадағалаймын. Жиып, құрастырып болған соң олардың дұрыс жұмыс істеуін тексереміз. Жиып жатқан схемаларымыз барлық стандарттарға сәйкес келеді. Жалпы инженер, конструктор - өте жауапты, қиын мамандықтың бірі. Мұнда әрбір бөлшекке мұқият болу керек. Себебі олардың әрқайсысының өзінің атқаратын қызметі бар. Мінсіз құрастырылған өнім сапалы болады әрі ұзақ уақыт шыдас береді. Сондықтан жұмыста қателікке жол бермейміз. Зауытта өндіріске прогрессивті және экологиялық таза технологиялар енгізілген. Конструкторлық құжаттаманы әзірлеуден бастап шығарылатын бұйымдарға сервистік қызмет көрсетуге дейінгі заманауи бағдарламалық қамтамасыз ету және машина жасаудың әлемдік көшбасшыларының жұмыс тәжірибесі негізінде өндірісті басқарудың жаңа жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда трансформатор құрастыру ісінде қуат сақтауға айрықша мән беріледі. Сонымен қатар бұл қондырғылар энергияны үнемдеп қана қоймай, атмосфераға зиянды қалдықтарды аз таратады»,- дейді кейіпкеріміз.
Әккі маман өзінің тәжірибесі мен көшбасшылық қабілеттері арқылы отандық электротехникалық өнеркәсіптің дамуына және өндірістік инфрақұрылымның кеңеюіне елеулі үлес қосып келеді. Қазақстандағы электротехникалық саланың қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан жанның бірі. Өнеркәсіп саласында еңбек етуді жалғастырып, бүгінде аталған кәсіпорнында өндірістік үдерістерді дамыту, жұмысшылар арасында техникалық құзыреттерді жетілдіру және тәлімгерлікпен айналысады.
Зауыттағы инженер-конструктор — ойлап табушы, яғни трансформаторларды ойлап табады, есептеумен айналысады. Сызбасын жасайды. Жалпы барлық үдерістерді қарастырады. Осындай маңызды шаруаны атқарып, басқарып, шәкірт тәрбиелеп жүрген Қуаныш Оңғарбайұлының еңбегі ерен деп білеміз.