Өз ісінің шебері

  image.png     

      Шымкент қаласында маңдай терімен еңбек етіп, қарапайым еңбегі арқылы абыройға бөленіп, табандылығы мен шыдамдылығының арқасында ұжымының құрметіне ие болған азаматтар аз емес. Солардың бірі  өмірін бір салаға арнаған, мамандығына адал берілген, адамгершілік пен парасаттылықты бойына дарытқан жан, МЖК кәсіпорнының смена шебері Сухраб  Иксамбаев. Ол 1964 жылдың 15 қазанында шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келіп, бүгінде Қапал батыр көшесіндегі шаңырағында отбасымен бірге ғұмыр кешуде. Сухраб  Иксамбаев үшін туған жер балалықтың ең тәтті сәттері өткен орта ғана емес, азаматтық болмысын қалыптастырған, өмірлік ұстанымын бекіткен қасиетті мекен.

     Сухраб  Иксамбаевтың балалық шағы да сол кезеңдегі көп қазақ баласының өміріндей қарапайым болғанымен, қызыққа да, ізденіске де толы еді. Әсіресе техникаға деген қызығушылығы ерте байқалды. Үйде істен шыққан түрлі құрал-саймандарды жөндеуге талпынып, оларды қайта іске қосуға тырысатын. Бала жүрекпен жасаған сол әуестік болашақта оның өмірлік мамандығын айқындап бергендей еді. Қарапайым тірліктен бастау алған бұл ынта-зеректік кейін кәсібіне адал маман болып қалыптасуына негіз қалады.

       1982 жылы ол №13  орта мектепті тәмамдаған соң, арман-мақсаттарының жетегінде колледжге құжат тапсырды. Таңдаған жолы  «Электротехника» мамандығы еді. Бұл шешімнің дұрыс болғанын ол кейін талай мәрте сезінді. Колледж қабырғасында жүріп ол тек білім алып қана қоймай, еңбекқорлыққа, тәртіпке, ұқыптылыққа үйренді. Техниканың қыр-сырын меңгеру оңай болмағанымен, ынта-жігерімен алға ұмтылып, нағыз кәсіби маман болуға дайындалды.

     Еңбек жолын ол 1987 жылы Шымкент ет комбинатында бастады. Электрик маманы ретінде алғашқы күннен-ақ үлкен жауапкершілік жүгін арқалады. Өйткені әр қондырғының тоқпен дұрыс жұмыс істеуі бүкіл өндірістің тоқтаусыз жүруіне ықпал ететін. Жас маман алғашқы жылдары тәжірибелі әріптестерінен көп нәрсені үйреніп, көргенін бойына сіңіріп, әрбір істі ұқыптылықпен орындауға тырысты. Жұмыс барысында жинаған тәжірибесі оның өз ісіне деген сенімін арттырды.

      1991 жылдан бастап ол Республикалық АПК-да еңбек етті. Бұл кезең  ел тарихындағы ең ауыр уақыттардың бірі еді. Экономикалық дағдарыс, өндіріс орындарының жабылуы, жаңа қоғамға бейімделу сынды сынақтар халыққа да, еңбек адамдарына да оңай тиген жоқ. Бірақ Сухраб  Иксамбаев бұл қиындықтарға мойымады. Өз кәсібіне адалдық танытып, қолынан келген істі жалғастыра берді. Сол жылдары ол шыдамдылықтың, төзімділіктің, еңбекқорлықтың нағыз мектебінен өтті. «Қиындыққа берілмесең, еңбек әрқашан жол ашады» деген қағиданы өмірлік ұстанымына айналдырды.

      1997 жылы ол МЖК кәсіпорнына жұмысқа орналасып, содан бері осы мекемеде табан аудармай еңбек етіп келеді. Бұл жылдар ішінде ол өз кәсібіне деген сүйіспеншілігін айқын дәлелдеді. Қарапайым электриктен бастап, бүгінде смена шебері қызметіне дейін көтерілді. Бір мекемеге 28 жыл бойы табан тіреп адал еңбек ету кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. 

      Сухраб  Иксамбаев үшін еңбек  тек күнкөрістің көзі емес, өмірлік ұстаным, абыройдың негізі. Ол жинаған тәжірибесін кейінгі буынға үйретуді парыз санайды. Жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, жұмыс барысында туындайтын қателіктерді түсіндіріп, ұстаздық танытады. Оның пікірінше: «Электрик мамандығы  үлкен жауапкершілік. Бұл салада қателесуге болмайды. Өндірістегі әрбір қондырғы тоққа тәуелді, егер бір ақау болса, бүкіл жұмыс тоқтап қалады. Сондықтан әрдайым ұқыпты, жинақы әрі тәртіпті болу керек» дейді ол.

     Өмірін бір салаға арнап, қарапайым еңбегімен елге қызмет етіп жүрген азаматтың жолы жастар үшін үлкен тағылым, нағыз үлгі. Бүгінде оның есімі ұжымда да, айналасында да сыйлы. Әріптестері де, көршілері де, жақын-жуықтары да оны сыйлап, құрмет тұтады. Қарапайымдылығы мен адамгершілігі, адалдығы мен еңбекқорлығы  оның ең үлкен байлығы.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Шағын және орта бизнес көлемі өсуде
  • Салық реформасы – экономикалық дамудың негізгі міндеттерінің бірі
  • Тәртіп пен талапты жоғары қоятын маман
  • Өрт сөндіруші-құтқарушы мамандығына жастарды баулу маңызды
  • Өндірісті өрге сүйреген маман
  • Ақпарат

    • Rgmedia.kz ақпарат агенттігін есепке қою туралы № 16380-ИА куәлігі 06.03.2017 жылы Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінен берілді.

    Әлеуметтік желілер