Еліміздің экономикалық өркендеуі мен әлеуметтік тұрақтылығы ең алдымен еңбек адамдарының қажырлы жұмысына негізделген. Соның ішінде өндіріс орындарында табан аумай еңбек етіп жүрген жұмысшы мамандардың үлесі ерекше. Олар – ел экономикасының басты тірегі, қоғамның материалдық байлығын жасайтын негізгі күш. Қай елдің болсын даму көрсеткіші өндірістің деңгейімен өлшенеді. Ал өндірісті ілгерілететін — өз ісін шебер меңгерген жұмысшы. Зауыттар мен фабрикаларда, энергетикалық нысандарда, құрылыс пен көлік саласында мыңдаған жұмысшы күн сайын адал еңбек етіп, халық тұрмысының жақсаруына үлес қосып келеді. Олардың арасында токарьлар, дәнекерлеушілер, слесарьлар, механиктер, операторлар, жүргізушілер және басқа да мамандық иелері бар. Бұл мамандардың әрқайсысы өз саласында ерекше рөл атқарады. Мысалы, дәнекерлеушінің сапалы жұмысы — құрылыс қауіпсіздігінің кепілі болса, энергетиктің еңбегі — қала жарығы мен жылуының тұрақты болуының негізі.
Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Бүгінгі заманда еңбек адамы дегеніміз, ең алдымен, өзінің табысын маңдай терімен табатын, жанын салып жұмыс істейтін адам. Шымкент қаласының тұрғыны Сайдахмет Халмуратов сондай жан.
Сайдахмет Розиматұлы – 5-дәрежелі электрогазбен балқытып біріктіруші, он жылдан астам уақыт бойы «Қуатжылуорталық-3» МКК-нің №1 аудандық бөлімшесінде тұрақты еңбек етіп келе жатқан өз ісінің шебері.
Ол еңбек жолын 1983–1986 жылдары ПТУ-25 оқу орнында электр дәнекерлеуші мамандығын меңгеруден бастаған. Алғашқы күннен бастап-ақ техниканы жетік меңгеруге, дәлдік пен сапаға мән беруге үйренген.
Кейінгі жылдары бірнеше өндірістік мекемелерде жұмыс істей жүріп, тәжірибесін толықтырды:
1988–2000 жж. – «РСМУ-1» мекемесінде
2002–2004 жж. – «Казфосфат» ЖШС-де
2005–2008 жж. – «Асыл Май» ЖШС-де
2011–2013 жж. – «ТЭМП» ЖШС-де
2013–2015 жж. – «3-Энергоорталық» АҚ-да
2015 жылдан бері – «Қуатжылуорталық-3» МКК-де еңбек етуде
Бүгінде Сайдахмет Розиматұлы – жоғары дәрежелі шебер, әріптестеріне үлгі, жас мамандарға — үйретуші. Ол дәнекерлеу ісін жай ғана кәсіп емес, жауапкершілік пен дәлдікті талап ететін өнер деп түсінеді.
Өндіріс орнында еңбек етіп жүрген әр жұмысшы — ел дамуының алғы шебінде тұрған азамат. Олардың еңбегі арқылы ел экономикасы нығайып, халық тұрмысы жақсарады. Сондықтан еңбек адамдарына құрмет көрсету, олардың еңбегін бағалау — әрбір азаматтың парызы.