Елімізде жыл сайын 19 қазанда кәсіби мереке – Құтқарушылар күні атап өтіледі. Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Атаулы күннің еліміздің азаматтық қорғаныс жүйесінің құрылуы мен дамуы тарихындағы маңызы зор.
Шымкенттегі "Қызғалдақ" сарайында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына және 19 қазан – Құтқарушылар күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, азаматтық қорғаныс жүйесін нығайтуға елеулі үлес қосқан сала мамандары мен ардагерлерін құттықтады. Салтанатты жиын барысында үздік қызметкерлерге алғыс хаттар мен арнайы көліктердің кілттерін табыс етті.
– Еліміздің қауіпсіздігі мен азаматтардың игілігі жолындағы жанқиярлық еңбектеріңіз – ерлік пен Отанға деген адалдықтың жарқын үлгісі. Сіздер адамдарды құтқару жолында күн сайын өз өмірлеріңізді қатерге тігіп, борыштарыңызды абыроймен атқарып келесіздер. Осынау мереке күні сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, қызметтеріңізге табыс тілеймін – деді Ғ.Сыздықбеков.
Азаматтық қорғау органдарына биыл 30 жыл толды. Қала әкімі атаулы мерекенің маңызы зор екенін, соңғы жылдары қалалық төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жұмыстары қолға алынғанын атап өтті. Азаматтық қорғау саласы қызметкерлері үшін ең басты міндет – құтқару, көмектесу, қорғау, яғни, өзгенің өміріне үлкен жауапкершілікпен қарап, оны қауіптен аман алып қалу. Сол себепті де салаға ерекше назар аударылып отыр. Қала әкімдігі тарапынан азаматтық қорғау саласына жеткілікті қолдау көрсетілуде.
Қала әкімі, сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаменті ұсынған заманауи өрт сөндіру және авариялық-құтқару техникаларының көрмесін аралады.
«Азаматтық қорғау саласында қолданылатын заманауи техникамызды көрме барысында студенттерге таныстырдық. Аталған көрме жасөспірімдердің бұл мамандыққа қығушылық танытуына септігін тигізді деп ойлаймын»,- дейді қалалық ТЖД Жедел құтқару жасағы құтқару тобының басшысы Ербол Оспанов. Көрмеде техникалық жетістіктердің көрсетілімі ғана емес азаматтық қорғаныс мәдениетін насихаттау мен жастардың құтқарушы мамандығына деген қызығушылығын арттыруға арналған мағыналы шара болды.
«Жергілікті атқарушы органдардың тарапынан 38 өрт сөндіру техникасы берілді. Және де бюджеттен бізге 10 техника бөлініп, қазіргі таңда Шымкент қаласының Төтенше жағдайлар департаментінің техникалық қамтамасыз етілу жағдайы 100 пайыз толығып отыр. Одан басқа да қажетті құрал-саймандар берілді»,- дейді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Бекзат Қамбаров.
Айта кетейік, қалалық департаментте қазір мыңға жуық адам жұмыс істейді. 10 өрт сөндіру бекетінің мамандары мен жедел-құтқару жасағы жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, қала аумағының кеңеюіне байланысты қауіпсіздікті жақсарту, жаңа өрт сөндіру бекеттерін салу, жедел жәрдем мен полицияны біріктіретін заманауи көпфункционалды орталықтарды құруда жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, соңғы жылдары өртке қарсы сынақ зертханасы мен медициналық пункт ашылып, 43 жаңа құрал-жабдық сатып алынды. Құтқарушылардың дайындығын арттыру үшін спорт алаңы мен жаттығу алаңдары әзірленді.
Сонымен қатар, азаматтық қорғау қызметтерінің 30 жылдығына арналған бейнеролик көрсетілді. Салтанатты жиын одан әрі мерекекелік концертке ұласты.
Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қалыптасуы мен дамуы барысында азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттің ең басты міндеттерінің бірі болды. Осы бағытта айрықша миссия жүктелген құрылым – Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі. Мекеме биыл 30 жылдық мерейтойын атап өтуде. Бұл – ел қауіпсіздігін күзеткен мыңдаған құтқарушылар мен өрт сөндірушілердің, азаматтық қорғаныс қызметкерлерінің қажырлы еңбегіне берілген баға.
1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған арнайы қызмет күні бүгінге дейін халыққа қалтқысыз еңбек етіп келеді.Құтқарушылар азаматтық қорғанысының негізгі міндеттерін, құрылуы мен жұмыс iстеуінің ұйымдастырушылық қағидаттарын, мемлекеттік материалдық резерв қалыптастыруды, сақтауды және пайдалануды, апаттық құтқару қызметтері мен құралымдарының ұйымдастырылуы мен қызметін айқындайды.
ҚР «Азаматтық қорғау» заңы бойынша іс-шараларды жүргізу процесінде туындайтын қоғамдық қатынастарды реттейді әрі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларын алдын алуға және жоюға, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге, өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Құтқарушы мамандығының ең басты міндеті адамдар өмірін құтқару, ол жоғары және жауапты миссия. Олардың басты міндеті – халықтың бейбіт өмірін, тұрмыстағы, өндірістегі қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, апаттық жағдайға жол бермеу. Апат айтып келмейді. Тосыннан болған апат кезінде азамттарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Бұл іс кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек, машық, білім мен білік және тәжірибе керек. Әр өңірдегі департтаментте де жедел құтқару жасағы, өрт сөндіру, апаттық медицина, судан құтқару секілді бірнеше құрылым бар. Құтқарушыларға физикалық жағынан мықты әрі кәсіби маман болу жеткіліксіз. Өйткені, олардың тынымсыз қызметінде апат, зілзала, өрттен бөлек түрлі жағдайларда зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсетуге де тура келеді.
Төтенше жағдайлар қызметінің тарихы – ерлік пен адалдықтың тарихы. Уақыт талабына сай жаңарып, цифрлық жүйеге бет бұрған бұл құрылым бүгінгі таңда жоғары технология мен адам ерлігінің үйлесімін паш етуде. 30 жылдық белес – тек өткен жолды еске алу емес, алдағы биік мақсаттарға жетелейтін жаңа кезеңнің бастауы. Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдық тарихы – тәуелсіз Қазақстанның даму тарихымен біте қайнасып жатыр. Ол уақыт азаматтардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған үздіксіз еңбек, жанқиярлық пен жауапкершіліктің тарихы.
Мейрам қарсаңында барша аудандық Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлерінің отбасына амандық тілей отырып, жұмыстарыңыз жана берсін демекпіз.